Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде жергілікті азаматтар оқушы санының жыл сайын артуына байланысты жаңа мектеп салып беруін сұранған болатын. Нәтижесінде Ақтөбе ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев елді мекені аумағынан 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек Көгерту ауылында 300 орындық білім нысанының құрылысы бастау алды. Келер жылы Жуантөбе және Ескіқорған елді мекендерінде 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
- Ақтөбе ауылдық округі ауданымыздағы халық тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Оқушылардың саны жыл өткен сайын артып, жаңа мектептер салуды талап етеді. Солардың бірі осы Көгерту ауылында. Өздеріңіз білесіздер әр шаңырақта бес, алты оқушы бар. Ал біздер сол оқушылардың сапалы білім алу үшін мектептер салып, білім базасын нығайтуымыз қажет. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асады, - дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердаулет Жасұзақов.
Айта кетейік, №38 «Көгерту» бастауыш білім беретін мектебінде 70 оқушы білім алатын білім нысаны 1961 жылы пайдалануға берілген. Алғашында кәсіптік білім беру нысаны ретінде қолданылып, кейіннен ыңғайластырылған мектеп ретінде пайдаланып келінеді. Ауылдық елді мекеннің дамуы мен тұрғындар сұранысы негізінде жаңа мектеп салынатын жер телімі анықталды. Қос мектептің құрылысы келер жылы аяқталуы көзделген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деп атап көрсеткен болатын. Бұл ұлттық жобаның түпкі мақсаты – әрбір баланың сапалы білім алуына қолайлы жағдай тудыру. Бала ештеңеге алаңдамай тек сабағын оқып, білімді де білікті болып шығуы тиіс.
Білім сапасын көтеру – егемен елдің білім саласының, Жаңа Қазақстанның жақсы мұғалімінің ең үлкен мақсаты. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейте түскен абзал. Яғни сапалы білім беру ісі жаңа заманауи технологиялармен, оқытудың озық әдіс-тәсілдерімен толық жарақтандырылып, оқыту мен тәрбиелеудің үрдісі үздіксіз жалғаса берсе, баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жетілдіруге саналы ғұмырын сарп ететін мұғалімнің рөлі арта түссе, ұлағатты ұстаздарымыз өз біліктілігін ұдайы арттырып отырса, білімнің сапасын көтеруге болады. Білім сапасының жоғары болуы мен оқушылардың ынта-жігерін арттыруда үйдегі ата-ананың да ықпалы зор. Білім сапасын арттыру үшін басты мақсат – мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру, үздіксіз білім алу арқылы сапалы білім беру көзделеді. Мұғалім кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыруының арқасында ғана сапалы білім беруге ұмтылады. Өркениет көшінен қалмай, білім беру ісін зор ізденушілікпен жұмыс жасағанда ғана оқушының білім сапасы артады. Жаңартылған білім беру мазмұны мағлұматтар мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, алған мәліметтері пайдалы болатындай ойлануына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар оқушылар жаңа идеяларды әртүрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алады. Мұғаліммен бірге ең алдымен оқушы да өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыруға атсалысуы керек.
Әрбір білім беру ұйымының міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, функционалдық сауаттылық дағдылары бар және оны қоршаған болмыста бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру.
2022-2023 оқу жылында білім беруді ұйымдастыруда төмендегі міндеттерге назар аударылды. Білім алушылардың білімін толықтыру; қауіпсіздік және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету; білім алушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету; цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау; инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету.
Білім ошақтарындағы педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру үшін, мұғалімдердің оқу үдерісіндегі инновациялық жұмыстарды бірлесе атқарып, анықталған проблемаларды ортаға салып шешу жолдарын ақылдаса отырып бірлікте жүргізудің тиімділігі байқалды. Әдістемелік орталық мамандары шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдермен бірлесе отырып кез келген мұғалімнің сабағына қатысатын жақсы үрдіс қалыптастырдық. Оны тексеру деп емес, керісінше көмекші құрал ретінде қабылдап, кемшін тұстарын түсіндіру, әдістемелік қолдау көрсету деп түсінген абзал. Мектеп, ата-ана, оқушы үштік одақтың байланысын жақсарту – басты міндеттеріміздің бірі. Өйткені бұл байланыс орнықпай нәтиже табысты болмайды. Әр ашық сабақ кезінде ата-аналар ғана емес, ата-әжелер де қатысып, мектепке, мұғалімге, сабаққа қатысты сұрақтарын ашық қойып, тиісті жауаптарын алды. Осының нәтижесінде педагогтердің деңгейі байқалып жатыр. Кері байланыс береміз, мектеп директоры мен оның орынбасарларына мұғалімнің сабағы жайлы пікірімізді жасырмай айтамыз. Сабағын дұрыс өткізе алмаған мұғалім туралы да пікірімізді мектеп басшылығына жеткіземіз. Ол келесі жылы оған сағат бөлгенде, басқалай да жағдайларда өзінің шешімін қабылдайтын болады.
Тағы бір айта кететін нәрсе, ұлттық құндылықтарға басымдық беріп келеміз. Әр мектептің бастауыш сынып оқушыларының бойына әжелердің ертегілері арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіруді жолға қойдық. Ал жоғары сынып оқушыларының бойына білім әлемдік болса да, тәрбие ұлттық болуы керек деген қағидамен жұмыс жүргізіп келеміз. Әр мұғалім өз сабағында ұлттық құндылықтармен жұмыс істеуі тиіс. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Өйткені алған білім жоғары деңгейде болып, ал ұлттық салт-дәстүрден, тіл мен мәдениеттен жұрдай болса ондай оқушылардан не қайыр.
Президент айрықша тоқталған тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды екенін айтты.
«Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету қажет екенін атап өтті. Өйткені цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен, сабақтарымен қамтамасыз етуге болады.
Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет.