Түркістан облысында 2023 жылғы мемлекеттік қолдау шаралары аясында баспана кезегінде тұрған 70 мыңға жуық азамат тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға, сондай-ақ 2 мыңдай жеңілдетілген зайым жылжымайтын мүлікті сатып алуына мүмкіндіктер қарастырылуда. Сондай-ақ, биыл Түркістан облысында 73 үйдің іргесі тиісті жөндеуден өткізу бойынша қызметтер қарастырылған болатын. Қосымша 219 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 7 өңірден жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге өтінімдер келіп түскен. Бұл мақсатқа арналған қаражат бюджетті нақтылау шеңберінде айтылатын болады. Мемлекет басшысы биыл тұрғын үй мәселелерін шешуге арнайы тапсырмалар мен міндеттер жүктеген болатын. Яғни 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл шамамен 143 мыңнан артық баспана. 2023 жылғы баспана құрылысына бағытталатын жалпы инвестиция мөлшері де ұлғайып (16,8%-ға), 2,9 трлн теңгеге жетті. Дегенмен мемлекеттік инвестициялардың есебінен 10,5 мыңдай жеңілдетілген зайым беріліп, 17,3 мың пәтер салынды. Оның ішінде 7 мыңға жуық баспана жас мамандарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санаты бойынша кезекте тұрғандар мен көп балалы отбасыларға берілді.
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловке еліміздегі құрылыс және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға арналған ведомствоның былтырғы жұмыс нәтижесі мен алдағы жоспарларды таныстырған болатын. Ведомство басшысының сөзінше, 2022 жылы Қазақстанда жоспар бойынша 15,1 млн шаршы метр тұрғын үйді салу көзделіп, бірақ іс жүзінде оның көлемі 15,4 млн шаршы метрге дейін артқан. Демек тұтастай республикалық көрсеткіш 101,8%-ға орындалғаны байқалған.
Бұдан басқа Қазақстандық тұрғын үй компаниясының 158,5 млрд теңгеге облигациялық зайымдарды беру есебінен әкімдіктер 12,1 мыңдай пәтер көлемінде кредиттік тұрғын үй салу тиіс.
Баспана құрылысын дамыту үшін мемлекет жыл сайын инженерлік коммуникациялардың жаңа желілерін салуға басымдық беріп келе жатқаны мәлім. Мәселен, былтыр 116,4 млрд теңге бөлініп, 3,8 мың шақырымнан астам инженерлік желі тартылды. 2023 жылы жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырым инженерлік инфрақұрылымды салуға 80,5 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ жекеменшік құрылыс секторын дамыту мақсатында жеке тұрғын-үй құрылысына жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру өз жалғасын тауып жатыр.
Түркістан күн сайын құлпырып, жаңарудан жалықпай келеді. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен бой көтеруде. Осы мәселе төңірегінде аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында биылғы жоспар 855 мың шаршы метр болып белгіленген. Жыл басынан бері 191,4 мың шаршы метр, яғни 1332 пәтер пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 117 пайызға ұлғайғанын айта кетуге болады. Жалпы, Түркістан облыс орталығына айналған 2018 жылдан бергі жылдарға қарасақ, едәуір өсім байқаймыз. Биыл 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл шамамен 100-ден астам футбол алаңының көлеміне тең екен. Бұл туралы мәліметті Түркістан облысы Құрылыс басқармасының басшылығы атап өтті. «Бүгінде Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды. Осынау кезең аясында әкішілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта құрудан өтіп, өндірістік аймақ құрылды», – дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Кеңесханұлы. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында үш әкімшілік ғимарат, Конгресс холл, медиа орталық, Нұр-Сұлтан алаңы, спорт кешені, цифрлық кеңсе, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Оқушылар сарайы, стадион, бассейн, Жібек жолы саябағы, музыкалық және 900 орындық мектеп салынып, пайдалануға тапсырылған.
Ал рухани-мәдени орталығында Халықаралық университет, Драма театр, Ұлы дала елі, Яссауи мұражайы, Визит орталығы, Шығыс моншасы, Неке сарайы, Ғылыми-әмбебап кітапхана, Амфитеатр, Музыкалық фонтан, Керуен Сарай туристік кешені, Hampton by Hilton қонақ үйі нысандарының құрылысы жүріп, бүгінде олар жұртшылыққа қызмет көрсетіп отыр. Тұңғыш Президент саябағының және Қазақ хандығы мемориал кешенінің құрылысы таяу күндері аяқталып қалады деп күтілуде.
Одан бөлек, Б.Саттарханов даңғылы бойында 4 шақырым желілік саябақ салынған, 25 300 түп ағаш егіліп, 317 шағын архитектуралық нысандар орнатылған. Облыс орталығы Түркістан қаласында көз тартар көркем ғимараттардың көбейіп жатқаны рас. Rixos Turkistan, Hampton by Hilton Turkistan қонақ үйлері де — соңғы жылдары киелі шаһарға ағылып жатқан туристерге қызмет көрсету үшін салынған заманауи ғимараттар. Сондай-ақ сыйымдылығы 18 миллион текше метр (м/3) болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» су нысандары салынған.
Көне шаһардағы құрылыстар қарқыны әзір де толастап жатқан жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, 500 орындық жатақханасымен 700 орындық Дарын мектебі, ішкі істер органдарының ғимараттары, спорт кешендері бар есу каналы, жасанды көлдер және инженерлік инфрақұрылымдар қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ келешекте жалпы 4,8 миллион шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Серікжан Кеңесханұлы сонымен бірге жаңадан құрылған облыс орталығында барлық сала бойынша құрылыстың қызу екенін айтады. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем стансасы және Ана мен бала орталығы салынып пайдалануға берілген. Ал мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы бой көтермек. Қысқасын айтқанда, түркі жұртының рухани астанасы күн өткен сайын көркейіп келеді.
Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Негізі туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Шаһар төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мол мүмкіндік береді.