АШЫҚ ӘКІМДІКТЕГІ АШЫҚ КІТАПХАНА

АШЫҚ ӘКІМДІКТЕГІ АШЫҚ КІТАПХАНА

«Оқитын ұлт» республикалық жобасы шеңберінде халықтың оқырман белсенділігін арттыру бағытында түрлі шаралар атқарылуда. Кітап оқу – ұлттық құндылықтарды сақтау, адамзат баласының ой өрісін кеңейту сынды жетістіктерге жетелейді.
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен «Фараб» облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында Кентау қаласы әкімдігінде жылжымалы кітап пункті ашылды. Бұл жобаның мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарған қолжетімділігін арттыру болып табылады.
Жылжымалы кітап пунктіндегі «Ашық қор» да оқырманның кітап оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл кітап пунктінен тек қана мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сонымен бірге қабылдауға келген қаламыздың әр бір тұрғыны уақытын тиімді өткізіп, кітап, газет –журналдар оқуына болады.
«Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 300 ге жуық кітап қоры жасақталған. Оның ішінде барлық салаға қатысты, соның ішінде мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар.
Айта кететін, қазіргі таңда оқу мәдениеті белгілі бір деңгейде дағдарысты бастан кешуде деуімізге толық негіз бар. Олай дейтін себебіміз, кітапқа деген немқұрайлылық белең алуда.
Ғасырлар бойы кітап қоғамда өзінің белгілі бір функциясын ұстап тұрды. Ал оқу мәдениеті - адамның білім, білік дағдыларын қалыптастыра отырып, шығарманың өн бойына еніп, түсіну, қабылдау қабілеттерін өздігінен игеруіне мүмкіндік туғызды. Осы орайда, сол заманда кітаппен жұмыс жасау дағдыларын толық жиынтығы болған деген тұжырымға келеміз.
Егер арнайы әдебиеттерді оқу кезінде оқырманның тек қана ұйымдастырушылық қабілеттері шыңдалатын болса, ал көркем әдебиетті, оның ішінде поэзиялық, прозалық шығармаларды оқығанда, оқыман жеке тұлға ретінде, эмоциялық жағынан толысады, автордың жазу стилінен шабыт алып, жалпы оқу процесінен ләззат алатын болады. Ал енді, керісінше көркемдік деңгейі жоқ шығарманы оқығанда адам тек сөздерді механикалық түрде жаттап алу қабілетінен әрі аспайды. Оған дәлел ретінде өз саласында жетістікке жеткен әйгілі тұлғалардың өмір тарихы айта аламыз. Олардың айтуынша, осындай дәрежеге жеткізген, әрине, кітапқа деген махаббат екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі.
Президент Түркіс­танда өткен Ұлттық құрылтайда «Жас ұрпақтың кітапқа құштар­лығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Ба­ла­лар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тап­сыра­мын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деген болатын. Сондай-ақ Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдаған кезде де қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талабына сай, іздеп жүріп оқитын қызықты туындылар жазылуы керек екеніне айрықша назар аударды. Оқушылардың рухани дамуы үшін олардың театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтты.
Мем­лекет бас­шысының Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінде берген тапсырма­сы негізінде Оқу-ағарту министр­лігі «Оқуға құштар мектеп» рес­публикалық жобасын қолға алға­нын білеміз. Бәріне бірдей то­пырақ шашуға болмас, десек те мектептердің көбінде бұл жобаның жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Мектептер оқу бұрышын ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмаса екен дейміз. Мұғалімдер, сынып жетекшілері, ата-аналар бірлесіп, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында нақты да жүйелі жұмыс жүргізіп отырса, құба-құп. Айталық, оқырмандар конференциясы, «Мені қызықтырған кітап» тақырыбына эссе, «Кітап оқуға құштар сынып» байқауы сынды іс-шаралар өткізу жақсы дәстүрге айналса, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру анағұрлым нәтижелі болмақ.
Сондай-ақ оқушыларды елге танымал тұлғалардың оқуға деген сүйіспеншілігі туралы мәліметтер де қызықтырары анық. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатындағы мына бір сөздерін келтірейік: «Мерзімді баспасөзді үзбей оқимын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қа­тысты тапсырма беремін. Әлеу­меттік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал теле­ди­дардан жаңалықтар мен сарап­тамалық бағдарламаларды көре­мін. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнде­лік жазатыным бар. Мүмкін бола­шақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын». Осындай үлгілі үрдістерді де барынша насихаттау маңызды.
Еске саларлық, халық арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, білімді, талантты жастарды анықтауды мақсат еткен кітап жарысы  2023 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында өткен болатын. Байқауға қатысуға өтінімдер алдын ала www.dauletten.kz сайтына қабылданып, кітап оқу байқауына 18-35 жас аралығындағы 2500-ден аса оқырман тіркелген.  Оқуға міндеттелетін шығармалар тізімінде  С. Торайғыровтың  «Қамар сұлу» романы, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы», Р. Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары», Д. Исабековтің  «Қарғын», А.Мантайдың  «Жүрекке оралу» атты туындылары бар. 
Бекітілген 6 шығарманы оқуға 3 ай уақыт берілді және әр шығарма белгіленген мерзімде оқылуы тиіс болатын. Әр шығарманы оқу уақыты аяқталғаннан кейін ZOOM платформасы арқылы талқылау өтті.  Әр шығарманы оқу барысында қатысушыға әлеуметтік желіде #daulettenqorykitap2023, #akademiyalikkitapkhana хэштегімен кемінде 1 пост жариялау міндеттелген. 
Байқау қорытындысында оқылған шығармалар бойынша онлайн платформада тест тапсырылды. Тест нәтижесінде үздік деп танылған 20 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алды.  Жолдама алған қатысушылар арасынан байқау  жеңімпаздарын анықтау мақсатында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында тест алынды, оқылған кітаптар бойынша талқылау өтті, кітапханаға экскурция ұйымдастырылды. Бас жұлдеге Дубайға жолдама, қалған орындарға ақшалай сыйлықтар табысталған болатын.
Сондай-ақ, облыс өлемінде кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, жаңа кітаптармен таныстыра отырып азаматтар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылып отырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма...