Биыл Отырар секторында инфрақұрылым және жол сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды.
Нәтижесіне тоқталсақ, бүгінде сектор тұрғындарының 98 пайызы көгілдір отын тұтынса, 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылды.
Халық әлеуетінің артуына инфрақұрылымның тұрақтануы аса маңызды. 2021 жылы Шобанақ пен Әкімшілік-іскерлік орталығы су жинау резервуарлары арқылы тұрғындарды 82,5 пайыз таза сумен қамтамасыз еткенін еске алса, қала басшылығының бүгінгі көрсеткіштері жүйелі жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі деуге толықтай негіз бар.
Ауызсу мәселесі Түркістан қаласына ғана тән қиындық емес. Бұл республикалық деңгейде шешімін шегелеп, мәселесі май шаммен қаралуы тиіс болып тұрған жұмыс. Сөзіміздің дәлелі ретінде ағымдағы жылдың мамыр айында өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың ескертпесін келтіре кетсек болады. Ол, 2025 жылға дейін елдегі барлық қалалар мен ауылдар 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілуі керектігін айтқан.
«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саналы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет»,- деген болатын Әлихан Асханұлы.
Қасиетті қаланың жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайған. Ал, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса адамға жеткен. Бұл жайында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім еткен болатын. Шаһар басшысы ағымдағы жылғы көрсеткіш бойынша қарт қаламыздағы 42 014 абоненттің 41 552-сі ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілгенін айтып, жыл соңына дейін таза тіршілік нәріне қол жеткізгендерді 100 пайыздық көрсеткішке жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеген еді. Жылдық жоспарға сәйкес, 2023 жылы 4 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олардың қатарына «Сауран» ықшам ауданындағы «Мақтазауыт», №1 және №2 аймақтары, «Яссы» мен «Шауғар» ықшам аудандары кіреді.
Түркістан қаласындағы су мәселелері бойынша жауапты «Түркістан Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қала аумағындағы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есеп беріп, тұрғындардың 24 сағат бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіліп отырғанын айтты. Таза тіршілік нәрі бүгінгі таңда Шобанақ елді мекені жанындағы қоймаға су жиналып, Түркістанға жеткізілетін көрінеді. Жалпы қала ішіндегі су құбырлары бір мың жеті жүз сегіз мың метрді құрайды. Оның ішінде 142 шақырымының жүз пайыз тозығы жетіп, қазіргі таңда қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенін және жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін де тілге тиек етті Бауыржан Серікұлы.
Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін, яғни, 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 1738,5 шақырымды құраған болатын. Ал соңғы бес жылдың ішінде, қалада көптеген құрылыстағы өзгерістер мен қаланың ұлғаюына байланысты тағы 339,3 шақырым су құбыры төселді. Қазіргі таңда шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 2078 шақырымды құрайды. Мұнан бөлек, ауыз суға арналған, сыйымдылығы 46,0 мың текше метр болатын алты резервуардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұған дейін Түркістанда сыйымдылығы 26 мың текше метрді алатын бес сұйық су қоймасы болса, қазіргі су сыйымдылығы 72 мың текше метрге жетті. Ондағы таза ауыз судың көлемі шаһар тұтынушыларының қажеттілігін толықтай қанағаттандыруға қауқарлы. Мақаламыздың басында облыс орталығындағы ауыз сумен қамтамасыз ету 100 пайыз шешімін табатынын айтқан болатынбыз. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков сәуір айында өткізген брифингінде 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отырғанын жеткізген еді. Жоба құны 5160,8 млн. теңгені құрайтынын да жасырмаған болатын қала әкімі.
Сонымен бірге, биыл 3 көшеге кәріз жүйесі тартылып, құрылысы аяқталды.
Бүгінгі таңда киелі шаһарды толықтай кәріз жүйесімен қамту мақсатында бірнеше жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, жүзеге асуда. Жыл басынан бері қала тұрғындарының назарынан тыс қалмаған бұл жұмыстар жыл аяғына дейін оң нәтижесін беріп, түркістандықтардың тұрмысына қолайлы жағдай тудырады деп күтілуде. Шаһар басшысының бақылауындағы бұл жұмыстардың салаға жауапты Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ерсейіт Бұхарбаев да қадағалаудан тыс қалмайтынын жеткізді. Еске саларлық, бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте сарқынды су мен ауыз суға кеңірек тоқталып, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанына шолу жасаған болатын.
— Түркістан қаласында 42 014 абонент ішінде ауыз сумен 41 552 абонент, яғни 98,9% қамтамасыз етілген. Су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарларына 72 000 м3 су жиналып, халыққа берілуде. 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделуде. Оларға Мақтазауыт, 1-2 м/а, Яссы ж/е Шауғар, Жаңадан қоныстанған аумақтар, Яссы Шауғардан – 10 178 абоненттерді атауға болады. Жоба құны 5 160,8 млн.тг. 2023 жылы — жаңадан қоныстанған аумақтарды ауыз су жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрады. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызға жеткізу көзделуде – дейді қала әкімі.
Ал сарқынды сумен қамтамасыз ету жүйелері бойынша қалада сарқынды су желісі — 127,25 км, оның ішінде – магистральдық – 39 км, көшедегілер желісі – 40 км, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер – 48.2 км құраған. Сондай-ақ, 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимараты /КОС/ жұмыс істеп келеді. Оның қуаттылығы тәулігіне — 20000 м³. Жыл сайын «Жаңа қала», «Отырар» шағын аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары толықтай іске асып келеді. Қазіргі таңда қаладағы 7 нысанда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «Тұран – 2», «Отырар – 2», «Яссы – Ыждыхат» шағын аудандары, «Бекзат» және «Бірлік» секторларында және «Ортақ» мөлтек аудандарында, сонымен қатар 5 нысан қаржыландыруға ұсынылып, 4 нысанға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Аталған жұмыстар аяқталғанда қаланың кәрізбен қамтылған бөлігін көбейту жоспарлануда. Нәтижесінде, 34 177 абонентке кәріз жүйесі қолжетімді болады. Естеріңізге сала кетейік, бұл көрсеткіш 2022 жылы 32% болған еді. Жауапты мамандар жұмыстардың биылға жоспарланған межесін толығымен орындауға күш салып жатқандықтарын айтады.
Сонымен қатар, қала бойынша жүргізілген сарқынды су желілерінің басым бөлігі магистралдық құбырлар болғандықтан, қала көлемін сарқынды су жүйесімен және абоненттік қосылымдармен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілсе, ондағы 3 нысан 2023 жылы пайдалануға тапсырылатыны белгілі болды. Сала мамандарының айтуынша, 6 нысан республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылып, 2 нысанның жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде. Осы ретте «Түркістан су» МКК-ның көпқабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйелеріне жүргізіп жатқан жұмыстарын айрықша атап өтуге болады. Әрбір көпқабатты немесе жер үй баратын ауызсу мөлшері бойынша сарқынды су есептеліп, бүгінгі таңда тұрғындардың игілігіне іске асуда.
Жол саласында 12 көшеге- тас, 3 көшеге асфальт төселді, 5 аялдама орнатылды.
Қала әкімінің ай сайынғы кездесулерінде берілген тапсырмалар бойынша да сектор тұрғындарының бірқатар өтініші жүзеге асты.
Жыл ішінде тұрғындар тарапынан түскен 124 өтініштің 114-і орындалды. Тапсырмалар аясында 10 жаңартылып, тағы қосымша 10 трансформатор орнатылады.
№ 6, 10 бағыттағы автобустары жаңартылып, жаңадан №17, №20 бағыттары іске қосылды.
Түркістан қаласында қоғамдық көліктерді жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгін сыйымдылығы жоғары 10 дана автобус №5 және №5А бағыттарына қатынауды бастады. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңартылған қоғамдық көліктер салқындатқыш жүйесімен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен қамтылған. Одан бөлек, мұнда жұмыс сапасын жақсарту және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолға алынған. Түркістан ҚПБ-мен бірлесе жұмыс атқарылып, қалта ұрлығының алдын алу, жүргізушінің жол қауіпсіздік ережелерін сақтауын, жүргізушінің қызметін бақылау үшін әр автобусқа 3 бейнекамерадан орнатылған.
Айта кетейік, Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бұл бағыттарға 2 тасымалдаушы мекеме: «Жолаушы» ЖШС және «ТехПрофАвто» ЖШС қызмет көрсетеді. Аталған мекемелер жыл басынан бері сыйымдылығы жоғары жаңа 29 автобус алып, қолданысқа енгізді. Жыл соңына дейін №4, 4А, 3 бағыттарындағы автобустарды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарлануда.
Қазіргі таңда, 2024 жылы атқарылатын жұмыстар тізбесі әзірленуде.
Жалпы, Отырар секторында 50750 тұрғын бар, аумағы 9785,2 гектарды құрайды. Сектор құрамына 113 көше кіреді.