Келес ауданына қарасты Ащыкөл ауылындағы №62 Н.Шойбеков атындағы жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Феруза Шаншарова «Тәлімгер» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Авторлық бағдарлама жазудың әдістемесі тақырыбында тренерлік» курсын 1 ай көлемінде оқып, 8-сынып математика пәнінен «Мәтінді есептерді шешу» тақырыбында Авторлық бағдарлама жазған. Ол бұл жұмысты оқу жылының жазғы демалыс уақытында жеке ізденісінің арқасында жасақтаған.
- Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан №62 Н.Шойбеков атындағы жалпы орта мектепте математика пәні мұғалімі болып 25 жылдан бері жұмыс істеймін. Категориям – сарапшы мұғалім. 2024 жылы көктемде категориядан қайта өтетін болған соң, жазда жеке ізденісімнің нәтижесінде «Авторлық бағдарлама жазудың әдістемесі тақырыбында тренерлік» курсының сертификатына ие болдым. Сол курсты оқып жүргенде «Тәлімгер» ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Медет Қондыбайдан Түркия елінде өтетін семинарға қатысуға ұсыныс алдым. Семинар Ыстамбул қаласындағы «Gelisim» университетінде өтті, тақырыбы «Etkili Iletisim» яғни, «Тиімді оқыту» - деген мағынаны береді. Семинарды PSD Доктор Чагла Илхом өтті. Алған әсерім өте күшті, әрі пайдалы болды, - дейді Феруза Абдумаликқызы.
Өмірінің ширек ғасырын ұстаздық жолға арнаған Феруза Абдумаликқызы шет мемлекеттегі семинардың арқасында жаңа достар арттырып, жастармен пікірлесіп, тәжірибе жинақтағанын жеткізді.
- Түркиядағы сапарымыз өзінің сондай жылылығымен, шынайылығымен ерекше болды. Себебі, тобымыздың жартысы жастар, жас педагогтар, ал жартысы «әдемі жастағы» тәжірибелі (қай жағынан алсақ та) мен сияқты әріптестер болды. Жастар бізді өмірге, жұмысқа жаңаша көзқарастарымен өзгертті дей аламын. Жылдам ойлау, шешім қабылдау, өз еңбегіңді бағалау, тіпті әдемі киіну жалғастыра беруге болады. Жаңа форматтағы жас мұғалімдермен пікірлесу «Босфор» бұғазының жағасында тұрып өз тәжірибең жайлы ойлану, болашаққа бағдар жасау керемет әсер сыйлады, - деген мектеп мұғалімі Түркия елінде өткен семинар арқылы өмірге, жұмысқа жаңаша көзқарас қалыптастырғанын атап өтті.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл - еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет екендігіне назар аудартты:
«Осы жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет білім саласын өркендетуге әрдайым баса мән береді. Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай оқу орындары көптеп салынуда. Арнайы заң қабылданып, педагогтардың мәртебесі құқықтық жағынан реттелді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бас назар аударылып жатыр. Осындай қолдау іс-шаралары болашақта да жалғаса береді».
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отыр.
«Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы" жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды.
Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. "Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді.