12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Базар жастар лигасы» турнирі басталды. Турнир – екі кезеңді қамтиды. Бірінші кезең - ұлдар арасында футболдан, екінші кезең - қыздар арасында волейболдан өтеді.
Турнирдің мақсаты – базар және сауда орындарындағы жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жастар арасында бұқаралық спортты насихаттау.
Базар жастары лигасына қала аумағындағы базарлар мен сауда орындарынан 200-ге жуық өтінім түсіп, ережеге сәйкес, 160 жастан тұратын 16 команда жасақталды. Атап айтқанда Барыс, Тұлпар, Авто-Нұр, Айна, Жібек жолы, Алаш, Акбар, Көне қала, Пионер, Орталық қырғы базарлары және Технодом, Evrika, Магнум, Мечта, Sulpak, Север сауда орталықтары командаларынан құралған.
«Базар жастар лигасы» турнирі қатысушыларының ептілігін Дене шынықтыру және спорт басқармасынан бекітілген 4 төреші сарапқа салады.
“Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Мағжан Исахов турнирдің ашылу рәсіміне қатысып, барша жас буынды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, турнирге қатысушы жастарға лебізін жеткізді. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанған жастардың жұмысына сәттілік тіледі.
Ұлдар арасында апта бойына жалғасқан турнир - 11 тамыз күні аяқталып, марапаттау рәсімі өтеді.
Турнир ережесі негізінде ұлдар арасында I-орын, II-орын және III-орын иегерлері анықталып, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысы атынан арнайы диплом мен жеңімпаз командаға кубок табысталды.
1 орын – 10 – планшет.
2 орын – 10 – смартфон.
3 орын – 10 – велосипед.
Айта кетейік, турнирдің екінші кезеңі 14 тамыз күні қыздар арасында волейболдан өтетін болады.
Сонымен қатар, мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны», 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5% несие жөнінде де толыққанды мағлұматтар айтылды.
2025 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 100 мың бірлікке дейін, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар санын 190 мың адамға дейін, өңірлік өнімдегі үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
ШЫМКЕНТТЕ “БАЗАР ЖАСТАРЫ ЛИГАСЫ” БАСТАЛДЫ
