Еліміздің ғылыми тұрғыда дамуына облысымыздың қосқан үлесі орасан зор.
Облыстағы 12 мамандандырылған «Дарын» мектеп–интернаттарында жаратылыстану-математика бағытында 3600 оқушыға білім алуда. Ал республикада «Ең үздік 100 мектеп» қатарына Түркістан облысынан 11 мектеп ендірілген. Биыл «Азия-Тынық мұхиты» және «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиадасында 20 елдің арасында Түркістан облысының екі оқушысы жүлделі 3 орынға, сонымен қатар Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша Халықаралық олимпиадада Түркістан облысының командасы жүлделі орынға ие болды.
Қазіргі кезде білім саласы мен жоғары мектептерде нақты ғылымдарға көңіл бөлу нығайып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің 2022 жылғы 11 қаңтар күнгі отырысында «Гуманитарлық мамандыққа құмарлықтың заманы өтті, техникалық мамандықтарға басымдық беру керек» деген болатын. Демек, қазақстандық математика мектебі әрі қарай дамып, әлі де жаңа белестерді бағындыра береді деген сөз.
Еске салар болсақ, қыркүйек айында Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік Конгресінің ашылу салтанаты өткен болатын.
Әлемнің 20 мемлекетінен 400-ден астам математик ғалым бас қосқан ғылыми форум Түркі әлемінің математикалық қоғамы мен еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Түркістан облысы әкімдігі және Халықаралық қазақ-түрік университеті де жиынға қолдау білдірді.
Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік Конгресінің ашылу салтанатында облысы әкімі Дархан Сатыбалды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда бұл шараның мән-мағынасы зор екені, Конгрестің математика ғылымының дамуына тың серпін беретіні баяндалған.
Конгрестің негізгі мақсаты – ғалымдардың халықаралық байланысы мен ғылыми ынтымақтастығын кеңейту. Сонымен қатар математика ғылымының дамуы мен ақпараттық технологиялардың жетістіктерін ғылыми зерттеулерде және техника мен білім беруде кеңінен қолдану. Форумда математиканың ең негізгі 10 бағыты бойынша баяндама жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқaев өз Жолдaуында ғылым саласын дамыту туралы бірқатар тапсырма берді. Ол тапсырмалар мен бастамаларды құзырлы министрлік жүзеге асыруды қолға алған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқaев өзінің сайлауaлды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін жаңа өндіріс технологияларына бағытталатынын айтты. Осы тұрғыдa ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың мaңыздылығын атап өткен жөн. Сәтті коммерциялaндыру қосылған құнды aрттыруға, бизнестің және тұтacтай алғанда елдің бәcекеге қaбілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру есебінен технологиялық серпіліске кедергі келтіретін: ғалымдардың бизнес-құзыреттерінің болмауы, ғылым мен бизнестің әлсіз байланыстары, жеке қаржыландыруды іздеу проблемасы, өндіріске отандық инновацияларды енгізудің төмен деңгейі сияқты бірқатар негізгі проблеманы анықтады. Соның нәтижесінде өңірлерде өтініштер санының азаю үрдісі байқалатыны белгілі болды.
Сенсорлар жануарлардың дене температурасын, тіпті олардың қоршаған ортадағы күйзеліс деңгейі мен жылдамдығын қадағалауға мүмкіндік береді. Аталған әзірлеме көмегімен сирек кездесетін сүтқоректілердің өмір ұзақтығына әсер ететін қоныс аударуы туралы мәліметтер алынады.
2022 жылғы 3 қарашада жарияланған Elsevier ғылыми баспасының соңғы деректеріне сәйкес, Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастыратын «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%» (World's Top 2% Scientists) рейтингіне «Болашақ» бағдарламасының 3 түлегі кірді.
Стэнфорд университетінің зерттеушілері библиометриялық зерттеу негізінде жыл сайын әлемдегі үздік ғалымдардың рейтингін жасайды.
Зерттеу екі дерекқорды қамтиды. Бірінші рейтингте өз мансабында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар ұсынылса, екіншісінде - соңғы жылдағы жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар көрсетілген. Scopus базасындағы жарияланым белсенділігінің өсу қарқыны бойынша көш бастаған үміткерлер іріктелді.
2021 жылы жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған авторлардың және өз мансабында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдардың тізіміне ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ратбай Мырзақұлов кірді.
Еске салар болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізген болатын. Жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалды. Мемлекет басшысы қай заманда да дамудың басты кілті ғылым екенін атап өтті.
"Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе, қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ғылым мен технологияның өте қарқынды дамып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жеткен. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ғылым саласында біршама өзгеріс болғанын атап өтті. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады. Бірақ мұның бәрі жеткіліксіз. Ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр.
Мемлекет басшысы ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн деп санайды. Президент сондай-ақ уәкілетті органға жыл сайын докторантураға қабылданатындардың санын 5 мыңға дейін жеткізуді тапсырды. Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейту үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру міндетін жүктеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес, Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болатынын айтты. Жақында Ғылым академиясына Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.