Отырар ауданы Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернат базасында «Жас мамандардың педагогикалық шеберлігін дамыту арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында жас мамандар форумы өтті. Жас мамандардың педагог мәртебесін арттыру, жастардың кәсіби деңгейін көтеру, сабақты жоспарлаудың күшті және әлсіз жақтарын, саралау тәсілдерін, формативті бағалау, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану мен жас ұстаздардың зерттеу дағдыларын дамыту мақсатында өткізілген форумның әсері ерекше.
Форумның басты міндет-мақсаттары: жас педагогтарды қолдау, осы салаға сұранысты арттыру және шығармашылығын шыңдау, зияткерлік пен кәсіби қызметтің жаңа түрлеріне ынталандыру. Сондай-ақ, білім саласындағы талантты да, талапты жастарды және кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстыру болып табылады.
Форум барысында педагогикалық тәжірибе аламасумен қатар, инновациялық идеялар да айтылды. Аталған форумда жас педагогтер дуэт сабақтар өткізіп, коучинг пен шебер сыныптарға қатысып, әдістемелік әдіс-тәсілдер игерді.
Айта кететін, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударған болатын.
– Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін айтты. Осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс.
Президент айрықша тоқталған өзекті мәселенің бірі – мектептегі орын тапшылығы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді.
Мемлекет басшысы жақында еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу мәселесін қозғағанын жеткізді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан қаржысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті ең қауіпсіз орынға айналдырудың, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесін орнатудың маңызды екенін тағы да еске салды. Мектеп оқушылары арасында белең алған буллинг, әлімжеттік, зорлық-зомбылық көрсету проблемасы да Президент назарынан тыс қалмады.
Сонымен қатар, оқу бағдарламаларын жаңарту әрі жаңғырту, мектептер мен университеттердің техникалық-материалдық базасын дұрыстау, педагогтердің кәсібилігін еселеу, ең бастысы мүмкіндігі шектеулі немесе ерекше балаларға білім беру кезіндегі қолжетімділік, демографиялық мәселелер қарастырылды. Осы тұста аталған жаңалықтарға және өзгерістерге сүйене отырып, мынадай болжам жасауға болады:
- Білім деңгейінің сапасын арттыру;
- Мемлекеттің орныққан әлеуметтіа және экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін соған қабілетті білім жүйесін қалыпқа келтіру;
- Инноаациялар және ғылыми-зерттеуді дамыту үшін жағдай жасау;
- Әлемдік еңбек нарығында білікті әрі табысты, бәсекеге толықтай қабілетті кадрларды даярлау.