ДАРХАН САТЫБАЛДЫ МЕРДІГЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ҚАТАҢ СЫНҒА АЛДЫ

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ МЕРДІГЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ҚАТАҢ СЫНҒА АЛДЫ

Түркістан қаласында құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Құрылыс барысы мен сапасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Облыс басшысы кезекті рет Түркістан қаласындағы нысандарда болып, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Жұмысты қадағалады.
Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Облыс әкімі құрылысты тездетуді тапсырды. Жауапсыз мердігерлердің жұмысына шектеу қойылады. Жауапты басшыларға бұл мәселені жіті қадағалауға алуды жүктеді.
Облыс басшысы әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй кешенінде болып, құрылыс сапасын көрді. Тиісті сын-ескертпелер айтып, жұмысты жеделдетуді тапсырды. Мердігер мекеме – «Inter construction» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта инженерлік желілер жүргізіліп, әрлеу жұмыстары 12-13 қабатта жалғасуда.
Айта кететін, 2023 жылы жалпы 47,7 млрд. теңгеге 4 403 пәтерлі 66 тұрғын үйдің (4 – қала әкімдігі) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11,9 млрд. теңгені құрайтын 1062 пәтерлі 7 тұрғын үй 2024 жылға өтпелі. Қалған 35,7 млрд. теңгені құрайтын 3341 пәтерлі 59 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталады деп көзделген.
Барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері аяқталып, тұрғын үйлерге жалғанған. Ауласын абаттандыру жұмыстары 80 пайызы аяқталып, ойын алаңшалары орнатылған.
Сонымен бірге тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру өз жемісін беруде. Ең маңыздысы биыл бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінбек. Алайда әрбір қарыз алушы азамат аталмыш бағдарламаға бір рет қана қатысуға қауқарлы. Осы секілді халыққа қолжетімді Отбасы банктің құзыретіне кіретін «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» «5-10-20», «Жас отбасы» бағдарламасы сынды бірнеше бағдарламалар іске қосылған. Сонымен қатар, мәліметтерге сәйкес Түркістан қаласында 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үй оның ішінде 5649 пәтердің құрылысы басталған. Биыл пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқан. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрғаны белгілі. Сонымен бірге, 7 қабатты 64 тұрғын үйдің жобасы жасалып, құрылысын бастауға қаржы бөлінбек.
Айта кетейік, құрылыс нысандарының сапасы басты назарда. Яғни сапаға қатысты мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы тұрғыда арнайы мердігер мекемелердің қызметкерлері жедел қызмет етуде. Сондай-ақ, аталған мәселелер аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысын қадағалау кезінде, «Облыс орталығында салынып жатқан барлық тұрғын үйлер көркем келбетімен ерекшеленген, ең бастысы өте сапалы болуы тиіс. Құрылысқа жауаптылар өз жұмыстарына жанашырлықпен қарау керек. Тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Құрылыстың сапасына басты назар аударып, көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізіп, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Талапты орындамағандарға шара қолданылады» — деді өз сөзінде. Сондай-ақ, облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер берілетіндігін оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Шаһарда осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Биыл тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстары 10 нысанда, атап айтқанда жаңа стадион маңындағы 7 қабатты, 32 үйдің (9 үй қабылдаудан өткен) ауласын абаттандыру 7 учаскеге бөлініп, жүргізіліп жатыр.
- Құрылыста ең бастысы - мерзім мен сапа. Мұндай ақшаға басқа өңірлерде паркингі бар зәулім үй салады. Сіздер жерді тегін алып отырсыздар. Инфрақұрылымды мемлекет жүргізді. Құр үй тұрғызудың өзін созбалаңға салып, сылтау айтудан жалықпайсыздар. Айыппұл арқалап, жүре беруге болмайды. Жобаның созылуы жауаптының жүктелген міндетке бей-жай қарауынан, - деді Дархан Амангелдіұлы.
Осылай деп, мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алған облыс басшысы құрылыста ең бастысы мерзім мен сапа екенін баса айтты. Сонымен қатар балалар алаңқайларының қауіпсіздігі мен сапасының қатаң бақылауда болуын ескертті. Көпқабатты үйлердің қасбетіне қатысты қатаң талап қойып, мұздатқыштарды белгіленген орындарға орнатуды айтты.
