Биыл Шымкентте бірқатар жекеменшік мектептердің құрылысы жүргізілуде. Жаңа білім ошақтары Сайрам, Базарқапқа тұрғын алаптары мен Нұрсат шағынауданында бой көтеруде. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Сайрам тұғын алабындағы «Астана» және Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерінің құрылысын тексерді.
"Астана" мектебінің 2 мың орындық білім ғимараты 3 қабаттан тұрады. Мұнда құрылыс наурыз айында басталған. Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі 3 мың орынға лайықталған. 3 қабатты ғимарат заманауи үлгіде бой көтеруде.
Екі нысанда да қазір ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылып, аулалары абаттандырылуда.
Орындалған жұмыстардың көлемі 90- 95%. Озық үлгіде салынған білім ошақтары қыркүйекте оқушыларға есіктерін айқара ашатын болады.
Жеке мектептер бала саны жыл санап артып келе жатқан елдімекендердегі мектептердің жүктемесін азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен оқушылар қауіпсіздігін қамтып, өскелең ұрпақтың жайлы жағдайда білім алуына қажетті шаралардың барлығын ескеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы жаңа мектеп құрылысы үшін 1 оқушыға жылына 96 АЕК, мектепті реконструкциялау үшін 1 оқушыға жылына 47 АЕК мөлшерінде субсидия төленеді. Бұл төлем түрі 8 жыл көлемінде жүргізіледі. Ал, жан басына шаққандағы норматив бойынша - бір оқушыға жылына орта есеппен 590 000 теңге субсидия төленеді. Бұл төлем мектеп жұмыс істеп тұрған барлық уақытта жүргізіледі.
Яғни, кәсіпкер жаңа жекеменшік мектепте 8 жыл ішінде бір оқушы үшін 2 649 600 теңге және жан басына шаққандағы норматив бойынша бір оқушыға 4 720 000 теңге қаржылық көмек ала алады.
Сонымен қатар, кәсіпкер ғимаратты жекеменшік мектепке реконструкциялау үшін 8 жыл ішінде бір оқушыға 1 297 200 теңге және бұған қоса бір оқушыға 4 720 000 теңге жан басына шаққандағы норматив төленеді.
Мысалы 100 орындық жекеменшік мектеп салу кезінде мемлекет 8 жыл ішінде кәсіпкерге ғимараттың амортизациясы үшін 264 млн. 960 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн. теңге төлейді.
100 орындық жекеменшік мектепті реконструкциялау кезінде мемлекет 8 жыл ішінде кәсіпкерге ғимараттың амортизациясы үшін 129 млн. 720 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн. теңге төлейді.
Бұл ретте, мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін объект кәсіпкердің меншігінде қалады.
ШЫМКЕНТТЕ 4 ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
