Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қалалық Мәдениет үйінде Арыс қаласының тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Бұған дейін, 6 ауылдық округте болып, ондағы өзекті мәселелерді талқылаған әкім, Арыс тұрғындарына қорытынды есеп берді.
Арыс қаласында білім саласында жағымды жаңалықтар көп. Биыл Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде «Тараз» тұрғын ауданынан 600 орындық мектеп құрылысы басталды. Келесі жылы дәл осы бағдарлама шеңберінде «Наурыз» тұрғын ауданынан 900 орындық мектеп салынады.
Бұдан бөлек, Отырар тұрғын ауданынан 600 орындық мектептің, және И.Журба мектебінде 300 орындық қосымша корпустардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер есебінен Онтам тұрғын ауданынан 150 орындық, Арыс қаласы Төлеби көшесінен 300 орындық, Алатау тұрғын ауданынан 600 орындық мектеп салынады.
«Жалпы, алдағы жылдарда жаңадан 6 мектеп пен 5 балабақша ашылады деп жоспарлануда. Осылайша, 3700-ден астам оқушыға жағдай жасалады», — деді Гүлжан Мамытқызы.
Жалпы биыл, қала мен ауылдарда оқитын бастауыш 1-4 сынып оқушылар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, жиында ауыз су жүйелерін жаңарту, инфрақұрылымды дамыту, қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізу мәселелеріне жеке тоқталып өтті.
Атап айтқанда, қазіргі таңда Арыс қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында:
- Арыс қаласына дейінгі суаққы құрылысы;
- Саяжай-1, Саяжай-2, Саяжай-3 тұрғын ауданының ауыз су жүйесінің құрылысы;
- Көктем-1, Көктем-2 тұрғын ауданында су мұнарасы мен су сорғы станциясының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кететін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы халық пен биліктін арасын жақындата отырып, халықтың мұң мұқтажын тиісті дәрежеде орындау.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек.
Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін» деп айтып өткен болатын.
Айта кететін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
Ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. «Listening State» («Құлақ асатын/еститін мемлекет») — бұл үкіметтің азаматтармен өзара әрекеттесу, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну бойынша белсенді күш-жігеріне баса назар аударатын мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі ақпаратты жай ғана тарату немесе «жоғарыдан төменге» саясатын жүзеге асыруға қарағанда, тиімді басқару бұдан да көп нәрсені қажет ететінін көрсетеді. Яғни кері байланыс, идеялар мен қоғамдық пікірді белсенді іздеудің маңызын мойындайды. Бұған қол жеткізуге жәрдемдесетін түрлі құралдар бар: қоғаммен кеңесу, сауалнамалар, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» Үкімет азаматтарға ойларымен, идеяларымен және пікірлерімен алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар ұсынады. Бұл сандық платформалар және қоғамдық жиналыстар сияқты құралдар арқылы немесе т.б. жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қолдануды жеке үрдіс деп атауға болады. Мемлекеттік органдар жедел хабар алмасу құралдарын пайдаланады, чат боттарын жасайды. Жергілікті атқарушы органдар өтініштерді қарау мен азаматтарды қабылдауды бір жерде жүргізген жағдайда қызмет көрсету «кедергісіз орта» қағидаттары бойынша «ашық қабылдау» арқылы жұмыс істейді.