ОРДАБАСЫ: АУДАНДЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК -ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР

ОРДАБАСЫ: АУДАНДЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК -ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР

Ордабасы ауданының білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде тарих пәнінің мұғалімдері арасында ’’Тарих пәнін оқытудың әдістемесі, ерекшеліктері мен білім сапасын арттыру жолдары’’ тақырыбында аудандық әдістемелік –тәжірибелік семинар болып өтті.
Семинар мақсаты: Білім алушыларға жаңартылған білім негізінде АКТ-ны қолдану арқылы жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану.
Семинарды Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Оңалбаева Шолпан Балтабайқызы ашып берсе, мектеп директоры Айжан Сапарымбетова әріптестеріне сәттілік тіледі. Мектептің биология пәнінің мұғалімі Биболова Айгүл әдіскер Шолпан Балтабай қызымен сұхбат жүргізді. Семинар барысы жөнінде сауалнамалар алынды.
Сондай-ақ, семинарға келген қонақтар мектеп мұражайына саяхат жасады. Білім ошағының тарихымен тарих пәнінің мұғалімі Абшенова Ақмарал таныстырып өтті.
Семинарды қорытындылай келе, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ш.Оңалбаева бүгінгі семинарда сабақ өткен мұғалімдердің еңбегін бағалап, аудандық, облыстық марапаттауларға лайық екенін айтып, мектеп ұжымына және барлық қатысушыларға алғыс айтты.
Айта кететін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деп атап көрсеткен болатын. Бұл ұлттық жобаның түпкі мақсаты – әрбір баланың сапалы білім алуына қолайлы жағдай тудыру. Бала ештеңеге алаңдамай тек сабағын оқып, білімді де білікті болып шығуы тиіс.
Білім сапасын көтеру – егемен елдің білім саласының, Жаңа Қазақстанның жақсы мұғалімінің ең үлкен мақсаты. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейте түскен абзал. Яғни сапалы білім беру ісі жаңа заманауи технологиялармен, оқытудың озық әдіс-тәсілдерімен толық жарақтандырылып, оқыту мен тәрбиелеудің үрдісі үздіксіз жалғаса берсе, баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жетілдіруге саналы ғұмырын сарп ететін мұғалімнің рөлі арта түссе, ұлағатты ұстаздарымыз өз біліктілігін ұдайы арттырып отырса, білімнің сапасын көтеруге болады. Білім сапасының жоғары болуы мен оқушылардың ынта-жігерін арттыруда үйдегі ата-ананың да ықпалы зор. Білім сапасын арттыру үшін басты мақсат – мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру, үздіксіз білім алу арқылы сапалы білім беру көзделеді. Мұғалім кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыруының арқасында ғана сапалы білім беруге ұмтылады. Өркениет көшінен қалмай, білім беру ісін зор ізденушілікпен жұмыс жасағанда ғана оқушының білім сапасы артады. Жаңартылған білім беру мазмұны мағлұматтар мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, алған мәліметтері пайдалы болатындай ойлануына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар оқушылар жаңа идеяларды әртүрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алады. Мұғаліммен бірге ең алдымен оқушы да өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыруға атсалысуы керек.
2022-2023 оқу жылында білім беруді ұйымдастыруда төмендегі міндеттерге назар аударылды. Білім алушылардың білімін толықтыру; қауіпсіздік және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету; білім алушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету; цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау; инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету.
Білім ошақтарындағы педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру үшін, мұғалімдердің оқу үдерісіндегі инновациялық жұмыстарды бірлесе атқарып, анықталған проблемаларды ортаға салып шешу жолдарын ақылдаса отырып бірлікте жүргізудің тиімділігі байқалды. Әдістемелік орталық мамандары шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдермен бірлесе отырып кез келген мұғалімнің сабағына қатысатын жақсы үрдіс қалыптастырдық. Оны тексеру деп емес, керісінше көмекші құрал ретінде қабылдап, кемшін тұстарын түсіндіру, әдістемелік қолдау көрсету деп түсінген абзал. Мектеп, ата-ана, оқушы үштік одақтың байланысын жақсарту – басты міндеттеріміздің бірі. Өйткені бұл байланыс орнықпай нәтиже табысты болмайды. Әр ашық сабақ кезінде ата-аналар ғана емес, ата-әжелер де қатысып, мектепке, мұғалімге, сабаққа қатысты сұрақтарын ашық қойып, тиісті жауаптарын алды. Осының нәтижесінде педагогтердің деңгейі байқалып жатыр. Кері байланыс береміз, мектеп директоры мен оның орынбасарларына мұғалімнің сабағы жайлы пікірімізді жасырмай айтамыз. Сабағын дұрыс өткізе алмаған мұғалім туралы да пікірімізді мектеп басшылығына жеткіземіз. Ол келесі жылы оған сағат бөлгенде, басқалай да жағдайларда өзінің шешімін қабылдайтын болады.
Тағы бір айта кететін нәрсе, ұлттық құндылықтарға басымдық беріп келеміз. Әр мектептің бастауыш сынып оқушыларының бойына әжелердің ертегілері арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіруді жолға қойдық. Ал жоғары сынып оқушыларының бойына білім әлемдік болса да, тәрбие ұлттық болуы керек деген қағидамен жұмыс жүргізіп келеміз. Әр мұғалім өз сабағында ұлттық құндылықтармен жұмыс істеуі тиіс. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Өйткені алған білім жоғары деңгейде болып, ал ұлттық салт-дәстүрден, тіл мен мәдениеттен жұрдай болса ондай оқушылардан не қайыр.
Сонымен қатар балабақшаларда да жоба аясында 20 балабақшада ашық есік күндері өткізіліп, онда 200 педагог қамтылды. Бұл да дәл мектептердегідей ережемен, талаппен жүзеге асты. Қазақ елінің болашағы білікті ұстаз бен білімді жастардың қолында екендігі даусыз. Осы саладағы мамандардың кәсібилігін арттырып, Жаңа Қазақстанның жаңаша өркендеуіне үлес қоса алсақ онда еңбегіміздің еш кетпегені.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма...