Төлеби аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Ленгір қаласындағы №4 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте ауданның ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған оқыту семинары өтті.
Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдау, сындарлы көзқарас қалыптастыру, білім алушылардың пәнге, тіл меңгеруге қызығушылығын арттыруды көздейтін, оқытудың заманауи технологияларын қолдануды үйрету мақсатында «Мұғалім ролінің маңыздылығы. Білім беруде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану» тақырыбында өткен аталмыш семинарға әйгілі Оксфорд университетінің лекторы Эстра Эзиджи қатысты.
Семинарға қатысушылар лектордың жаңашылдығымен ерекшеленетін методикасымен танысты. Лектор сабақ жоспарын құру, жаңа технологияларды қолдану, осы технологиялардың тиімділігі, білім беруде нені ескеру керектігі, жетістіктерге қалай жетуге болатыны туралы ой-тәжірибесімен бөлісті. Мұғалім жұмысын жеңілдету бағытында жасанды интеллектіні, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тиімді қолданудың бірнеше жолын ұсынды. Түрлі қосымшалардың пайдасы жайында сөз қозғады.
Ал білім бөлімінің әдіскері Салтанат Бакирова педагогтарды білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеуге қатысты соңғы жаңалықтардан хабардар етіп, мұғалімдермен қызықты сұхбат құрды.
Сонымен қоса, бірқатар әдіс-тәсіл іс жүзінде кері байланыс орнатылып, ұстаздар өзара пікір таластырды. Оларға семинар соңында сертификат табыс етілді. Қатысушылар семинардан алған әсерлерін бір-бірімен бөлісті.
Еске салар болсақ, биылғы жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткен болатын.
Жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалды. Мемлекет басшысы қай заманда да дамудың басты кілті ғылым екенін атап өтті.
– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе, қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кететін, қазір елімізде өркениет көшінен қалмай білім мен ғылым саласын дамытуға баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында соңғы жылдары бірқатар өзгеріс орын алды. Атап айтсақ, ғалымдардың жалақысы, жас ғалымдарды қолдау шаралары көбейді, сондай-ақ отандық ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де артты.
Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 396 ұйым бар.
Еске салар болсақ, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын айқындау мәселесі қаралған болатын.
Жалпы, белгіленген басымдықтар шеңберінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, топырақ сапасын сақтау, энергетикалық қауіпсіздікті (соның ішінде жылу энергиясын) қамтамасыз ету, парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын көздерді дамыту мәселелеріне назар аударылады.
Сонымен қатар құрылыс, машина жасау, өнеркәсіп, көлік технологиялары, робототехника, жасанды интеллект, жаңа материалдар жасау, телекоммуникация, медицина, фармацевтика, мал шаруашылығы, егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатын өңдеу және сақтау, тамақ өнімдерін өндіру және т.б. салаларында зерттеулерді қолдау жоспарланып отыр. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер де қарастырылған.