ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ – МӘДЕНИЕТТIЛIКТIҢ ӨЛШЕМI

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ – МӘДЕНИЕТТIЛIКТIҢ ӨЛШЕМI

Өмір сүруге қолайлы қала қалыптастырудың басты шарты – тазалық. Тұрғындар қоқыс қалдықтарын бейберекет шашпауы үшін ең алдымен қоқыс жәшіктерінің санын көбейтіп, қолжетімді ету керек. Туристерге де, тұрғындарға да жақсы әсер сыйлау қала ортығы мен үлкен көшелердің көркеюі маңызды.
Бүгінде Түркістанда көптеген саябақтар мен тынымбақтар бой көтеруде. Алайда, айтуға оңай соққанымен, жайқалған жасыл желектерді баптау жұмыстарының оңайға соқпасы белгілі. Осындай жауапты жұмыстар жүктелген мекемелердің бірі ретінде «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС атауға болады.
«Түркістан жарық-тазалық» ЖШС 1998 жылы өз жұмысын бастады. Қаланың басты белсенді күшіне айналған бұл мекемеде бүгінде жалпы саны 315 қызметкер жұмыс атқарады. Қазір адам күшімен қатар техникалардың қауқарын ескеретін болсақ, мекемеде жұмысқа арналған жалпы саны 48 автокөлік бар. Қала бойынша мекеме 168 көшенің тазалығына жауапты. Сондай-ақ, 6 дана көше жуатын автомеханикамен қоса 20 дана қоқыс таситын автокөлік тіркелген.
Түркістан облысы заңсыз қоқыс полигондары көп өңір екенбіз, осы мәселенің және қала ішінің тазалығы жөнінде айта берсе мәселе баршылық. Десе де оның шешімін табу жолдары да қарастырылып жатқанын естен шығармау керек.
Жалпы қала көлемінде санитарлық тазалық жұмыстарымен «Түркістан Жарық-Тазалық» ЖШС және «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС айналысады.
Қалада 875 көше бар. Оның ішінде механикалық жолмен тазаланатын 136 көше, қолмен тазаланатын 787 көше. Орталық маңызы бар 39 көшеге арнайы техникалар бекітіліп, күніне 2-3 реттен тазалық жұмыстары жүргізіліп, көше бойлары жуылып тұрады.
Қала аумағы 6 тұрғын секторға бөлінген, осыған орай әрбір тұрғын секторда жеке кәсіпкерлер қосалқы мердігер ретінде тартылып, қоқыс алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әрбір көшеден алынатын қоқыстарға жұмыс кестесі түзілген. Бұл жөнінде күнделікті атқарылған жұмыстар бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына мәлімет жолдануда. Белгіленген күннен бұрын көше бойына шығарылған қоқыс иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, екінші рет қайталанған жағдайда айыппұлдар салынады.
Жоғарыда аталғандай тазалықпен мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңіп алған екі мекеме айналысады. Келісім-шарт негізінде қаладағы көшелерді сыпырып, лотоктың ішіне толған, аяқжолдарда жатқан қоқыстарды тазалайды. Жол бойындағы скверлер мен аллеяларды тазалайды. Олардың міндетіне осы ғана кіреді. Әрбір үйдің қоқысын шығару олардың міндетіне жатпайды.
Тұрғындар екі нәрсені айқын түсінуі керек дейді сала өкілдері. Екі түрлі қоқыс бар. Бірі көшедегі, қоғамдық нысандардағы қоқыс, екіншісі – қатты тұрмыстық-қалдық. Үйінен шығатын қоқысты тұрғынның өзі ақша төлеп шығаруы керек. Бірақ, қалада көп адам қоқысқа ақша төлемейді, ондай әдет қалыптаспаған. Әлгі екі мекеме тек көшенің қоқысын тазалауы тиіс, бірақ адамдар қоқыстарын пакеттер мен қапшықтарға салып, жол бойына тізіп қояды. Қалада қоқыс күнде алынатын 1-санатты Тәуке хан, Б.Саттарханов, Қазыбек би, С.Ерубаев, С.Қожанов секілді көшелер бар, 2-санаттағы қоқыс аптасына 2-3 рет алынатын көшелер, 3 санаттағы аптасына 1 рет қоқыс алынатын ішкі көшелер бар.
Осыған байланысты қалалық инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы өз сөзінде: «Тұрғындар кестені біледі. Бірақ, соған қарамастан қалаған күні қақпасының сыртына қоқысты үйіп қояды. Лотоктарға қойып кетеді. Пакеттердің аузы-мұрнынан шығарып қатты тұрмыстық қалдық қана емес, тамақ қалдықтарын да қоя салады. Ол тамақ қалдықтарын түнімен ит-құс түрткілеп, шашып, ақтарып кетеді. Өте тұрпайы көрініс. Одан қала берсе, үйінде жөндеу жүрсе құрылыс қалдықтарын шығарады, малдың қиына дейін қапшық-қапшық қып көше бойына шығарады. Көшені тазалайтындар амал жоқ, ол қоқысты алып кетеді. Негізінде 3 көшеге 1 жүк көлігі қарастырылған, алайда 1 жүк көлігі 1 көшенің басында-ақ толып қалады. Бір көліктің орнына 3 немесе 5 көлік жұмсалады. Ал, қалған 6 көліктің шығынын кім төлейді? Ол көліктердің май-суы, шығындары болады, оны да ескеру керек. (Қоқыс шығарудың өзінің нормативі бар: ол жан басына шаққанда 0,5 кубтен аспауы тиіс).
