Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім сапасын күшейтуде озық тәжірибелерді сараптап енгізу мен облыста салынатын «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына мазмұн тұрғысынан дайындығын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы ретте Түркістан облысының делегациясы Жапония еліне іссапармен барды.
І кезеңдегі іссапарда облыстың 15 қызметкері жұмыс жүргізуде. Оқыту семинары жапон білім беру сарапшыларының шебер сыныптарына қатысып, мектептеріне барып сабақты зерттеуді бақылау және зерттеу процесіне ену мақсатын көздейді. Оқыту семинары Жапонияның Білім министрлігінің білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Токиодағы оқу семинарының жұмыс жоспарына сәйкес бірінші күні делегаттар қазіргі жапон білім беру жүйесінің қалыптасу тарихымен танысты. Уаседа университетінің профессоры Юмико Оно жұмыс тобын жапон мектептеріндегі оқыту әдістемесімен таныстырды. Халықаралық семинардың екінші күнінің бағдарламасы бойынша Иокоһамада орналасқан мектеп базасында жұмыс жүрді. Делегаттар Lesson study әдістемесі бойынша 3 және 6-сыныптардағы кіріктірілген оқытудағы зерттеу сабақтарына еніп, сонымен қатар жапон мұғалімдерінің зерттеу топтарының жұмысына және сабақтарына қатысты.
Өңір делегациясы жапон білім мазмұны мен білім беру әдістемесін ғана емес, әкімшілік басқару, педагогикалық ұжымдық мәдениет, педагогтың кәсіби даму құлшынысы мен траекториясы, оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру, тіпті шаруашылық сұрақтарына да жауап алды.
Семинар жұмыстары осы апта соңына дейін жалғасатын болады. Т.Шишибо профессордың лекциясы мен мектептердегі зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетерлігі, Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында білім беру байланысы орнатылып, бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісілді.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев оқушылардың лайықты білім алуы үшін барынша жақсы жағдай жасауды тапсырды. Алдымен, үш ауысымдық мектептер болмауы қажет. Себебі ол білім сапасына кері әсер етеді. Осы тұста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асатын болады. «Жайлы мектеп» – жай мектеп емес. Аты айтып тұрғандай бала үшін жайлы жағдай жасалуы шарт. Спортзалдары үлкен, асханалары да кең, бөлек, бастауыш сынып пен жоғары орта және жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды, оған қоса заманауи үлгіде жабдықталған сыныптарда білім алады.
Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобалар форматына көшіріледі. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы осы мақсатта жаңа жоспарларды жүзеге асырады. Төрт бағыттан тұратын ұлттық жоба ауыл мен қала мектептеріндегі арақашықтықты азайту, білім сапасын арттыру, техникалық, кәсіптік білім алушыларға қолдау көрсету, өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыталған.
Қазіргі таңда аталған жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жолға қойылды. Барлық білім ошақтарына бейнебақылау камералары орнатылды. Тіпті кейбір мектептерде Face ID-сіз ішке кіру мүмкін емес. Яғни, бет-бейнесі жүйеге енгізілген оқушы мен ұстаз ғана мектепке кіре алады. Бұл бөгде адамдардан қорғануға арналған.
Соңғы жылдары мұғалім мәртебесінің артып, мерейі көтерілуі үшін барынша игі істер жүзеге асты. Соның ең маңыздысы «Педагог мәртебесі туралы» заң. Жаңа заңның мүмкіндіктері мұғалімнің жеке дамуына және оқу үдерісін жетілдіріп, оның алаңсыз білім беруіне орай қарастырылған. Осының арқасында педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді. Қағазбастылық азайды. Педагог міндетіне кірмейтін іс-шаралардан босатылды. Аталған нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.
Айта кетейік, бірыңғай ақпараттық есептеу пилоттық жобасы Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының білім беру ұйымдарында іске асырылады.
Жоба аясында білім беру ұйымдарының процесін автоматтандыру, бюджеттік өтінімдерін ұсынудың қадамдық тәртібін құқықтық реттеу, ақпараттық жүйені Ұлттық білім беру деректер қорымен біріктіру, жергілікті мемлекеттік аудит органдарына ақпараттық жүйеге қолжетімділік беру, сәйкес келмейтін жеке деректерді енгізу тәуекелдерін алып тастау, Ұлттық тестілеу орталығының сертификаттары туралы деректер қорымен біріктіру, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмысқа келуін биометриялық сәйкестендіруді пайдаланумен бақылауды автоматтандыру және білім беру саласы қызметкерлерінің жұмыс уақытын есепке алу табелін автоматты түрде қалыптастыру үшін ақпараттық жүйені қызметкерлердің жұмысқа келуін бақылау жүйесімен біріктіру және басқа да жұмыстар жүргізіледі.