Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай және «АLTYN KÚZ – 2023», «Қала күні» мерекелік іс-шаралары аясында Жетісай қаласындағы «Жеңіс» алаңында Жетісай ауданы әкімдігінің қолдауымен Жетісай қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Оқырман ұлт» тақырыбында кітап көрме-жәрмеңкесі болып өтті.
Жетісай қаласы тұрғындарының кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, жаңа кітаптармен таныстыра отырып азаматтар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға «QAZYNA», «ОТБАСЫ хрестоматиясы», «Olja Peak», «MARFU book», «MAZMUNDAMA», «Qasym kitaphanasy», «KitapAl», «Steppe&world», «Ziyat», «Qyr Balasy» секілді Алматы қаласынан шақырылған 10 баспа 15 мыңнан астам түрлі жанрларда жазылған кітаптарды көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен қатар, жастар арасында кітап оқу дәстүрін жаңғырту мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Құдияр Бағдат Болатұлымен, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін қалаушы, шығыстанушы, логотерапевт, «Бейсен және болмыс», «Өмірге ғашық болу», «Өркениетті адам» кітаптарының авторы Санжар Керімбаймен және «Кітапты не үшін оқимыз?», «Жылдам оқу», «Мінезді өзгерту алхимиясы», «Әдет күші», «Супержады» кітаптарының авторы Мирас Кесебаевпен кездесулер, кітап пен кітап оқу туралы танымдық дәрістер өткізілді.
Кітап оқу — өнер деп айтып жатамыз. Шындығына келгенде, кітаптың нақ өзі үлкен өнер туындысы деуге толық негіз бар. Өйткені, кітаптың көз тартар мұқабасынан бастап, оның ішіндегі безендірілуі, дизайндық ерекшеліктері өзінше бір бөлек өнер дейтін болсақ, ал ондағы жазылған мәтіннің мән-мағынасы, кітап ішіндегі оқиғаның оқырманды елітіп әкетуінде де үлкен өнер әрі еңбек жатыр. Кітапты басып шығаруда көптеген қызметкерлер еңбектенеді. Және өз оқырманының жүрегіне жол табатын дүниені табады. Жасыратыны жоқ, ең әуелі кез келген оқырман кітаптың мұқабасына зер салады. Ал мұқабадағы суреттің кітап ішінде маржандай тізілген мәтіннің мағынасын ашуы да көп ізденісті, өнерге деген ықыласты қажет ететіні сөзсіз. Баспа кітаптарының сапалы әрі көп данамен басылуының өзі бұл өнер туындысына деген сұраныстың жоғары екендігін айқындайды.
Кітап өнері кітап мәдениетімен тығыз байланысты. Жоғарыда атап өткен әсем безендірулер, жарқын иллюстрациялар, сәнді мұқабалар кітап мәдениетінде де айрықша рөл атқарады. Кітаптағы мәтін арқылы адамда мәдениет қалыптасады. Басылымның тутул бетіндегі мәліметтердің дұрыс әрі стандартқа сай болуы да, кітаптың мәдениетін арттырмаса төмендетпейді. Осы орайда біз кітап, оқу мәдениетінің тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуының құралы ретінде қарастырамыз. Өйткені, кітап білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Ұлттық мәдени кодымыздың өзі кітап арқылы қалыптасады. Жалпы кітапты мәдениеттен, өнерден алшақ қарастыру мүмкін емес. Өйткені, түрлі өнердің бәрі адамзатқа кітап арқылы насихатталып, тарлан тарихымыздың өзі осы өнер туындысы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Сонымен қатар, кітап оқуға деген сүйіспеншілік адамдарды жақындастырады. Ғасырлар бойы кітап қоғамда өзінің белгілі бір функциясын ұстап тұрды. Ал оқу мәдениеті — адамның білім, білік дағдыларын қалыптастыра отырып, шығарманың өн бойына еніп, түсіну, қабылдау қабілеттерін өздігінен игеруіне мүмкіндік туғызды. Әдебиет сүйер қауым жыл сайын Дүниежүзілік кітапқұмарлар күнін атап өтеді.
Бүкіл әлемде бұл мерекені жазушылар, ақындар, баспагерлер, типография қызметкерлері мен кітап дүкенінің сатушылары, кітапханашылар және әлбетте әдебиеттің жанкүйерлері — оқырмандар атап өтеді.
Әлем елдері адамзат дамуындағы кітаптың мән-маңызын әлдеқашан мойындаған. Қазіргі озық технологиялар дәуірінде кітап оқу мәдениеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, ой-сананы өсіретін, интеллектуалдық тұлға қалыптастыратын, жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрететін кітапқа деген сұраныс барған сайын өсіп барады. Бұл ретте қазіргі оқырмандар, әсіресе жастар қандай кітап оқып жүр, жалпы кітап оқу мәдениетінің бағыты қалай?
Бүгінгі жастар кітап оқымайды деген кереғар пікірге, кітапханалардың оқу залдарында кітапқа үңілген, әр түрлі бағытта кітаптар іздеген жастар дәлел.
Балалардың шығармашылығын дамыту, кітап оқуға ынталандыру халықаралық мәселеге айналған. Балалар арасында кітап оқуға құлшыныстың жоқтығын жою мәселесінде белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жұмыстардың негізіндегі тәжірибелердің нәтижелі екенін көруімізге болады. Демек, жағдайды өзгертуге толық негіз бар.
Баланы кітап оқуға қанша жасынан бастап қалыптастыруға болады деген сұрақ жиі қойылады. Туғаннан бастап қалыптастыруға болады. Бізде ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған: жырлар, дастандар, жаңылтпаш, қисса, аңыз, хикаят, ана әлдиінің өзі. Халқымыз ауыз әдебиетіне қанығып өскен. Қазіргі таңда сол қисса, әңгімелерді кітаптан оқып беруге болады. Сондықтан перзентханадан шыққан күннен бастап, баланың құлағына ақырын-ақырын құя беру керек. Кейін бала белгілі бір жасқа жеткен кезде кітапты қолына алып оқи бастайды. Жалпы кішкентай күнінен дағдыландырған дұрыс. Шекспирдің бір сөзі бар ғой «мен бос уақытымда кітап оқымаймын, мен кітап оқуға арнайы уақыт бөлемін» дейді. Бізде «жапондар былай жасайды екен», «испандар олай жасайды екен» деп өзгенің салтына, өзге елдің дүниесіне көзіміз ашық, құлағымыз түрік болады. Бірақ қарапайым дүниелерге келген кезде, мысалы, кітап оқуға, оларда кітап оқу мәдениеті қалай қалыптасқан екен деп зерттемейміз.
Қазақ әдебиетінің классикалық шығармалары, орыс, шетел әдебиеті әлі де сұранысқа ие. Шетел әдебиеті қазір де аударылып жатыр. Сіздің айтып отырған, жеңіл жазылған қарапайым кітап дегеніңіз блогерлердің қарапайым халыққа қарапайым жеткізейік деп жазып жүрген бір-екілі дүниесі ғой. Оның ешқандай зияны жоқ деп ойлаймын. Тіпті кітап оқымайтын адам жеңіл жазылған дүниелерді оқыса жақсы. Ауыз әдебиетін, әдеби тілді барлығы түсініп, барлығы сөйлеп кету керек деген ұстаным болмау керек. Жеңіл-желпі жазылса да, сауатты жазуды сол кітаптан көріп алады деген деңгейге дейін жеттік қой. Жалпы тілімізді, рухымыздың негізі қазақ тілінде, ауыз әдебиетінде. Өте бай тіл, бірақ оны білгілі бір деңгейде түсінетін орта бар, жас бар. Сосын мынау мектеп бағдарламасына шұрайлы шығармаларды енгізуіміз керек.
Қазақстанда оқулықтардың қажетті қоры болғанымен, балалар оқитын көркем әдебиеттің саны көңіл көншітпейді. Деседе, көркем әдебиеттің балаларға қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірлеген еді. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданды.
Сонымен қатар кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қамтамасыз ету де күн тәртібіне қойылған. Қазақ тілді кітаптардың цифрлы нұсқасын жасау идеясы да жүзеге асырылып келеді.
Ақпараттық қоғамда оқу мен «кітап оқитын адам» ұлттық құндылыққа айналып бара жатыр. Кітап оқитын ұлт – кітап оқитын балалардан қалыптасады. Қазір әлемнің көптеген елдері кітап оқымайтын жасөспірімдермен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін қарастырып жатыр. Техника мен ақпараттық жүйелердің дамуы оң мүмкіндікке қол жеткізуге болатын құралға айналуда. Адамның бойындағы кітап оқу дағдысы бала күннен қалыптасады.