Келес ауданына қарасты №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында 1957 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасынан басып шығарылған Абай Құнанбайұлының екі томдық шығармалар жинағы сақталған. Бұл мектеп кітапханасындағы көне әрі құнды кітаптардың бірі болып табылады. Мектеп кітапханашысы Гүлмира Турысбекованың айтуынша мұндай кітаптарға оқырмандар тарапынан сұраныс көп екен.
- Мектебіміздің кітапханасында жалпы 15 351 кітап бар, оқулық саны 14 456, әдістемелік кітаптар 177, анықтамалық кітаптар 56, сөздіктер 29, электронды оқулықтар 239, әдеби кітаптар 394 дананы құрайды. Соның ішінде ең көне кітап 1957 жылғы Абай Құнанбаевтың шығармалар жинағының 1-томы қолданысқа ие болып тұр. Кітап мектеп кітапханасында 66 жылдан бері сақтаулы. Мұндай жәдігерлерді біз көздің қарашығындай сақтаймыз,-дейді Гүлмира Турысбекова.
Айта кету керек мектеп кітапханасында оқушылардың кітап оқуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ балаларды кітап оқуға баулу мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы, өркениетті қоғамның ұстыны – кітапхана. Білім-ғылымның бастауына айналған кітапқа құмарлық адамзатты сана биігіне көтеріп, озық технология мен рухани жаңалықтың игілігін сезінуге жетеледі. Сондықтан кітапхана мен кітаптың қадірі қашанда жоғары. Бүгінде осынау маңызды мекен – кітапханада еңбек етіп, оқырманға жол сілтейтін мамандардың маңызы артуда.
Кітап оқу қабілеті адамның мінезі секілді. Оның жүйелі машық арқылы қалыптастыруға болады. Екіншіден, бұл отбасы, достар арасында қалыптасу керек құбылыс. Яғни, оқыған қызықты кітапты талқылау, насихаттау өзгелерді де кітап оқуға итермелейді. Кітап оқу мәдениеті әрбір отбасында қалыптасса, сонда оқитын ұлтқа айналар едік. Кітап оқуды әдет қылып қалыптастыру үшін күніне 10 минуттан 30 минутқа дейін уақыт бөлген жөн. Смартфонға үңілмей, жарты сағат миды демалдыру үшін және рухани ләззат алу мақсатында кітап оқу керек. Одан кейін оның пайдасын жиі айтатын кітапхаларда өтетін мәдени шаралар, кітап клубтары секілді жерлерге көп барған пайдалы. Тіпті, кітап клубтарына барып жүріп-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға болады.
Маңыздысы – үздіксіз үйрету. Жалпы баланы естияр шақтан бастап кітап оқуға баулиды. Мәселен, қызықты ертегі кітаптар, суретті кітаптар және тәрбиелік маңызы зор кітаптарды оқыту нәтиже бермек. Бізде ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған. Жыр, дастан, жаңылтпаш, қисса, аңыз, хикаят, ана әлдиінің өзі кітап оқытуға көмекші құрал. Мұны халқымыз ауыз әдебиетіне қанығып өскен буынның зияткерлік қабілетінен аңғару қиын емес. Қазіргі таңда сол қисса, әңгімелерді кітаптан оқып беруге болады.
Сондықтан бала ес білген шақтан бастап құлағына ақырын-ақырын құя беру керек. Кейін бала белгілі бір жасқа жеткен кезде кітапты қолына алып оқи бастайды. Кішкентай күнінен дағдыланған бала кітапқа жақын болады. Шекспирдің бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол «Мен бос уақытымда кітап оқымаймын, мен кітап оқуға арнайы уақыт бөлемін» дейді.
Әр адамның өзіне жақын кітап болады. Біреу тарихи романды ұнатса, біреу ысқақ-әңгіме, детективке жақын. Мысалы, маған тарихи романдарды оқыған ұнайды. Сондықтан, кітап дүкендері, үлкен кітапханаларға келіп кітап таңдаған дұрыс болады. Расында, кітап оқу үлкен қабілет. Сол қабілетке қарай өзінің таңдап оқитын жанры болады. Кітап оқуды оқырманның талғамына салған жөн. Тек қана бір жанрға үйренген, соны оқитын адамдар болады. Мен кітапханашы, ата-ана, оқырман ретінде айтарым, ең бірінші көркем әдебиет оқу керек. Ауыз әдебиетімен сусындаған бала ертегі, дастан, аңыз, қиссаларды оқығаннан кейін бағыт-бағдар, талғам қалыптасады. Ол баланың қиялын дамытады. «Қыран жетпеген жерге қиял жетеді» дегендей, жалпы зерттеулер бойынша көркем әдебиет оқыған баладан креативті дүниелер шығады. Ғылыми-фантастика оқыған балалар ғылыми жаңалықтар ашады.
Кітап оқуды үйрету үшін оның әдісін, форматын өзгерту қажет бірнеше әдістер бар.
Олар: Біріншіден шараларды еркін форматта өткізу керек деп ойлаймын. Мен өзім кітапханашы ретінде шын кітап оқитын өскелең ұрпаққа ұялы телефонның кедергі болмайтынына сенемін және болашақта білімнің көзі кітап болатынын айта аламын.
Екіншіден, кітапханада өтетін әдеби кештердің форматын ауыстыру қажет. Сондай-ақ, жаңадан шыққан кітапқа кәсіби деңгейде рецензия берілуі керек. Жалпы, шығарма насихатталып, оқырман іздеп оқитындай кештерді өткізу керек.
Сонымен қатар, қазіргі кезде Facebook, Instagram және YouTube-тегі танымал интернет-сайттарда кітапхана қызметкерлері электронды кітаптарға шолулар, виртуалды экскурсиялар, қызықты тесттер мен викториналар, балалар мен жасөспірімдерге арналған онлайн кітап оқуды жүргізеді. Бейнероликтер шығарыла бастады, онда аймақтың танымал адамдары өздерінің сүйікті кітаптары мен авторлары туралы әңгімелейді.
Бірақ бұл кітапханалар онлайн режимге өтеді дегенді білдірмейді. Енді кітапханашылар оқырманмен кездесуге, әңгімелесуге, қажетті кітапты табуға көмектесуге, кеңес беруге дайын.
Қолға алып астын сызып газет, кітап оқудың берері көп-ау. Кей тұсында ойға бөгіп, кей тұсын қайыра оқып, оңаша, әсем бір күй кешудің әсеріне не жетсін? Ерекше ықпалы бар мәдениет қой. Кітап оқымаған соң талғамның төмендейтіні жанға батады. Өткір тілді, орамды ойлы, жеті қат жер астындағыны білетін біртуар сыншылардың мақалаларын жиі оқыса оқырман да, қаламгер де өсер еді. Айтпағымыз, өресі биік көркем шығармалар көбірек тиражбен басылып, өңірлерге кең таралса, білікті ғалымдар, жазушылар, сыншылар белсендірек болып, өткір ой-пікірлерін шалғайдағы оқырманына да жеткізіп отырса, оқырман талғамын қалыптастыруға көбірек көңіл бөлсе, әдебиет кеңінен насихатталып, қолдау көрсетіліп отырса. Өйткені талғам тәрбиеленбесе түсінбестік көбейіп, тірелер тығырықтың көбейе түсері сөзсіз.
Мемлекет жас жазушылар мен ақындардың шығармаларын жарыққа шығаруға қолдау көрсетеді. Алайда, осы уақытқа дейін балалар әдебиетінің көпшілігі, әсіресе мемлекеттік тілдегілер – танымал кітаптардың немесе классикалық шығармалардың аудармалары. Әрине, оларды оқу да маңызды. Бірақ бізге жаңа авторлар қажет, олардың кітаптарында қазақстандық балалар мен жасөспірімдер өз заманына тән проблемалардың шешімін табуы тиіс. Сонда ғана біз оқу мәдениетін дамыта аламыз. Кітапты ашқан мұқият оқырман әлем және ондағы орны, басқалармен қарым-қатынасы және өзін-өзі тануға қатысты мыңдаған сұрақтарға жауап алады.