Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, биыл Қазақстанда 15,1 млн шаршы метр немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр. «Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты аясында 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкінің несиелік бағдарламалары арқылы сатылатын 9,8 мың пәтер салынып жатыр. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен кезекте тұрған 5 мыңнан астам адам мен жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерін субсидиялаумен кезекте тұрған 70 мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», деді Қ.Өскенбаев.
Министр жалпы республикалық көрсеткішке қол жеткізу үшін өңірлерге тиісті жоспарлар жеткізіліп, олардың орындалуын қамтамасыз ету үшін әкімдіктер нақты нысандар мен оларды іске асыру мерзімдері көрсетілген жол карталарын бекіткенін атап өтті. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жеке құрылысты дамыту үшін 2021-2025 жылдарға жеке тұрғын үй салу үшін берілетін 235 мың жер учаскесін инженерлік коммуникациялармен қамту жоспарланған. Оның ішінде облыс орталықтарында, шағын қалаларда 125 мың жер учаскесі және ауылдық жерлерде 110 мың жер учаскесі қарастырылған. «Биыл 50 257 жер телімін инженерлік коммуникациялармен қамту бойынша 180 жоба іске асырылып жатыр. Инфрақұрылыммен қамтылатын жер учаскелерінің ең көп саны Түркістан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында орналасқан», деді ол.
Әкімдіктердің деректеріне сай бүгінде тұрғын үйге мұқтаж 613 мыңнан астам азамат кезекте тұр, олардың 222 мыңы – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. 70 мың адамның табысы бірінші ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, 51 мыңы – көп балалы отбасылар, 2 мыңы – жетім балалар, 10 мыңы – І және ІІ топтағы мүгедектер және 7 мыңы – мүгедек баласы бар отбасылар.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке тұрғын үй қорында тұрғын үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерінің тетігі әзірленді, тиісті қағидалар дайындалып, Отбасы банкі базасында цифрлы платформа іске қосылды. Бүгінде 25 мыңнан астам өтінім қабылданып, олардың 6 мыңға жуығы мақұлданды.
Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Осы бойынша тұрғынжайларының 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады, қалған 50%-ын алушы өз бетінше төлейді. Жалдау төлем мөлшерінің 50%-ын өтеу республикалық бюджеттен 80% және жергілікті бюджеттен 20% пропорциясы бойынша жабылады. Осыған орай республикалық бюджетте 40 млрд теңге мөлшерінде қажетті қаржыландыру көлемі көзделген. Отбасы банкіне қаржыландыру жоспарына сәйкес 3 млрд теңге аударылды. Өңірлердегі мәслихаттар қажетті 10 млрд теңгенің жергілікті бюджет шығыстары есебінен 3,7 млрд теңгені бекітті.
Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді, аталған заң жобасы бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Оның аясында тұрғын үй саясатын тұтастай реформалау және оны екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығара отырып, Отбасы банкін ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылады.
Сондай-ақ Отбасы банкінің базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланып отыр, ол санатына қарамастан республика аумағында тұрғын үйі жоқ барлық азаматты орталықтандырылған түрде есепке алуды жүзеге асырады. Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылмақ. «Бұл жаңашылдықтар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді», деді ИИДМ басшысы.
«Қалаларды кешенді салу стандарты» әдістемелік құжатының жобасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ғылыми сарапшылар әзірлеп, бекітті. Аталған жоба құрылысты жоспарлау кезінде жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытуды ескере отырып, тартымды және жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруға толық мүмкіндік береді.
Көптеген шағымға байланысты министрлік заңнамаға мынадай бірқатар түзету әзірледі: аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында қала құрылысы сараптамасын енгізу; құрылыстың барлық кезеңінде объектіге жоспарлы бақылау жүргізу және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының нысандарды пайдалануға қабылдауға қатысуы; пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеріс жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызметті құру.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, биылғы 6 айда холдинг тұрғын үй құрылысы саласында мынадай нәтижелерге қол жеткізді:
Облигацияларды сатып алу механизмі арқылы несиелік тұрғын үй салу бағыты бойынша әкімдіктер жалпы сомасы 126,4 млрд теңге қаражат ұсынды. Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін 162,2 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың облигациялары сатып алынбақ.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа жалпы сомасы 649,7 млрд теңгеге жеңілдікпен 38,9 мың қарыз берілді. Отбасы банкі жүйесінде 1,89 трлн теңгеге 2,39 млн келісімшарт жасалған.
Үлестік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша 589 мың шаршы метр тұрғын үй, жалпы сомасы 97 млрд теңгеге 15 жоба кепілдендірілді. Бұл 7 мың азаматтың салымдарын қорғауға мүмкіндік берді.
Жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 170 мың шаршы метр тұрғын үй жобасы мақұлданды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысын субсидиялау тетігі іске асырылуда. Бүгінде Отбасы банк 6 мыңнан астам өтінімді мақұлдады», деді Қ.Шарлапаев.
Өтінім беру процесі автоматтандырылған, otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық ЭЦҚ арқылы субсидиялауға өтінім бере алады. «Қазір қаралып жатқан өзгерістер әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс және ақылы қызмет көрсету туралы шарт бойынша кіріспен қатар табыс ретінде есептеліп отыр. Дәл осы себеппен бағдарламаның 1 мыңнан астам қатысушысының өтініші қабылданбады», деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы.
Осыған байланысты бүгінгі таңда тиісті құқықтық актілерге әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды табыс санатынан алып тастау бойынша өзгерістер енгізу мәселесі пысықталу үстінде. Бұл бұрын осы себеппен өтініштері қабылданбаған азаматтарға қайтадан өтінім беріп, субсидия алуына мүмкіндік береді.
Осы бағдарламаны іске асыру аясында қаражатты уақтылы аудару мақсатында жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Қостанай облысынан қаражат келіп түсті, бес өңірде (Нұр-Сұлтан қ., Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары) келісімдерге қол қойылды, сегіз өңірде (Алматы және Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстары) қаражатты аудару жөніндегі шартқа қол қойылуда, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында мәслихат сессиясы өтпеген.
Сонымен қатар Отбасы банк мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың тізімін жүргізу мақсатында «Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электронды базасы ақпараттық жүйесін әзірлеуде.