«Кітап Саяхаты-2023» Шежірелі өлкеден – Рухани темірқазыққа акциясы аясында кітап керуенімен қонақта Созақ аудандық кітапханасы.
Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов, Түркістан облысы Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, ҚР мәдениет қайраткері - Ұлжан Мұстафаева, Түркістанның құрметті азаматтары Өтепберген Қуанышбай, Кеңес Мәрсәлі, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.
Созақ ауданы «Фараб» кітапханасының қорына 500 кітап және тактильді кітап сыйға тартты. Сонымен қатар ауданның арда тумалары Нұржамал Төлеуова, Тұмартай Дінтайұлы, Сәрсенбек Сайлаубекұлы келушілерді өтіп жатқан шарамен құттықтап, оқырман легі көп болуын тіледі. Келушілер мен оқырмандарға арнайы жасақталған «Шежірелі Теріскей, Қазыналы Қаратау» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды.
Іс-шараның екінші бөлігі «Кейіпкерлер шеруі» айдары бойынша Елнұр Қайратұлының «Қасқыр ұлыған түн» шығармасынан қойылым ұсынылып, «Күзгі сыр» тақырыбында рухани әдеби-сазды кешпен жалғасты. Кездесу кейіпкері ақын, жазушы, аудармашы Елнұр Қайратұлы және эстрада жұлдызы, «Жігіттер» квартетінің әншісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ердос Қанаевпен шығармашылық кездесу кешіне ұласты. Шара соңында облыстық «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы өз алғысын білдірді.
Айта кететін, өркениетті қоғамның ұстыны – кітапхана. Білім-ғылымның бастауына айналған кітапқа құмарлық адамзатты сана биігіне көтеріп, озық технология мен рухани жаңалықтың игілігін сезінуге жетеледі. Сондықтан кітапхана мен кітаптың қадірі қашанда жоғары.
Кітап оқу қабілеті адамның мінезі секілді. Оның жүйелі машық арқылы қалыптастыруға болады. Екіншіден, бұл отбасы, достар арасында қалыптасу керек құбылыс. Яғни, оқыған қызықты кітапты талқылау, насихаттау өзгелерді де кітап оқуға итермелейді. Кітап оқу мәдениеті әрбір отбасында қалыптасса, сонда оқитын ұлтқа айналар едік. Кітап оқуды әдет қылып қалыптастыру үшін күніне 10 минуттан 30 минутқа дейін уақыт бөлген жөн. Смартфонға үңілмей, жарты сағат миды демалдыру үшін және рухани ләззат алу мақсатында кітап оқу керек. Одан кейін оның пайдасын жиі айтатын кітапхаларда өтетін мәдени шаралар, кітап клубтары секілді жерлерге көп барған пайдалы. Тіпті, кітап клубтарына барып жүріп-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға болады.
Жалпы баланы естияр шақтан бастап кітап оқуға баулиды. Мәселен, қызықты ертегі кітаптар, суретті кітаптар және тәрбиелік маңызы зор кітаптарды оқыту нәтиже бермек. Бізде ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған. Жыр, дастан, жаңылтпаш, қисса, аңыз, хикаят, ана әлдиінің өзі кітап оқытуға көмекші құрал. Мұны халқымыз ауыз әдебиетіне қанығып өскен буынның зияткерлік қабілетінен аңғару қиын емес. Қазіргі таңда сол қисса, әңгімелерді кітаптан оқып беруге болады.
Сондықтан бала ес білген шақтан бастап құлағына ақырын-ақырын құя беру керек. Кейін бала белгілі бір жасқа жеткен кезде кітапты қолына алып оқи бастайды. Кішкентай күнінен дағдыланған бала кітапқа жақын болады. Шекспирдің бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол «Мен бос уақытымда кітап оқымаймын, мен кітап оқуға арнайы уақыт бөлемін» дейді.
Өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу мақсатында олармен еркін форматта шараларды көп өткізу қажет. Мысалы, «Мен көп оқимын, көп білемін» атты оқу марафоны, «Оқы да өзгеге ұсын», «Кофе және кітап» атты шаралар – аталған мәселені шешуге арналған сәтті қадам.
Дегенмен, мәселеге екіжақты қараған орынды сынды. Бүгінде телефонға телмірген адам көп деп жатамыз. Бірақ өткен ғасырда барлық адам жүз пайыз кітап оқыды деп айта алмаймыз. Кітапты құр шығарып, жинап қоймай, қоғам болып айналысуымыз керек. Қызығушылық тудыру керек. Бізде кітапханада түрлі шаралар, конкурстар өтеді. Демеуші тауып, конкурстар өткіземіз, кітап сыйлаймыз. Қазір әлеуметтік желіде блогерлер кітап оқығаны үшін ақша төлеп жатады. Бірақ ұлттық деңгейде өзгеріс жасау керек. Телефонға үңілген адамның көбеюін мектеп пен кітапханаға тіреп қоюға болмайды. Отбасында бір нәрсе өзгермей, қоғам өзгереді дей алмаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. «Оқуға құштар мектеп» жобасыны аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктернің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлар, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енетін болады. Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы ҚР-ның мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала болып табылады. Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Оқу мәдениеті оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдарын, еңбекке үйрету және дене шынықтыру, сондай-ақ басқа да пәндерді табысты оқып білу үшін міндетті ме? Жауабы анық. Әрине, иә. «Оқу мәдениеті - өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыру факторы» деген түйін сөз бекер айтылмайды. Оқуды дамытуда әдістемелік әдістерді жүйелі және мақсатты түрде қолданған жағдайда оқушының дербес оқуын қалыптастыруға үлес қосады.
Сондықтан бүгінгі таңда оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыру өте маңызды міндет болды.
Оқушының әдеби салада қандай құзыреті болуы керек?
1. Жалпы мәдени-әдеби құзыреттілік - ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде әдебиетті қабылдау.
2. Әлемдік құндылықтар құзыреттілігі - әдебиетте бейнеленген осы құндылықтарға деген көзқарастарын анықтау және нақтылау мүмкіндігі құндылықтарды түсіну.
3. Оқырман құзыреттілігі - шығармашылық, «автор-оқырман» диалогына қосыла білуі, кейіпкерлермен толғана білу, көркем туындысының тіл ерекшеліктерін түсіну.
4. Сөйлеу құзіреттілігі - қазақ әдеби тілінің нормаларын білу; сөйлеу қызметінің негізгі түрлерін меңгеру.
5. Әртүрлі жанрда әдеби шығармашылық жұмыстар жаза білу қабілеті.
Жаңа стандарттарда бастауыштағы оқушының оқу құзыретін қалыптастыру үшін әдеби оқу үйрену басымдық болып табылады. Әрине, адамның кітапқа деген қатынасы бастауыш мектеп жасында қалыптасады. Оңтайлы оқуға үйретудің біршама тиімді резервтерін атап айтуға болады.
1. Ұзақтығы емес, жаттығу жұмыстарының жиілігі маңызды.
Бірінші сынып оқушысын кітапты ұзақ уақыт бойы соңына дейін оқуға отырғызып қоюға болмайды. Біріншіден, баланы шаршатып жалықтырады, екіншіден, оның оқуға деген ынтасын жояды. Онан да 5 минуттан бірнеше бөліп оқытса, әлдеқайда тиімді. Осындай жаттығулардың тиімділігі бір сағаттық жаттығуларға қарағанда әлдеқайда жоғары.
2. Ызыңдап оқу. Ызыңдап оқу дегеніміз – бұл бір мезгілде дауыстап сыныптастарына кедергі келтірмес үшін күбірлеп, әрқайсысы өз жылдамдығымен біреуі жылдам, біреуі баяу барлық оқушылардың оқуы. Әрбір баламен 2 минуттай жұмыс жасай алады.
3. Әр сабақ сайын бес минуттық оқу.
Әр сабақтағы бес минуттық оқуды қарастырып көрейік. Мысалы, Әр сабақта бес минут, әр күні 4 сабақ, аптасына 5 күн бар. Бір апталық жаттығу 100 минут көлемінде болады. Дәстүрлі әдістермен 2-3 минутты салыңыз. Жаттығу уақытынын 50 есеге артқаны көрініп тұр. Мұның бәрі де әдістемелік айласыз жүзеге асады.
4. Ұйықтар алдындағы оқу. Бұл жақсы нәтиже береді. Өйткені соңғы оқиғалар эмоционалды есте сақталып қалады, яғни адам ұйықтағанда, 8 сағат бойы сол әсерде болады.
5. Аялауыш тәртіптегі оқу (егер бала оқуды ұнатпаса).
Жеткіншек бір-екі жолды оқиды және содан кейін қысқа мерзімге демалады. Балалары оқып-үйренуді қаламайтын ата-аналарға осы тренингті ұсыныс жасауға болады.
Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының үлесі маңызды болмақ. Кітап оқу - білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын.