Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Франция Президенті Эммануэль Макрон кездесуінде Қазақстанда халықаралық (француз) мектептерін ашу және білім беру ұйымдарында француз тілін оқыту бойынша келісімге қол қойылған болатын.
Осы бағытта Кентау қалалық білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясында француз тілін оқыту көп жылдан жолға қойылған. Білім беретін мекеменің 5-9 сынып аралығындағы 568 оқушы француз тілінен жақсы нәтижие көрсетіп жүр. Француз тілінен дәріс беретін педагогтер Калиева Рано Мухамедовна және Шарипова Аида Азимхановна білікті де, тәжірибиелі ұстаздар.
Бұл сөз жоқ, отандық білім беру саласының даму бағытында тағы бір қадам жасауы деп білеміз. Алдағы уақытта біздің педагогтеріміз үшін тәжірибе алмасу мен кәсіби өсу мүмкіндігі зор болмақ. Сондай-ақ, еуропалық кеңістіктегі жоғары оқу орындарына оқушылар үшін жол ашылады. Бұл отандық еңбек нарығы үшін кәсіби білгір мамандарды даярлаудың тиімді мүмкіндігінің алғышарттары.
Мысалы, шет тілінде ауызекі сөйлеп үйрену үшін 1500-2000 сөзден тұратын лексикалық қор жеткілікті деп жатады. Бірақ бұл – қарапайым тұрмыстық деңгейдегі сұранысты ғана өтейтін мөлшер. Былайша айтқанда, қарабайыр тіршіліктің тілі. Ал адамның ойына түрткі болып, жаңаны тануға бастайтын рухани сұраныстарын өтеу үшін әдебиеттің ұланғайыр сөз айдыны қажет. Сондықтан «тілдегі сөздердің белгілі бір пайызы өз орнын босатып, жаңа сөздерге кезек беруі керек» емес. Тілдік қор толассыз толыға беруі керек. Тілдік жаңғырудың қайнар көзі тек ғылым мен өндіріс қана емес. Бейнелеу тілі ретіндегі белсенді қабілеттің дамуы ең алдымен әдебиетке байланысты.
Қазақ тілінің грамматикасы, фонетикасы, жалпы ғылыми тұрғыда барлық ішкі һәм сыртқы жүйесі әбден жетілген. Ол тіл теориялық және тәжірибелік қолданыста өзіндік сара жолын тапқан. Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміздің теориялық тұрғыда өзгертуге келмейтін қатаң һәм бұлжымас заңдары бар. Мұның сыртында тіліміздің орныққан ережелерін де өзгертуге болмайтынын баса айтуға тиіспіз.
Енді сол тіл саясатына қатысты мәселелерді жіліктеп көрсек. Әңгіменің тізгінін тіл саласы бойынша ең соңғы қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қарай бұрып көрелік. Бағдарлама «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп аталады.
Бұл бағдарламаның ауқымы өте кең. Бірақ, сол кең ауқымды бағдарламаны жүйелеу, бағдарламаның тұла-бойына қан жүгірту ісі қолға алынбай келеді. Тіл саясатын реформалау үшін заңдық-құқықтық тұрғыда талап қою тітігі қарастырылмаған. Бізде әр азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Сөйте тұра кей мемлекеттік қызметкердің өзі мемлекеттік тілді білмейтін фактілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды былай қойып, тілді жете білмейтін мемлекеттік қызметкерлер жетерлік. Яғни, заң болғанымен талап ету тетігі мүлдем қарастырылмаған. Бұл – бір.
Қазақстанда жүз елуге жуық этнос өкілдері тұрады. Оларға қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін мойындату, насихатау жұмысы кенжелеп қалған. Басқа этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді білмей-ақ еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Яғни, Қазақстан атты бір бұлақтан су ішіп отырған ағайын мемлекеттік тілді үйренуді өзіне парыз санамайды. Мемлекеттік тілді білу әр азаматтың патриоттығын білдіретін нышанға айналмай, осы бағытта идеологиялық насихат жүрмей біз айтып отырған реформа жасалмайды.
Тәуелсіздік алғалы мемлекеттік тілге қатысты шараларды қаржылық қолдау ісі біржақты ғана жүріп келеді. Мемлекет жылына мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге миллиондап қаржы бөледі. Бұл жұмыс жалпы Отандық ортақ іске айналуы қажет. Еліміздегі ұлттық компаниялар, ірі кәсіпорындар, жеке бизнесмендер, түрлі үкіметтік емес ұйымдары, т.б мемлекеттік тілді дамытуға сөз жүзінде ғана емес, қаржылай да қолдау көрсететін жүйе қалыптастыруымыз қажет. Еліміздегі барлық сала саналы түрде тіл саясатының дұрыс жүруіне мүдделі болғанда ғана реформа жасалады және нақты нәтижелерге қол жеткіземіз.
Тіл саясатына қатысты жұмыстар жүйесіз жасалуда. Нақты жоспар, нақты алға қойған мақсат жоқ. Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағдарламасында қанша жылда қанша адамның мемлекеттік тілді үйренуі керектігі анық көрсетілуі тиіс. Және ол жоспар орындалды ма, жоқ па, бәрі тексеріліп отыруы тиіс. Егер де бөлінген қаржы дұрыс игерілмесе, сала мамандары нақты мақсатына қол жеткізе алмаса, заң алдында жауап беруі қажет.
Тіл саясатына қатысты реформаны жедел жасауға тіл туралы заңымыз кедергі болып отырғанын айтпай кетуге болмайды. Тіл заңының ескіріп кеткендігі туралы баспасөз беттерінде жиі айтылып жүр. Тілге қатысты заңдардың бәрі де ертеректе қабылданды. Ол заңдарды жазған азаматтар сол кезеңдегі демографиялық ахуалымызбен санасуға тура келгені жасырын емес. Қазақстан мемлекетіндегі қазақ ұлтының үлес салмағы аз, қазақ тілінің жайы мәз болмағандықтан орыс тіліне басымдық берілді. Қазір ол басымдық «ресми тіл» деген атаумен қазақ тілінің аяғына тұсау болып отыр. Біз осылай орыс тілін екінші мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріп жібердік. Барлық салада қазақ тілі мен орыс тілінің тең қолданылуы қазақ тіліне деген сұранысты азайтып жіберді. Бұл жағдай таза қазақ тілді қауымның және мемлекеттік тілді білетін 82 пайыз халықтың құқығын аяқ асты етуде.
Тіл – қарым-қатынас құралы. Ол мемлекеттің саясатында да, қоғамда да біреу ғана болуы тиіс. Мемлекет – біреу. Оның тілі де, тілдік ортасы да ортақ болмай, бір идеологияға ұйысу мүмкін емес. Осыны терең түсінер кез жетті.