ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДI ГАЗБЕН ҚАМТУ – ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДI ГАЗБЕН ҚАМТУ – ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ

Бүгінде елімізде тұрғындардың баспаналы болуына арналған мемлекет­тік бағдарламалар жетерлік. Бұл орайда, әр өңірде құрылыс қар­қын алып, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада тұрғын үй көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып жатыр.
Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165400 болса, 2023 жылы 219550 болып отыр. Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көп қабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұр­ғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есе­бінен көпқабатты 14 тұрғын үй кеше­нінің құрылысы жобаланып, іске асты. Ал бүгінде қолданыстағы тұрғын үйлер кешенінде қандай өзгерістер бар, олар жылу маусымына дайын ба? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Бүгінде Түркістан қаласы бойынша жалпы 297 көпқабатты тұрғын үй кешені бар. Оның ішінде, 114 көпқабатты тұрғын үй табиғи газбен толық қамтамасыз етілген болса, қалған 183 үй орталық жылу жүйесіне қосылған екен. Ал қала ішіндегі «Сауран» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің 73-і жертөле құбырларын ауыстыруды қажет етеді. Бұл туралы тұрғындарға ескертіліп, хабар берілген. Себебі аталмыш тұрғын үй кешені жеке болғандықтан пәтер иелері өз есебінен құбырларды жөндеуі тиіс. Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімінің мәліметіне сүйенсек, орталық жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің барлығын жылу маусымына дайындау шаралары басталып кеткен. Түркістан қаласында 2023-2024 жылғы жылу маусымына дайындық жұмыстарын «Жылу» МКК және сервистік қызмет көрсетуші мекемелер жүргізуде.
Елімізде тұрғын үй саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған болатын. Осы тұжырымдамаға сәйкес, биыл 46 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мысалы Түркістан қаласы бойынша 2012-2022 жылдар аралығында 101 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2023 жылы 24 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Олар шатыр ауыстыру, қасбеттерді әрлеп-сырлау, кіреберістерді толық қырып, қайта әрлеп-сырлау, жертөледегі ауыз су, кәріз жүйелерінің құбырларын ауыстыру, көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесін бақылау.
Сондай-ақ, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сайкес, көпқабатты тұрғын үйлерге сервистік қызмет көрсету келісім шарттары әр тұтынушымен емес, сол үйдің басқару формасымен түзілуі қажет. Жалпы 297 көпқабатты тұрғын үйдің ішінде 83 үй басқару формасын құруды қажет етпейді екен. 47 коммуналдық меншіктегі үйлер – көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша «басқарушы компанияның» теңгерімінде, ал қалған 167 көпқабатты тұрғын үйлер «мүлік меншік иелерінің бірлестігін» немесе «жай серіктестік» құруды қажет етеді.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімі басқару формасы айқындалып, бекітілмеген көпқабатты тұрғын үйлерге лифт жүйесі тоқтатылатынын және лифтіге сервистік қызмет көрсетілмейтіні жөнінде хабарлама көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне ілініп, сервистік қызмет көрсетуші мекемелер мен үй төрағаларына хат арқылы жолданып отыратынын айтады.
Тиісті мекеме мәліметтеріне сүйенсек, Тұрғын үй кешендерін жаңарту жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асуда. Түркістан қаласындағы тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындығы да жүйелі. Осыған дейін облыс орталығындағы «Сауран» мөлтек ауданында 75, ал «Отырар» мөлтек ауданында 49 және әкімшілік-іскерлік орталығында 98, жалпы көпқабатты 222 тұрғын үй орталық жылу қуатымен қамтылған. Қала бойынша жылу мекемесі орталық қазандық, «Отырар» мөлтек ауданында, рухани-мәдени орталық және әкімшілік-іскерлік орталықтарында 14 модульді қазандық блоктарымен жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2023–2024 жылғы жылу беру маусымына қосымша тағы 3 модульді қазандық блоктары іске қосылады деп жоспарлануда. Айта кетейік, жылу беру маусымында кәсіпорындар толықтай табиғи газ отын түрін пайдаланады.
Еске салар болсақ, өткен 2022 жылы Түркістан қаласына сағатына 80 000 м3/ табиғи газ келіп тұрған болатын. Қыс ауасына байланысты жеке абоненттер мен мекемелердің газ тұтыну көлемі көбейгендіктен, қалада газдың қысымы төмендеген болатын.
Қалыптасқан жағдайға байланысты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан облысы өндірістік филиалы және Түркістан қаласы әкімдігі бірлесіп, газ қысымын ұлғайту туралы келісімге келіп, нәтижесінде тұрғындардың табиғи газға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында, АГТС-15 – тен газ көлемі ұлғайтылған едi.Сонымен қатар, 2022 жылдың 3 желтоқсанында Шауғар секторы, “Ремзавод” аймағындағы 7 көшеде (200 абонент) газдың қысымы төмендеген едi. Көгілдір отынның қысымын тұрақтандыру мақсатында, аталған аймақта газ құбырларының құрылысын жүргізген мердігер «Отау Строй» ЖШС, «ИнтерГаз Центральная Азия» АҚ және Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің мамандары шұғыл зерделеп, диаметірі 110 мм. газ құбырында кептеліс пайда болғанын және газ құбырының соңғы нүктесі болуына байланысты газ қысымының төмендегенін анықтаған болатын.
Айта кететін, жуықта ғана Түркістанда 70 газ нысанының құрылысы аяқталған болатын. Биыл 2023 жылдың қаңтар айынан бастап 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылды. Атаулы мәселеге қатысты Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеді. Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар, жүйелі жоспарға негізделген іс-шаралар аясында қаламыздағы ауыз су, сарқынды су мәселесіне жауап беретін «Түркістан-Су» мекемесіндегі ескі әрі тозығы жеткен обьектілер жаңартылып, жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, қысы-жазы халыққа қалтқысыз қызмет ететін жұмысшылардың жалақысын жоғарылату тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мекеме басшыларының бірнеше ұсыныстары жүзеге асса, тұрғындар үшін ауыз су мәселесі бұрынғыдан да тиімді бола түспек. Тағы бір мәселе. Жолдауда айтылған тариф саясаты, ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды енгізу бойынша:
— Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс, — деген Мемлекет басшысының сөзі алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларды жеделдетуге септігін тигізеді деген ойдамыз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және...