Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына биыл 5 жыл толды. Осынау аз ғана уақыт ішінде түркі жұртының атажұрты атанған киелі өңір қарқынды дамып, елеулі өзгеріс орын алды.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы жарияланды.
Құжатты Ұлттық экономика министрлігі әзірледі және 23 тамызға дейін талқылауға ұсынды. Құжатқа сәйкес Түркістан Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие Түркістан облысының әкімшілік орталығы болып табылады.
Заң жобасының мақсаттары:
Түркістан қаласының Қазақстанның рухани және тарихи астанасы ретінде жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу;
Түркістан қаласының қалыптасуы мен жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер жасау;
Мәдени және діни мұраны қолдау, қасиетті орындар мен көрікті жерлерді сақтау және қорғау;
Түркістан қаласын дамыту бөлігінде орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестіру мен өзара іс-қимылды жақсарту.
Заң жобасында Түркістан қаласын мемлекеттің рухани және тарихи астанасы ретінде дамыту саясатының негізгі бағыттарын белгілеу кезінде билік қалай әрекет ететіні, олар қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау бойынша не істеу керектігі айқындалады.
Бұдан басқа, заң Түркістан қаласын дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысын және бүкіл мемлекет пен облыс көлемінде іске асырылатын жобаларды реттейтін болады.
Мәселен, заң жобасы Түркістан қаласының мемлекеттің рухани және тарихи астанасы ретінде қалыптасуы мен жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер жасауға байланысты қатынастарды реттейді.
Ұлттық экономика орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы функцияларды нақты бөлу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс жоспарлауын ретке келтіру, қаланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсетудің заңнамалық базасын нығайту есебінен қаланы дамытудың бірыңғай саясатын әзірленеді дейді.
Шығыс пен батысты жалғаған Түркістан қаласындағы өзіндік ерекшелігімен есте қалатын тағы бір демалыс орны «Жібек жолы» саябағы. 2020 жылдың тамызында жаңарған Түркістанның жаңа саябағы жайлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз қылған. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Жақында ғана облыс орталығына айналған Түркістанда жаңа инфрақұрылымдық нысандардың ашылып жатқаны қуантады. Қала тұрғындары мен туристерге арналған Сапар орталығы мен «Жібек жолы» саябағы да көпшіліктің көзайымына айналатынына сенімдімін»- деп жазған еді.
2019 жылы құрылысы басталып, іргетасы қалана бастаған нысанды Мемлекет басшысына сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өзі таныстырған. 2021 жылы пайдалануға берілген саябақ шынында да келушілердің көзайымына айналды. Киелі қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түскен демалыс орнын Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары жаңарған Түркістанға тарту еткен. Мердігер компания «Bazis Construction» ЖШС жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайтын демалыс орнына өзіндік ерекше стиль қалыптастыра білген. Мәселен, «Түйелер керуені» композиция-сы бұл жерге ерекше шығыстық рең береді. Шөлді сүйетін жануар қала тарихында ерекше орын алады, сондықтан түйе бейнесі бар мүсіндер көшелерде жиі кездеседі. Алып аумақты алып жатқан бұл жерде 2 301 дана ағаш отырғызылып, 5 363 дана бұталар, 3,36 гектар жерге гүлдер отыр-ғызылған. Түркістанды жасыл желекке айнал-дырып, қаланың табиғатына, климатына әсер етуді көздеген әкімдік «Жібек жолы» саябағындағы ағаштар санын әлі де арттыруға ниетті.
Саябақтың саясына тынығуға келген кез-келген азамат үшін бұл жерден жанына тыныштық, бойына қуат алуға мүмкіндік бар. Сан түрлі сауық орындары атын атап, түсін түстеп өтуге әбден лайық. Олардың көшін қырдағы байқау алаңы бастап тұр. Сәулеттік шешімі бабаларымыз мекен еткен киіз үй мен шаңырақты еске түсіріп, іргелес жатқан аумаққа жоғарыдан көз салуға мүмкіндік сыйлаған. Балаларға арналған атракциондар, алып көру шеңбері, шулы субұрқақтар мен жасанды көлдер көптің көңілінде ұзаққа сақталады.
Ауасы таза, аумағы жасыл желекпен көмкерілген саябақта барлық жағдай қарастырылған. 1071 дана жарықшамдары демалыс орнын кешкі уақытта да жанға жайлы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Сондай-ақ, саябақта 177 орындықпен 4,58 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқысы келетіндер үшін де бұл жер таптырмас демалыс орны. Сөзіміздің дәлелі ретінде, жүгіру және велосипед жолақтарын айта кетсек болады. Еуропалық стандардтарға сай салынған жолақтар өз велосипеді барлар үшін ғана пайдалы емес. Бұлай деуіміздің себебі, «Turkistanbike» жалға беру пунктінде демалушыларға қос дөңгелекті көлікті жалға алуға мүмкіндік бар. Ал, командалық спортпен айналысқанды жаны сүйетіндер үшін салынған футбол, баскетбол алаңдары мен теннис үстелі келушілер арасында үлкен сұранысқа ие екенін аңғару қиын емес.
Түркістан қаласы – еліміз үшін ғана емес, күллі түркі жұртшылығы үшін маңызы жоғары мекен. Құт қонған киелі шаһардың өркендеп-өсуі үшін жасалып жатқан жұмыстар талайды таңдай қақтырып, көз жауын алардай әсер беретінін жоққа шығара алмаймыз. «Ұлы Жібек жолы» деген атпен әлем тарихында алтын әріппен жазылған керуен жолының орын теуіп, Еуропа мен Азияның арасында алтын көпір болған көне Түркістанның бүгінгі бет-бейнесіне, келбетіне көрік қосқан «Жібек жолы» саябағы да уақыт өте өзіне тиесілі бағасын аларына күмән жоқ. Сөзіміздің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін ұсынған едік. Шынында да, ел президенті өз пікірінен жаңылмағанына уақыт куә. Саялы саябақ қазіргі таңда қаланың мақтанышына, туристердің көзайымына, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді.
Демалысыңызды пайдалы және ләззатпен өткізумен қатар, көптеген биік-биік ағаштар арасымен серуендеуді қаласаңыз «дендросаябаққа» бет алыңыз. Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған бұл нысанның басты мақсаты – шаһарды абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, Түркістан қаласында жасыл желектердің санын көбейту.
Саялы саябақ 2022 жылы тұрғындарға пайдалануға берілген. Құрылысына 717,7 миллион теңге жұмсалған. Жалпы ауданы 28 мың шаршы метрді алып жатқан демалыс орнында жаз айларында түркістандықтар мен қала қонақтарына жаяу жүріп, таза ауада тыныстап, велосипед теуіп, көңіл көтеріп қайтуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.
Саялы орын жыл сайын түрленіп, гүлденіп келеді. Биыл да жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. Бір жыл бұрын ашылған бұл жасыл желекті аймақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда гүл мен ағаштардың көптеген түрі өседі. Ал, әсем орынды жарықтандыру мақсатында 1026 жарықшам орнатылған. Сонымен бірге, мұнда 480 дана арнайы орындық халықтың қолданысына берілген. Мұндағы көз тартар әдемі көріністер көздің жауын алып, тартымдылығымен өзіне баурай түседі. Сол үшін де демалыс бағын аралап, серуен құрған тұрғындар көп.
Саябақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалап отыратын арнайы жауапты өкілдер жұмыс жасайды. Соған орай, қонақтарға қоқыс тастауларына ыңғайлы етіп 400-ге жуық қоқыс жәшігі қойылған. Ауасын жұтып, суын ішіп жатқан қоршаған ортамыздың тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.
Қоғамдық кеңістіктің аумағында 13 218 ағаш, 5 552- ге тарта бұталар егілген. Саябақ аумағы әлі де жетілдіріліп, толықтырылатынынан да хабардар болдық. Себебі, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын денсаулықтарына пайдалы етіп өткізетін орындардың санын көбейту аса маңызды.
Түркістанның түрленуіне өзіндік үлес қосқан демалыс орындарының ішінде қазақ ұлтының қос алыбына арналған қос аллеяның ойып тұрып алар орны бары сөзсіз. Төрелігі түркі жұртының темірқазығына айналған Төле би, қазылығы қазақ елінің қазынасына баланған Қазыбек биге киелі мекеннен саябақ ашылмауы әбестік болар еді. Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан Төле би саябағы қарт қаланың ең маңызды территорияларының бірінде орын тепкен. 5 гектар жері көгалдандырылған жасыл желекті аймақта 2000 түп тал егілген. Дәлірек айтар болсақ, 1 260 дана терек талы, 200 дана айлант, 340 дана қарағаш, 100 дана шынар мен 100 дана үйеңкі ағашы аталған демалыс орнының ажарын ашып қана қоймай, ауасының тазара түсуіне әсер етіп тұр. Ұңғыма арқылы суарылу жүйесі жасалған бұл маңда 1000 дана гүл шоқтары егілген. Сарқырап аққан салқын фонтандары жаздың аптап ыстығында таптырмас сая. Сонымен қатар, балалар үшін ойын алаңшалары да орын тауып, жанға жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалған деуге толықтай негіз бар. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мердігерлік еткен саябаққа Төле би бабамыздың есімі берілгені орынды. Себебі, бұл тынығу орнының өзі де Төле би көшесінде орналасқан.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында киелі шаһардың қақ төрінде қаз дауысты Қазыбек биге ескерткіш ашылған еді. Монументтің ашылуына ұлтымыздың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров арнайы ат басын бұрып, түркі жұртының рухани астанасында дәл осындай ескерткіштің болуы заңдылық екеніне тоқталған еді. Ол өз сөзінде: «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық»-деп ағынан жарылған болатын Халық қаһарманы. Иа, Тоқтар ағамыздың сөзінің жаны бар. Ұлтымыздың ұлылығының үлгісіне айналған Қазыбек бидің сан тарихтың сақталған сырлы сандығындай киелі Түркістанда ұлықталуы дау тудырмас мәселе. Ендігі кезекте осы ескерткіш орын тепкен аллея жайында айта кетейік.
Аллея 2020 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің тапсырысына сәйкес, «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің мердігерлігімен құрылысы жүрген. Жалпы аумағы 0,20 гектарды құрайды. Бұл жерде 200 м2 аяқжол, 20 дана жарықшам, 20 дана орындық және 20 дана қоқыс жәшігі орналастырылған. 600 м2 жер көгалдандырылып, сонымен қатар, балалар ойын алаңшасы, футбол алаңшасы және street workout-пен жабдықталған. Аллеяға кіреберісте орналасқан әсем аркалары да аталған тынығу орнының ажарын аша түскен. Қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» КММ тарапынан күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.
Шаһар көркін ашқан саялы саябақтардың бірі – қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан, құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілген «Парасат» саябағы. Демалыс орнының құрылыс жұмыстары о баста «Түркістан жарық тазалық» ЖШС мекемесі тарапынан жүргізілген. Демалыс аймағының құрылыс монтаж жұмыстарына 260 млн. 742,92 мың.теңге қаржы бөлінген.
Айта кетейік, Парасат саябағы Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін құрылысы салынған. Негізігі мақсаты қала тұрғындары серуендеуге, демалуға арналған. Саябақ алғаш пайдалануға берілгенде абаттандырылып, архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған болатын. Онда жарық бағаналары мен аркалар, смарт орындықтар, субұрқақтар мен тренажерлік аспаптар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы орнатылған. Саябақты сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылған болатын. Аумағы 14,0 га құрайтын саябақта кіре беріс арка, аяқжолдар, балалардың емін-еркін спортпен шұғылдануы үшін ойын алаңшалары, сахна, орындықтар, түнгі жарықтар қаралған, түрлі жеміс ағаштары, шыршалар отырғызылған. Саялы демалыс орнында жасанды көл салынып, көпір орнатылған. Тұрғындарға жайлы, қолайлы жағдай жасау мақсатында жаздың ыстық күндерінде салқын ауа сыйлауға сеп болатын арықшалар қоқыстардан тазартылып, көміліп қалған, сондай-ақ топырақ басқан арықтардың көзі ашылған болатын.
Дегенмен, одан бері қалада көптеген құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, бұл саябақтың күтімі қалған нысандардан қалыс қалғаны жасырын емес. Ел ішінде бір тентектің болатыны белгілі. Бұзақы балалардың саябақ мүлкіне зақым келтіргені, орындықтарды, шам жарықтарын сындырғаны байқалады. Бірақ көңіл көншітетіні, аталмыш саябақтың көгалдандыру жұмыстарына жауапты жұмысшы Сейітбек Дүйсенбаев өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, 14,0 га құрайтын саябаққа егілген шырша, терек, т.б. жеміс ағаштарының қурап қалмауына жол бермей, уақытылы суарып жүр екен. Барлық ағаштардың көгеріп, жайқалып тұрғаны көңілге медеу сыйлады. Демек, жылдар бойы көктің көгеруін күттіретін жұмыстардың негізі сақталған. Ал саябаққа көп уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты тозып кеткен және саябаққа келушілер саны азайған.
Осы ретте, қуана жеткізетін жаңалықтардың бірі – саябақты қайта ретке келтіру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесімен реконструкция жұмыстарына жоба-сметалы құжаттама әзірленді. Жобалаушы болып «МПК-Проект» ЖШС анықталды. Жоба сараптаманың оң қорытындысын алып, құрылысын салуға 2023 жылға қаржы бөлінді. Саябаққа мердігер мекеме ретінде «Компания Өнім» ЖШС анықталды.
Айта кететін, биыл тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстары 10 нысанда, атап айтқанда жаңа стадион маңындағы 7 қабатты, 32 үйдің (9 үй қабылдаудан өткен) ауласын абаттандыру 7 учаскеге бөлініп, жүргізіліп жатыр. Барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері аяқталып, тұрғын үйлерге жалғанған. Ауласын абаттандыру жұмыстары 80 пайызы аяқталып, ойын алаңшалары орнатылған.
Жалпы Түркістан облысында өңірлік өнім көлемі 2019 жылдан бері 3 есе өсіп, былтыр 319 млрд. теңгеге жетті. Биылғы 6 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 141 млрд. теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 есе өсіп, былтыр 200 млрд. теңгеден асса, биыл жарты жылда 77 млрд. теңгеге жетіп отыр.
Биыл Түркістан қаласында қосымша 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Тұрғындардың орташа жалақысы 58 пайызға өсіп, былтыр 213 мың теңгені құрады. Қала бюджетінің өзіндік кірістері соңғы 5 жылда 5 есе артып, былтыр 15 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 11 млрд. теңгені құрады. Соңғы 5 жылда қаламызда жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері қаламызда 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үйді (3377 пәтер), келесі жылы 7 үйді (1062 пәтер) пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Қорыта келгенде, 2018 жылы Түркістан қаласына облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін оның тұрғындарының саны соған дейінгі 161,5 мың адамнан 2023 жылдың басында 220 мың адамға дейін өсті. Яғни, халқының саны 35%-дан астам артқан. Бұл ретте 2018 жылдан бері іске қосылған тұрғын үй ғимараттарының көлемі 6 еседен астам өсті. Байлар, биліктілер Түркістанның тарихи орталығында, киелі орындарының іргесінде үй салып алды.