Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен ауданда ұялы байланыс пен мобильді интернет және талшықты-оптикалық желілермен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өтті.
Жиынға Цифрландыру және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекомуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Е.Тоқтағұлов, облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Сүлейменов және аудандық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясының Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы Қ.Қыстаубаев, облыстық цифрландыру мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының бас маманы Ш.Еркебек, «Транстелеком» АҚ Түркістан облысы филиалының басшысы Д.Орманов, «Қазақтелеком» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі, «Кселл», «Теле-2», «Билайн» ұялы байланыс операторларының өкілдері қатысты.
Жиын барысында аудан аумағындағы елді мекендерді интернетпен қамту және байланысты реттеуге қатысты мәселелер талқыланды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Парламент палаталарыныңбірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында халық саны 250-ден жоғары болатын ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда интернет халықтың негізгі байланыс арнасына айналды, ол сондай-ақ электрондық сауда, онлайн – оқу, электрондық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау жүйесі, қаржы және экономиканың басқа да салаларында маңызды құрал болып отыр. Ауданда ұялы байланыс және мобильді интернет сапасы өте төмен. Халық санының өсіміне байланысты ұялы байланыспен қамту аймағын кеңейтіп, жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту қажеттілігі туындауда. Біз осы бағытты дамытуға назар аударуымыз керек,-деді аудан басшысы.
Жиында өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Е.Тоқтағұлов байланыс операторларына өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы жүргізуді тапсырды. Жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеген жағдайда инспекция тарапынан қажетті шаралар қолданылатындығын ескертті.