ORDABASY: «ҰЛЫ - ОРДА» МЕКТЕБІ ЖАС ҰРПАҚТЫ БІЛІМ, ҒЫЛЫМҒА ҮЙРЕТЕДІ

ORDABASY: «ҰЛЫ - ОРДА» МЕКТЕБІ ЖАС ҰРПАҚТЫ БІЛІМ, ҒЫЛЫМҒА ҮЙРЕТЕДІ

Айтулы мереке – Республика күніне орай Бадам ауылдық округі, Орда мөлтек ауданында жекеменшік «Ұл - Орда» мектебінің ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық Мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ұстаздар қауымы қатысып, білім беру мекемесінің жұмысына сәттілік тіледі.
«Өздеріңізге мәлім, ауданымызда жалпы 70 мектеп болса, оның 4-і жекеменшік білім беру мекемесі. Жаңадан ел игілігіне берілген бұл ғимарат сол жекеменшік мектердің қатарын көбейтуде. Әсіресе оқу үшін балаларын орталыққа тасымалдайтын ата-аналар үшін үлкен қуаныш деп айтуға болады. Осы орайда «Ұлы - Орда» мектебінде білім алған жасөспірімдер мемлекеттік ұлы мұрат жолында еңбек ететін азамат болсын», деді Азат Әбдіғалиұлы құттықтауында.
Мерекелік құттықтаудан соң аудан басшысы заманауи мектептің лентасын қиып, ауыл азаматтарымен бірге мектептің оқу ғимаратын, техникалық базасын аралап көрді.
Айта кетерлігі, білім саласын қолдау бағытында ауданымызда «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін 5 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның біреуі Орда мөлтек ауданынан бой көтермек.
Айта кететін, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев оқушылардың лайықты білім алуы үшін барынша жақсы жағдай жасауды тапсырды. Алдымен, үш ауысымдық мектептер болмауы қажет. Себебі ол білім сапасына кері әсер етеді. Осы тұста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асатын болады. «Жайлы мектеп» – жай мектеп емес. Аты айтып тұрғандай бала үшін жайлы жағдай жасалуы шарт. Спортзалдары үлкен, асханалары да кең, бөлек, бастауыш сынып пен жоғары орта және жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды, оған қоса заманауи үлгіде жабдықталған сыныптарда білім алады.
Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобалар форматына көшіріледі. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы осы мақсатта жаңа жоспарларды жүзеге асырады. Төрт бағыттан тұратын ұлттық жоба ауыл мен қала мектептеріндегі арақашықтықты азайту, білім сапасын арттыру, техникалық, кәсіптік білім алушыларға қолдау көрсету, өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыталған.
Қазіргі таңда аталған жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жолға қойылды. Барлық білім ошақтарына бейнебақылау камералары орнатылды. Тіпті кейбір мектептерде Face ID-сіз ішке кіру мүмкін емес. Яғни, бет-бейнесі жүйеге енгізілген оқушы мен ұстаз ғана мектепке кіре алады. Бұл бөгде адамдардан қорғануға арналған.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.
Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.
Жүйелі әрі жедел жұмыс нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде.
«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 49 000 орын) іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді.
Жиында мектеп құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын баяу жүргізіп жатқан аудан әкімдеріне сын-ескертпе айтылды. Жұмысты жеделдету жөнінде тапсырма берілді.
Облыста екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады.
Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылысы биылға жоспарланған 29 мектептің 27-сінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелері анықталды. Қалған 2 мектебі бойынша сатып алу конкурсы өткізілуде. Қорытындысы биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, өңірімізде бұл жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптар үшін жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Аталған мектептерді салуға беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге, жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Мұндай мектептер облысымыздағы халық көп шоғырланған аймақтарда салынады. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орынды деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ, мұндай мектептерде бастауыш сыныптар (9х18м) мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін (36х18м) бөлек-бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер қарастырылған.
Жақын арада компания мектептерді жобалау, салу бойынша да кешенді қызмет көрсетушілерді анықтайтын ашық конкурс өткізеді. Олар мектепті толық салып, дайын күйінде тапсыруы керек, кейін құрылыс аяқталғаннан кейін төлем алады.
Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлық сатып алу жалпыға қолжетімді онлайн платформада жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құрамына «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының өкілдері ғана емес, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі, әкімдіктер мен Оқу-ағарту министрлігінің тәуелсіз сарапшылары да кіреді.
Мониторингтің ақпараттық жүйесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмыс істейтін болады. Тікелей бейнетрансляция және құрылыс алаңдарының фоторепортаждары бар интерактив карта жасалады. Кез келген адам 401 жаңа мектептің құрылысын тәулік бойы бақылай алады. Жобалаушы және техникалық қадағалау есептері апта сайын жарияланады. Осылайша жұмыс барысына қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі.
Еліміздегі мектептер негізінен тәуелсіздік алғанға дейін салынған, көпшілігі ерекше балалар үшін өте қолайсыз. Жаңа мектептерді барлық оқушының қажеттілігін ескере отырып, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланды. Кедергісіз, ыңғайлы кеңістік: арнайы пандустар, лифтілер, дәретхана бөлмелері болады. Сондай-ақ, әрбір мектепте инклюзивті білім беру кабинеті болуы керек. Мұның бәрі балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне қажет алғышарттармен қамтамасыз етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және...