ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласы алты секторға бөлінген. Ондағы мақсат – шаһардың әр аймағындағы өзекті мәселелерді бақылауға алып, оның жүйелі түрде шешілуіне ықпал ету қарастырылған. Атап айтсақ, олар «Яссы», «Сауран», «Шауғар», «Бекзат», «Отырар», «Бірлік» секторлары. Халықпен жұмыс жүргізу секторларында 30-дан аса азамат жұмыспен қамтылып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуда. Сектор қызметкерлері халықпен коммуналдық мәселелер, тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмек, табиғи газды пайдалану туралы ақпараттар ұсынып, көшелердің көгалдандырылуы, абаттандырылуы, тазалығының үйлестірілуін қамтама-сыз етеді. Бұнымен қоса, аумақтағы тұрғындардың мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Осы бағыттың тиімділігін назарға алған Дархан Амангелдіұлы «Шауғар» секторының жұмыс барысымен танысты. Облыс әкімі мамандармен тілдесіп, тұрғындар тарапынан көтері-летін мәселелердің жай-күйін сұрады.
Алты секторда қала әкімдігінің 1310 – бірыңғай байланыс орталығымен бірлесе отырып, мониторингтік жұмыстар арқылы халықтың өтініштері, мәселелерін шешу шаралары қолға алынуда. Тұрғындармен кездесулер өткізіліп, тұрғындардың мұң-мұқтажы сараланып, зерделеніп тиісті іс-шаралар атқарылып келеді.
Айта кететін болсақ, биыл Түркістан қаласында 37 нысанның құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда 5 нысан қабылдаудан өтті. Қалған 32 құрылыс нысанының бірқатары жыл соңына қарай аяқталса, кейбір құрылыс объектілері келесі жылы пайдалануға берілмек.
Атап айтқанда, жоба шеңберінде бес қабатты 20 тұрғын үй салынуда. Сонымен бірге, мәдениет үйінің құрылысы, орталық стадионды қайта жаңғырту және Түркістан қалалық Полиция басқармасының ғимаратын күрделу жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұған қоса, 32 гектар аумаққа инфрақұрылым тарту, көпқабатты үйлердің инженерлік инфрақұрылымдарын салу мен газдандыру, кәріз жүйелері мен индустриалды аймақ көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған.
Осы жұмыстардың қатарында абаттандыру мәселелері де қарастырылған. Соның ішінде, «Белсенді» демалыс саябағы, айналма жол бойында желілік саябақ құрылысы жүргізілсе, «Прасат» саябағын жаңғырту мен әкімшілік іскерлік орталығындағы мешіт аумағын абаттандыру жұмыстары қарастырылған.
Еске саларлық, облыс басшысы қала тынысымен танысу барысында құрылыс нысандарында мердігерлердің жұмыс сапасына баса мән беруде. Осы тұрғыда жауапты сала басшыларына арнай тапсырмалар беріп, кемшіліктерге жол бермеу үшін осы күннен ұқыптылық таныту қажеттігін ескертуде. Қазіргі таңда Түркістан қаласында кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай, өңір басшысы М.Әбенова көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарының басына барды. Бүгінгі күні мұнда қолданыстағы пластик кәріз құбыры толықтай есептелген қуаттылығымен жұмыс істеуде.
Дегенмен күн сайын құрылысы қарқын алып келе жатқан мекенде әуелгіде жасалған жобадан бөлек жүргізілген коттедждер, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, мешіт нысандары іске қосылған соң аталмыш жүйе арқылы өтетін сарқынды су мөлшері ұлғайған. Соның салдарынан кәріз құбыры толып, тұтынушылардың наразылығын туындатқан.
Осы мәселенің шешімі ретінде артық суды жаңа жоба бойынша салынатын темірбетон құбырмен өткізу арқылы мәдени орталықтың кәріз жүйесіндегі орын алған жағдайды бір қалыпқа келтіру көзделген. Темірбетон құбыры 1,6 шақырымға жүргізілмек.
Сонымен қатар, «Яссы» мөлтек ауданындағы Ыждыхат тұрғын алабын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі бойынша 76 шақырымға құбыр жүргізілген. Кезекті аралау барысында облыс әкіміне ІІ кезең жобасы ұсынылды.
Құрылыс алаңы 63 шақырымға жоспарланып, нақты 43,6 шақырымы орындалған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 7480 тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады деп күтілуде. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың желтоқсанына белгіленген.
Қала аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен абоненттердің 32,2 % яғни, 12 мыңнан астам абонент қамтылған. Қуаттылығы тәулігіне 20 000 М3 сарқынды су тазарту имараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4 500-5 000 метр куб болса, 27 дана су айдағыш станса, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста.
2023 жылға өтпелі жалпы 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,3 %-ға жетеді деп күтілуде. 5 нысан (20 244 абонент) бойынша құжаттар қаржыландыруға ұсынылған. 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде қаланы кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізу қарастырылуда.
Еске сала кетсек, 2021 жылы Түркістан қаласының аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға ұлғайды. Яғни құрылыс нысандарына бөлінген жер көлемі артты.
Негізінен бұл жоспар 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталуы керек болған. Cәйкесінше, жерді ұлғайту жоспары мезгілінен ерте орындалып отыр. Бұдан кейінгі қаланың бас жоспары 2035 жылы, үшінші кезеңі – 2050 жылы аяқталуы тиіс.
Жалпы 2020 жылдың 25 қарашасында қаланың бас жоспары бекітілген. Соған сәйкес, қаланың жер көлемі 22370 гектарға ұлғайды. Бұған дейінгі бас жоспар 2011 жылы жасалып, ол кезде 19 627 гектар болған. Былайша айтқанда, бұл – қаланың жетістігі. Яғни, жоспар уақытынан ерте орындалып отыр. Негізі жер көлемі бекітілген. Құрылыс аумағы ұлғайып отыр.
Айта кету керек, бүгінде қала халқы 200 мыңнан асты. 2025 жылға дейін ол 250 мыңға, 2035 жылға қарай – 350 мың адамға дейін жетеді деп көзделуде. Ал, 2050 жылға қарай шаһар тұрғындары 500 мыңнан асып жығылмақ. Яғни қала аумағының ұлғаюы заңды дейді қала сәулетшілері.
2018 жылы 19 маусымда Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамудың жаңа сатысына қадам басты. Көне шаһардың жаңа дәуірі басталды. Тарих үшін қысқа ғана уақыт болып есептелетін 5 жылда Түркістанда адам қызығарлық істер атқарылды.
Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына биыл 5 жыл толды. Осынау аз ғана уақыт ішінде түркі жұртының атажұрты атанған киелі өңір қарқынды дамып, елеулі өзгеріс орын алды.
Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының, еңбекқор ел мен басшылардың еңбегі нәтижесінде Түркістан өңірі 5 жылда өркендей түсті.
Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 221 мыңға адамға жетті. Өзіндік кірістердің көлемі өткен жылдың қорытындысымен 15 млрд. теңге болса, 2023 жылға 17,8 млрд. теңге болып, өсім 18,7% пайызды құрады.
Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қаңтар-наурыз айында 6,2 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 % құрады. Өткен жылы қалаға 304,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биыл инвестиция көлемі 348,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Қалада «TURKISTAN» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Өткен жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жетті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. 8 айдың қорытындысымен облыс бойынша 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден келісімшартқа сәйкес 2,5 млн. теңге өндірілген.
Жалпы Түркістан облысында өңірлік өнім көлемі 2019 жылдан бері 3 есе өсіп, былтыр 319 млрд. теңгеге жетті. Биылғы 6 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 141 млрд. теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 есе өсіп, былтыр 200 млрд. теңгеден асса, биыл жарты жылда 77 млрд. теңгеге жетіп отыр.
Өңір басшысының айтуынша, былтыр негізгі капиталға 305 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл 6 айдың қорытындысымен 84 млрд. теңге инвестиция тартылған.
– Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. Қаламызда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда, ол үшін әкімдік тарапынан жағдай жасалып отыр. Биыл Түркістан қаласында қосымша 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Тұрғындардың орташа жалақысы 58 пайызға өсіп, былтыр 213 мың теңгені құрады. Қала бюджетінің өзіндік кірістері соңғы 5 жылда 5 есе артып, былтыр 15 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 11 млрд. теңгені құрады. Соңғы 5 жылда қаламызда жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері қаламызда 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үйді (3377 пәтер), келесі жылы 7 үйді (1062 пәтер) пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, – деді Дархан Сатыбалды.
Шынында Түркістан қаласы соңғы бес жылда көркі көз сүріндіретіндей болып құлпырып сала берді. Апта сайын жаңарып, ай сайын танымайтындай дамып жатыр. Небір таңғаларлық бағыттарда нақты әрі нәтижелі жұмыстар жасалынып жатыр. Алдағы уақытта, тарихи шаһар келбеті гүлденіп, мәртебесі арта түсетіні анық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен...