15 жылға жуық жөндеу көрмеген №1 қалалық клиникалық ауруханасына қазір жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін қала әкімі М. Әйтенов 520 төсек-орындық емдеу мекемесіндегі құрылыс барысын қадағалады. Қазіргі таңда ғимараттың К корпусының жұмыстары аяқталып келеді.
Жобада ғимараттың кәріз желісін, едені мен қабырғасын, жылу беру жүйелерін жаңалау қарастырылған. Сондай-ақ құрылысшылар ескірген есік-терезелерін толығымен ауыстырып, емдеу кабинеттерін заманауи үлгіде жасақтайды. Жобаға сәйкес осындай жұмыстар аурухананың А және Б корпустарына да атқарылатын болады. Өндірістік кестеге сай құрылыс келер жылдың қазан айында пайдалануға беріледі.
М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс сапасын жиі бақылап, ғимараттың науқастар үшін қолайлы жасақталуына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Қалада 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысын жүргізіп, 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда.
Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылды. Соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды.
5 мамыр күні №1 қалалық клиникалық ауруханасының базасында 200-ші бүйрек трансплантациясы өтті. Рецепиент 6 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұрып, гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Алдағы уақытта рецепиент қалыпты өміріне қайта оралады.
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов «Асар» шағын ауданындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында болып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Балалар ауруханасы жаңа туылған сәбиден бастап 18-жасқа дейінгі балаларға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек түрлерін көрсететін жалғыз көпсалалы аурухана. Аурухана базасында қажеттілік туындауына байланысты 2020 жылдан бастап жаңа профильдер яғни нейрохирургия, онкогематология, нефрология, урология, оториноларингология, эндокринология гастроэнтерология, бет-жақ хирургиясы, интервенция кардиологиясы, неонатальды хирургиясы ашылып қаланың барлық педиатриялық қызметі осында орталықтандырылды. Осыған байланысты жаңа ғимаратты қосқанда төсек орны 495-ке ұлғайды.
ШЫМКЕНТТЕ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАҒА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