Сол себепті былтырдан «БТО-Түркістан» деген мекеме құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың міндеті тазалық мекемесінің түбіртегін таратады, қоқыс жинау қызметінің қаржысын жинайды. Тұрғындар арасында түсіндіру жүргізіп, түсінбегендерінен сот арқылы өндіріп қаржы жинайды. Көпке топырақ шашқандай болмайын, алайда айтпасқа амалым жоқ: тұрғындарда ішкі мәдениет жетіспейді. Ауланың сыртына қоқысты шығарса сонымен бітті ме? Жеке тұрғын үйде азаматтар қоқысты ауласының ішінде сақтауы керек. Кестеде бекітілген күні ғана шығаруы керек. Сол кезде оны тазалық мекемесі алып кетеді, тазалық болады. Алайда, осыған халықты үйрете алмай жатырмыз. «БТО-Түркістан» мекемесін құру себебіміз де осы. Аталған 2 мекемеде бар-жоғы 500 адам жұмыс істейді, қалада 875 көше, 220 мың тұрғын бар. Оның бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар саналы түрде әуелі өздерін өзі сыйлап, тазалықты әркім өзінен бастаса тазалықшылардың жұмысын жеңілдетсе деген тілегім бар»,-деп тұрғындарға тазалықшылардың мәселесіне түсіністікпен қарауын сұранды.
Түркістан қаласының іргесінде Шойтөбе елді мекенінде тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған полигон бар. Аумағы 17.85 га құрайды. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға есебі беріліп отырады. Экологиялық талаптарға сәйкес залалсыздандыру жұмыстары үнемі жасалып отырады. Аталған полигонға 2019 жылдан 2023 жылға дейін қоршаған ортаны қорғау эмиссиясының рұқсаты алынған (ҚР Энергетика министрлігінің 07.08.2019 жылғы қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу талап етілетін объектілердің 1-санаттағы №KZ26VCZ00427111). ҚР Энергетика министрлігінің шешіміне сәйкес полигонға жылына 30 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық орналастыруға рұқсат берілген. Қоқыс полигоны 2010 жылдан бастап пайдалануға берілген. Полигонның жобалық сыйымдылығы – 1 млн 250 мың тонна. Заңсыз полигондар «Бірлік» секторында, Кентау тасжолы бойында тағы да бірнеше нүктелерде болған, оған тиісті шаралар көріліп, ретке келтірілді дейді мамандар. Арнайы тақтайшалар орнатылды. Жергілікті полициямен бірге рейдттік шаралар ұйымдастырып, заңсыз полигондарға қоқыс тастаған көліктерді ұстап, айыппұл салынған. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беруде. Белгіленбеген орындарға қоқыс тастау фактілері бойынша Түркістан қаласына қарасты 5 аумақ тіркелуде. Қазіргі таңда жергілікті әкімдік тарапынан қайта тазалау, қоқыс әкелген ауыр жүк көліктеріне айыппұл салу шаралары қолданылуда. Дегенмен, тұрғындар тарапынан түнгі мезгілде қоқыс тастау фактілері тоқтамай тұрғанын айта кету керек. Бұл жөнінде бірнеше рет рейдтік іс-шаралар жүргізілді.
Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) сұрыптау бойынша жалғыз «Акимов Ш.Ш.» ЖК мекемесі ғана жұмыс істейді. Олар Полигонда қоқысты сұрыптау жұмыстарын атқарады. Қағазын, пластигін, темірін, шынысын, ағашын бөлек сұрыптап, Шымкенттегі, Темірландағы қайта өңдеу цехтарына жеткізіп, өз пайдаларын айырады. Қоқысты сұрыптау қуаты (тонна/жыл) 3 000 – 3 500 тн. 2022 жылғы есеп бойынша 36 тонна макулатура, 1848 тонна пластик, 480 тонна шыны, 1136 тонна басқа да қоқыстар сұрыпталған. Осы бағытта жұмыс істеп тұрған «Акимов Ш.Ш.» ЖК шағын мекемесі. Бұл салаға әлеуетті инвестор тартылса, тұрмыс қалдықтарын халықтан тікелей жинайтын, немесе арнайы контейнерге сұрыптап тастап жинап алатын деңгейге жетсе тазалық мәселесі біршама жақсарар еді. Қоқыстың барлығын кәдеге жаратады. Әзірге қалада қоқысты сұрыптап, қажетке жарататын өндіріс орны жоқ. Әлемдік тәжірибеде бұл өте тиімді, пайдасы мол жоба болып саналады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың...