ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҮШ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҮШ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген.
Аталған жоба аясында Төлеби ауданында жаңадан 4 мектептің құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, Қосағашта – 300 орындық, Бірінші Мамырда – 900 орындық жаңа мектептердің жобалары ұсынылды. Келесі жылы үш мектеп пайдалануға берілсе, ал 2025 жылы бір мектептің құрылысын аяқтау межеленген.
Аудан басшысы Төлеген Телғараев Киелітас ауылдық округі Достық елді мекенінде құрылысы басталған нысанның жұмысымен танысып, мердігер өкілдеріне сапалы және уақытылы орындалуын міндеттеді. 900 орындықты білім ордасының құрылысын мердігер «Умирзак» ЖШС жүргізіп жатыр. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
3.0 га аумақты құрайтын мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.
Қазіргі таңда мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Мұнда қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықталатын болады. Аудандағы «Жайлы мектеп» жобасы толығымен жүзеге асқан жағдайда жаңа форматтағы мектептегі оқушылардың білім алуына толық мүмкіндік жасалып, білім сапасы артады деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында мектептердің құрылысы биылдан басталған болатын.
Жоба оқу орындарының жетіспеушілігі мәселесін жүйелі түрде шешуге, апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға бағытталған. Ол 2025 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептерді пайдалануға беруді көздейді. Жаңа жайлы мектептердің тұжырымдамалық айырмашылығы – бірыңғай құрылыс стандартын сақтау, балалардың қауіпсіздік шараларын арттыру, пәндік кабинеттермен және зертханалармен толық жарақтандыру, 1-4 сынып оқушылары мен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек оқу блоктары мен спорт залдарының болуы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлар және тағы басқалар болады. 
Бұл жаңалықтың барлығы балалардың дағдылары мен құзыреттерін жан-жақты дамытуға бағытталған. Мектеп нысандарын салу және іске қосу процесінде 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бес климаттық аймақ үшін мектеп жобаларының жеті түрі бойынша (300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орын) форэскиздер (тұжырымдамалар) әзірленді және ҚР ОАМ келісуге жіберілген болатын.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің үлгілік жобаларын Банкке қосу жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) кейіннен енгізу жобаларын қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өндіріс мерзімі қысқарады, құрылыс пен өндіріс процесі жеделдетіледі. Типтік дизайн заманауи технологиялық және инженерлік шешімдерді ағынға қоюға мүмкіндік береді.
Соңғы 20 жылда елімізде 1 мыңнан астам мектеп салынған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдар­ламасында алдағы бірнеше жылда 1,5 млн оқушы орнымен қамтамасыз етуді тапсырды. Жоғарыда айтқанымыздай, оның 842 мыңы «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін таппақ.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде, екі жылдан кейін елі­мізде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын да ұмытпайық.
Айтпақшы, ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қа­жетті жиһаздардың 95 пайызын отан­дық өндірушілер дайындайды. Құрал-жаб­дық­тардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материал­дарының 65 пайызы отан­дық өнімнен тұрады. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айырықша болмақ.
2025 жылға дейін жаңа тұрпаттағы заманауи мектептер дер кезінде салынып, пайдалануға берілмесе алдағы екі жылда бір миллион екі жүз мың оқушыға мектептерде орын жетіспеу мүмкіндігі болжанды.
Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр. Түркістан облысында жалпы орта білім беретін 910 (10 жеке меншік) ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 97 бастауыш, 57 негізгі, 756 орта мектеп. 78 қалада, 832-ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтты.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айыр­машылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың...