Жаңа оқу маусымында М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған мектеп гимназиясының қосымша ғимараты пайдалануға беріледі. Қала әкімі Мұрат Әйтенов мұндағы құрылыс басына барып, жұмыс қарқынын бақылады.
Үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия қаламыздағы ең үздік мектептердің бірі. Қала орталығында орналасқан мектептегі оқушы санының көптігінен, әрі үш ауысымды мектеп қатарын болдырмау туралы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа қосымша корпустың құрылысы басталған болатын. Қазіргі уақытта құрылыстың 80% жұмысы аяқталды. 1 100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320–орындық асхана құрылысы жобаланған.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, нысандарды өндірістік кестеге сай аяқтап, үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.
Мектеп құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталып, жаңа оқу маусымына тапсырылған жағдайда, Шымкент қаласы еліміздегі үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген қалалардың қатарына енетін болады.
Бүгінде қалада 9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп- интернатының ғимараты жөндеуден өтеді.
4-шағынаудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған. Жобалық қуаттылығы 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Өндірістік кестеге сай ғимарат тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі.
Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады.
Қаладағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы білім беретін мектептің ғимараты да замана талабына сай жабдықталуда. Жаңаталап шағынауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Аумақта оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
ЖАҢА ОҚУ МАУСЫМЫНДА №8 МЕКТЕП ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ҚОСЫМША ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
