Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көпқабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен көпқабатты 14 тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының киелі қалаға ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында тиісті жұмыстар басталған.
Соңғы жылдары Түркістан қаласында баспанаға мұқтаж отбасылардың уақыт кешіктірмей кезегімен үйлі болып жатқанын көріп жүрміз. Десе де мыңдаған жанның әлі де кезек күтіп отырғаны рас. Қазіргі таңда қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр десем қателеспеймін. Бұл қала әкімдігінің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі. Бүгінгі күні Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15 мың 707 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Оның ішінде әлсіз топтағы — 6381, көп балалы отбасы — 4249, бюджеттік қызметкер -4874, тұл жетім және жалғыз баспанасы апатты деп танылған – 201 азамат бар. Осы сұрақты пайдаланып, соңғы үші жылда берілген пәтерлердің санын атап өткім келіп тұр. Тарқатып айтатын болсам, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 2020 жылдан бері 89 көпқабатты үйдің құрылысы басталған. Ол 360,6 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 5 мың 649 пәтер.
Соның 2020 жылы 336 пәтері яғни 7 үй ипотекалық жолмен пайдалануға берілген. 2021 жылы дәл осындай 29 үйде 1 мың 921 пәтер кілті өз иелеріне табысталды. Ал, 2022 жылы 53 тұрғын үйде 3 мың 392 пәтер құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 49 үйде 3 мың 155 пәтер пайдалануға берілді. Сіздің «тегін» деген пәтер кезектегі отбасыларға жалға берілген баспана. Бұдан бөлек жоғарыда атаған пәтерлердің 4 мың 488 ипотекаға берілсе, қалған 1 мың 161 жалға берілген. Сонымен бірге, 2021 жылдан бастап көпқабатты 4 298 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, соның ішінде 2022 жылға 240 пәтер ипотека жолымен сатылып, пайдалануға берілді. Бұған қоса, ағымдағы жылдың маусым-қараша айларына бюджет есебінен 3140 пәтерді құрайтын 55 үй салу жоспарланған. Қалған 918 пәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары келесі жыл тапсырылады деп жоспарлап отырмыз. Ретіне қарай тоқтала кетейін. Тұрғын үйлердің пәтерлері мемлекеттің «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында халыққа тиімді бағамен ұсынылуда. Нақты айтқанда пәтердің 1 шаршы метрі 180,0 мың теңге құрап отыр.
Сондай-ақ, коммерциялық және жеке инвесторлар есебінен 2020-2023 жылдары Түркістан қаласында көпқабатты 110 үй 4263 пәтердің құрылысы жүргізіліп, 1 мың 866 пәтерлік 60 тұрғын үй пайдалануға берілсе, қалған 50 үйді 2023-2024 жылдарға қабылдаудан өткізу жоспарланған. Ағымдағы жылы жалпы ауданы 138,0 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 100 пәтерлік 24 тұрғын үйді бюджет есебінен сатып алу жоспарлануда. Және де 2022 жылдың соңында үй кезегіндегілерге 104 пәтер берілсе, осы жылы 720 пәтер беру жоспарланып, оның 390-ы пәтер кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілді.
2018 жылдың жазында облыс орталығы мәртебесі берілген Түркістанда құрылыс ерекше қарқын алып, еліміздегі және шетелдегі ірі алпауыт компаниялары өз қызметін ұсына бастады. Қаланың бас жоспары қайта жасалып, рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталықтар бағытында дамытуға басымдық берілді. Екі бағытта да жаңа нысандар салынып, туризм саласы жандана түсті. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын Түркістаннан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйектегі сапарында көптеген оң өзгеріс болғанын атап өтті.
«Кейінгі жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады», деді Президент.
Облыс орталығы мәртебесі берілген соң қалада 20 тұрғын үйдің (1 200 пәтер) құрылысы басталды. Ол көпқабатты 20 үйдің құрылысы 2019 жылы қабылдаудан өтіп, түрлі санаттағы тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді. Сонымен қатар «Түркістан» ӘКК АҚ жеке инвесторлар есебінен салынатын үйлерге тапсырысшы болып, нәтижесінде қалада «Арман», «Сырдария», «Яссы» деп аталатын 5 қабатты 50 үйдің құрылысы басталды. Осылайша, өз қаржысына пәтер алуға ниетті азаматтарға да мүмкіндік жасалды. Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты көшіп келген мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 400-ден аса пәтер берілді. Қалалық құрылыс бөлімі 5 қабатты үйлермен шектелмей жаңа кезеңге бет бұрды. Бас жоспарға сәйкес облыс әкімдігі ғимаратын қоршай салынатын үйлерге де қойылатын талап жоғары болды. Сәулетшілердің жобаларын талқылау нәтижесінде, мақұлданған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің (1 452 пәтер) құрылысы 2019 жылы басталды. Астана, Алматы қалаларының сәулетшілері өз жобаларын Түркістанда іске асырып, ерекше үлгідегі үйлер бой көтерді. Төменгі қабаты коммерциялық жайлардан тұратын үйлер күйдірілген кірпіштен немесе құйылмалы темірбетон монолиттен салынды.
Аталған бағдарлама кезек күткен немесе тұрғын үйге мұқтаж жас отбасыларға таптырмас мүмкіндік болды. Себебі үйлер аяқталған жаңа күйінде 1 шаршы метріне 180 000 теңге болып белгіленген. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Караван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі белгілеп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үйлерге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. 2020-2022 жылдың қорытындысымен бюджет есебінен 89 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 85 үйі қабылдаудан өтті. Нәтижесінде, 5 500-ден аса пәтер өз иесін тапты. Оның 1 200-ден астамы кезектегілерге тегін таратылса, 4 300-ден астамы ипотекамен сатылған. Тұрғын үй құрылысының қаржыны көп қажет ететіні мәлім. 2019 жылғы жобаларда 1 шаршы метр құны 220 мың теңге болса, 2022 жылға бұл баға 350-400 мың теңгеден асқан. Бұл орайда мамандар оның себебін құрылыс материалдарының жыл санап қымбаттауы, жетіспеушілігі, көп материалдың елімізде өндірілмеуімен байланыстырады. Айта кетелік, Түркістан қаласында 2018 жылы баспаналардың, оның ішінде көпқабатты үйлерде 1 және 2 бөлмелі пәтерлердің сатылу бағасы 4-6 млн теңге болса, 2022 жылы 7-10 млн теңге аралығында болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сұраныс, пәтерлердің сатылу қарқыны төмен. Бұл өз кезегінде жаңа баспаналардың көптеп пайдалануға берілуіне де байланысты болса керек. Дегенмен құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.
Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.
«2021-2022 жылдары қала аумағында 19 мердігер мекемеге ескерту жолданып, 154 кемшілік қайта қалпына келтірілді. Соттың шешімімен 5 млн теңгеден аса айыппұл өндіріліп, екі мердігер мекеме жосықсыз деп танылған еді. Жуырда жұмыс тобы құрылыс нысандарын аралап шығып, анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлерге жұмысты сапалы атқару тапсырылды. Кемшіліктерді түзетуге мерзім белгіленіп, қадағалаушы мен бақылаушы мамандарға ескертілді. Түркістандағы әрбір құрылыс нысаны қатаң бақылауда болады», дейді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғимараттары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түркістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-рухани орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітапханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм университеті бой көтерді. Құрылыс қарқыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.
Айта кететін, түрленген Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарлары. Қала тіршілігі үшін аталған аса маңызды нысандарда 72000 шаршы метр су жиналып, халыққа беріліп келеді. Резервуарлардағы таза суды елге жеткізу күн тәртібіндегі елеулі мәселелер тізбегінен түспек емес. Атқарылған жұмыстардың көптігімен қоса, облыс орталығына қоныс аударып, ай санап артып келе жатқан халық саны да естен шықпауы керек. Демек, жасалынар жұмыстардың да бір сәтке тоқтамасы сөзсіз.
«Жылай-жылай арық қазсаң, Күле-күле су ішерсің» деген сөз бар қазақта. Бүгінгі түрленген Түркістандағы қолға алынған ауыз су мәселесі оңайлықпен оңтайлы шешім табар түйін емес. Сондықтан, қиындықсыз ешбір істің нәтижесіне жетпейтінімізді ұмытпаған жөн. Дәл қазір сұрауы бар судың бағасына жетіп, қадірін білмеске болмайтын уақыт.
Жалпы қаламызда саябақтардың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.
«ҚАЗТРАНСГАЗ» АҚ-ның талабы бойынша көпқабатты үйлерге коксиалды түтін шығатын мұржа орнатылуы тиіс. Қазіргі таңда 1 үйге коксиалды мұржа орнатылып, қысымдаудан өтуде.
Сектор аумағында 2 нысанның құрылысы аяқталып, 4 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Одан басқа, 3 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, алдыңғы кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша 4 трансформатор орнатылды.
"Яссы" секторында 197,3 шқ. құрайтын 180 көше болса (оның ішінде 46 көше асфальт жол, 80 көше тас жол, 54 көше топырақ жол),
ағымдағы жылы 11,9 шқ.құрайтын 12 көше орташа жөндеуден өтті, 28,8 шқ құрайтын 36 көшеге тас төселді, 6,7 шқ. құрайтын 7 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді.
Сонымен қатар, Қожабаев көшесінде және Қазыбек би – О.Жарылқапов көшелерінің аралығында жол құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы Т.Бокин көшесі бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің аумағы абаттандырылуда. Сақ қорған көшесінде ойын алаңшасы салынды, "Тұран" және "Шатқал" шығармашылық саябағы көгалдандырылды.
Кездесу барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді.
Қазіргі таңда қала аумағындағы газ құбыры жүргізілген аймақтардың 98% көгілдір отын қолданып отыр.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері, "ҚазТрансГаз" АҚ, Газинспекциясы мамандары және сектор меңгерушілерімен бірге жылыту маусымына дайындық ретінде тұрғындардың газ қазандықтарын тексеру жұмыстары жүруде.
Іс-шара барысында тұрғындарға жылыту маусымындағы газ қолданудың қауіпсіздік ережелері бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған жадынама парақшалары таратылуда.