Түркістанның басты мақтаныштарын айтқан кезде ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, одан соң, «Керуен сарай» кешені, үшінші кезекте «Жаңа қала» мөлтек ауданы ойға келеді. Бірақ, тұрғындардың пікірінше, шаһардың басты жетістігі көгалдандыру жұмыстарының қарқыны күшейіп, саялы саябақтар санының артуы. Иә, күллі түркінің түп қазығына баланған біздің қалада саябақтар мен скверлер саны ай санап артуда. Бұл келген қонақтардың ғана емес, жалпы тұрғындардың көз қуанышы, ауыз толтырып айтар мақтанышы. Бүгінгі таңда, түрленген Түркістанда 45 саябақ бар. Бұл жалпы аумағы 318 гектар жерді алып жатыр. Оларды күтіп ұстау үшін 2500 жұмысшы мен 450 техника жұмылдырылған.
Шаһар тарихында ойып тұрып орын алатын демалыс орындарының көшін «Жеңіс» саябағы бастайды. Қарт қаланың кешегісі мен бүгінгісіне куә бұл саябақ 2019 жылы күрделі жөндеуден өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне аталған саялы орынның қазіргі келбеті көз қызықтырарлықтай. «Жеңіс» саябағындағы балаларға арналған ойын алаңшалары, аттракциондар, заманауи скейт-парк пен футбол алаңы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Қаланың қақ ортасында орын тепкен демалыс орынында 3000 шаршы метрге гранит төсегіш төселіп, 2500 ағаш отырғызылған болатын. Саябақ аумағы толықтай түрлі-түсті жарықшамдармен жарақтандырылған. Сонымен қатар, шахматтық дизайнда құрғақ фонтан бой көтеріп, тас жолдар төселген.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында киелі шаһардың қақ төрінде қаз дауысты Қазыбек биге ескерткіш ашылған еді. Монументтің ашылуына ұлтымыздың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров арнайы ат басын бұрып, түркі жұртының рухани астанасында дәл осындай ескерткіштің болуы заңдылық екеніне тоқталған еді. Ол өз сөзінде: «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық»-деп ағынан жарылған болатын Халық қаһарманы. Иа, Тоқтар ағамыздың сөзінің жаны бар. Ұлтымыздың ұлылығының үлгісіне айналған Қазыбек бидің сан тарихтың сақталған сырлы сандығындай киелі Түркістанда ұлықталуы дау тудырмас мәселе. Ендігі кезекте осы ескерткіш орын тепкен аллея жайында айта кетейік.
Шаһар көркін ашқан саялы саябақтардың бірі — қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан, құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілген «Парасат» саябағы. Демалыс орнының құрылыс жұмыстары о баста «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мекемесі тарапынан жүргізілген. Демалыс аймағының құрылыс монтаж жұмыстарына 260 млн. 742,92 мың.теңге қаржы бөлінген.
Айта кетейік, Парасат саябағы Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін құрылысы салынған. Негізгі мақсаты қала тұрғындары серуендеуге, демалуға арналған. Саябақ алғаш пайдалануға берілгенде абаттандырылып, архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған болатын. Онда жарық бағаналары мен аркалар, смарт орындықтар, субұрқақтар мен тренажерлік аспаптар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы орнатылған. Саябақты сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылған болатын. Аумағы 14,0 га құрайтын саябақта кіреберіс арка, аяқжолдар, балалардың емін-еркін спортпен шұғылдануы үшін ойын алаңшалары, сахна, орындықтар, түнгі жарықтар қаралған, түрлі жеміс ағаштары, шыршалар отырғызылған.
Осыдан бірнеше ай бұрын Түркістан төрінде «Руханият» саябағы ашылған болатын. Саябақ Яссы мөлтек ауданы тұрғындарының ұсынысымен бой көтерді. Алғашқыда тұрғындар бос орынға мектеп салынса деген тілектерін білдірген-ді. Себебі, аталмыш аумаққа жақын білім ордасы жоқ. Оның үстіне бос жатқан жер қоқыстан көз ашпай қараусыз қалған еді. Бүгінде бұл орын шаһарымызға көрік берер саялы саябақтың біріне айналады.
Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын саябақтың ішінде 200 дана жарықшам орнатылса, демалушылар үшін жалпы саны 120 орындық қойылған. Өз кезегінде саялы бақтың ішін жасыл желектендіру жұмыстары да қолға алынған. Яғни мұнда 8000 түп ағаш егіліп, балалардың ойнауына ыңғайлы ойын алаңшалары да салынған. Сонымен бірге жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған арнайы аяқжолдармен қатар үш автотұрақ аумағы мен веложол да қарастырылған. Аталмыш қоғамдық орын демалуға таптырмас мекен.
Жалпы, Түркістанда «Жаңа қала» аумағында жасанды көлі бар саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша нысан қараша айының соңында пайдалануға тапсырылады. 13 гектарға жуық жерде орналасқан демалыс аймағында тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалады. Облыс басшысына ерекше үлгіде жасақталған түнгі жарықтандыру жүйесі таныстырылды.
Айта кететін, қазіргі таңда бұл аумақта әкімшілік және тамақтану ғимараттарын әрлеу, бейне бақылау орнату және асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 2 техника, 30-дан астам жұмысшы тартылған.
2022 жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шақырым (39,5 %) құрағанын еске сала кетейік.
Ал 2023 жылдың қорытындысымен, орындалған орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, алдағы уақытта 399,34 шақырым (47,2%) асфальт жолды, 445,6 шақырым (52,8%) тас жолды құрайтын болады.
Жол саласы бойынша 2022 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген, сонымен бірге, қоғамдық көліктер қатынайтын 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарға алынды.
Қазіргі уақытта, соның 24,1 шақырым құрайтын 23 көшесінде, тұрғындардың назарына ұсыну үшін жекелей айта кетер болсақ, Қызылкөл, Сарыжылға, М.Төлебаев, Әубәкір қары, Ы.Алтынсарин, Қазыбек би – А.Юсупов аралығындағы көше, Асан қайғы – Құрбан ата аралығындағы көше, Хақназар хан – Қазыбек би көшелері аралығы, Саққорған, Айтуар би (Алтынемел, Алаша байтақ жырау және Саққорған көшелер аралығы), Тартоғай, Алаша байтақ жырау, А.Ахметов, Бабай батыр, Хақназар хан, Құрбан ата, О.Тілепов, Әйтеке би, Қ.Әзербаев, Ж.Усманов, Еділ, Дулыға батыр – Құмтүйін тас жолы аралығындағы жол, Абақ батыр көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 17 көшеде орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, 2023 жылы қала аумағындағы 34,3 шақырымды құрайтын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше тұрғындарын қуантқан болатын.
Жалпы 2023 жылы өтпелі нысанды қоса есептегенде, орташа жөндеу жұмыстары 65,74 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2% құрағанын айтқымыз келеді.
2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 16,7 шақырым құрайтын 22 көшесінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қалған құрылыс жұмыстары толығымен ІІ-тоқсанда аяқталатын болады.
Сонымен қатар, қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің санымен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 65,74 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2 пайызды құрайды деп күтілуде.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 39,5 пайызды құрап отыр. Биылғы жыл соңында бұл нәтиже тағы да жоғарылайтыны жауапты мамандардың тиянақты да қарқынды жұмысына жүктелетінін тұрғындар жиі талқылауда. Мұнымен қоса аяқжол құрылысы да айтарлықтай оң нәтижелер бергенімен, қаржылық қысқартулар салдарынан келісімшарт келесі жылға өтпелі боп түзелгенін айта кеткен жөн. Дәлірек айтсақ, қала аумағындағы мектеп пен балабақшаларға барар жолдарды қамтитын 64,5 шақырымды құрайтын 54 көшеге тротуар құрылысы жоспарланып, соның 48 көшесіне аяқжол төселді. Ал 6,5 шақырымды құрайтын 6 көшеде әлі жұмыстар жүргізілуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың...