Шымкентте алдағы уақытта желатин өндірісі қалыптасатын болды. Жалпы Қазақстанда тамақ, косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіп кәсіпорындары өз өнімдерін өндіру үшін желатинді тек шетелден алдыртады. Сондықтан желатин еліміздің нарығында сұранысқа ие шикізаттың бірі.
Мемлекет басшысының «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында қаладағы «Бозарық» индустриялық аймағында желатин өндіретін зауыттың іргесі қаланады. Қытай инвесторларымен бірлесе қолға алынған жоба құны 4, 5 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылса 120 адам жұмыспен қамтылып, тәулігіне 20 тонна желатин өндірілмек.
Зауыт құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Айта кетейік, «Бозарық» индустриалдық аймағында 3-5 гектарды жерді алып жатқан жобаның жүзеге асырылуы мақсатында мұнда барлық қажетті инфрақұрылым қамтылған.
Шымкент қаласындағы «Бозарық» индустриялық аймағында инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Мердігерлер аймақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыруда.
Былтырғы жылдың қыркүйегінде басталған құрылыс биылға жылға өтпелі. Мұнда қуаттылығы 16 МВА 2 дана трансформатор, 35 кВ ашық тарату жабдықтары мен 10 кВ жабық тарату жабдықтары, 35 кВ кабель желісі орнатылуда. Жобаға сәйкес ағымдағы жылдың мамырында қуаттылығы 35/10 кВ құрайтын қосалқы станция пайдалануға беріледі.
"Оңтүстік"арнайы экономикалық аймағында мақта аралас және киім маталарын өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі 1 млрд. 980 млн. теңгені құрайды, шамамен 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Фабрика жобалық қуаттылығына сай жылына 4 млн. метр мата шығарады. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Дайын өнімдер ішкі нарыққа және экспортқа шығарылады.
Айта кетейік, "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы жобаларының жалпы құны 163,5 млрд.теңге болатын 56 жобадан тұрады, олар 5 582 жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде жалпы инвестиция сомасы 58,4 млрд. теңгеге 35 жоба іске асырылып, бұған дейін 2 507 жұмыс орны ашылды.
Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес. халықты жұмыспен қамтуды арттыра отырып, шағын бизнесті дамыту, сол арқылы экономика салаларын әртараптандырудың орта бизнес-драйверін қалыптастыру мүмкіндігіне ие боламыз.