Жуырда Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты №5 «Мақтаарал» мектеп-гимназия базасында «Үздік қосымша білім беру педагогі” байқауының аудандық кезеңі өткізілді.
Байқау мақсаты: қосымша білім беру педагогтерінің, үйірме жетекшілерінің потенциалды мүмкіндіктерін анықтау, қосымша білім беру процесінде баланың ынтасы мен шабытына жете көңіл бөлу, үйірме жұмысының жандануы мен өркендеуінің маңыздылығын және шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздарды анықтау.
Байқаудың I-кезеңінде: қосымша білім беру педагогтерінің кәсіби қызметіндегі жетістіктерінің жиынтығы қамтылған портфолио тапсырылды.
II-кезеңде: байқауға қатысушылар “Мамандығым - мақтанышым” тақырыбында қосымша білім беру жұмысын ұйымдастыру барысында замануи тәсілдерді қолдана отырып шеберлік сынып сағаттары (тәжірибелік жұмыс) көрсетілді.
Қорытынды нәтижесінде Абылайхан атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің қосымша білім беру педагогы Алдиярова Айша Қажмұханқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігі,ең алдымен, мақсат-міндеттерді дұрыс шешуден басталады. Қазіргі білім мен техниканың дамыған кезеңінде ұлттық құндылықтарымыз шетелден еніп келе жатқан түрлі мәдениет ағымына көміліп қалмас үшін, жеке тұлғаны ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті етіп тәрбиелеу – басты мақсат болып табылады. Ал міндетіміз – жеке тұлғаның өзіндік көзқарасын қалыптастыру және оны қорғай білуге үйрету, оқушыларға тілді меңгерте отырып, белсенділіктерін арттыру, ақыл-ой, таным қабілеттерін дамыту.
Әрбір күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін жетілдіріп отыруды талап етеді.
Кез-келген оқушы әуелі мұғалімді, сосын барып пәнді не мәңгілік сүйіп, не өмір бойы жек көріп кетеді. Сол себепті мұғалім оқушының өміріне өзгерістер енгізеді. Жанына жақын пәннің мұғалімі көңіліне жақпаса, оқушы ол пәннен алшақтай береді де, жат дүние болуы мүмкін. Сондықтан әр ұстаз оқушының көңіл пернесін дәл басуы, өз пәнін екі жаққа да тиімді әдістермен өткізуі тиіс. Нағыз кәсіби шеберлік осыдан бастау алса керек. Ал оқушыға бір нәрсені мойындату біраз еңбекті қажет етеді. Әсіресе ХХІ ғасыр «ойыншықтары»- интернет, теледидар, онлайн, т.б. қасында мұғалім беделін арттыру оңай шаруа емес. Олай болса,жаңа мұғалім қандай болуы керек?
Біріншіден, менің ойымша, мұғалім жан-жақты жаңашыл, қызықтыра алар қабілетті болуы керек. Өйткені оқушының айналасы қызылды-жасыл дүние: теледидар, компьютер, ғаламтор ойындары. Осылармен жарыса жаңарып отыру керек, олардың көлеңкесінде қалып қойып, пәніңіз де, өзіңіз де оқушы өмірінде екінші, үшінші орынға шығып қалсаңыз жағдайды түзету оңайға соқпайды. Жаңашыл болудан қорықпаңыз, оқушылармен бірге олардың өміріне еніп кетіңіз: олар көретін фильмдерін, тыңдайтын музыкаларын, ойнайтын ойындарын, табынатын әнші, әртістерінен түгелдей хабардар болуға тырысыңыз. Оқушымен өз тілінде сөйлесіңіз. Сонда ғана оқушы көңілі сізге ауады. Ал оқушы көңілі сізде болғаннан кейін пәніңізге де қызығушылығы артады. Қызығу бар жерде ынта, ықылас болады. Ынта бар жерде сапа бар. Ал, керісінше, оқушыға есінен тандыра ұрсып, бала санасына сіңген дүниені сыпырып тастаймын деуден сіз де шаршайсыз, бала да шаршайды. Қайта оқушы өзіңізден алшақтап, тәрбие бұлағын мүлде басқа ортадан табуы мүмкін. Жасөспірімдердің түрлі діни секталарға қосылып немесе суицидке бой алдыруы осыдан келуі де мүмкін. Мұғалімін сыйлайтын оқушыға кез-келген ақпаратты сіңіріп, соның жемісін талап етуге болады. Яғни, бір сөзбен айтқанда, оқушының қалыптасуынан қалып қоймауымыз керек.
Екіншіден,ешқашан баланы қинап оқыта алмаймыз. «Қайтсең де осы өлеңді немесе ережені жаттап ал, әйтпесе келуші болма» деген сияқты сөздерден оқушының пәнге деген жиіркеніші оңай туады. Өз санасының жетегімен істелмеген дүние оның көкейіне мүлде қонбайды. Түсінбеген дүниені түйсіну мүмкін емес. Мұндайды болдырмау үшін тағы да оқушымен «өзінің тілінде» сөйлесіңіз. Қызықтырыңыз, түсіндіріңіз, бірақ қинамаңыз.
Үшіншіден,оқушыдан талап еткенді өзіңіз де орындайтын болыңыз. Оқушы әуелі сізді үлгі етеді. Қызығуын тудырған мұғалім не жасаса, оқушы соны жасауға әрекет қылады. Тақырып барысында өтетін өлеңді жаттап алыңыз, әңгіменің үзіндісін жаттап алыңыз. Түсіндіру барысында қазақ тілінің бар мүмкіндігін қолданып, барынша шұрайлы, барынша сусынын қандыра сөйлеңіз. Оқушыны ақпараттың астында қалдыра бермей, жай ғана негіз салушы болыңыз. Міне, осы үш нәрсені ескерсек, ХХІ ғасыр «ойыншықтарының» алдына шыға аламыз, олардан озық отырсақ, сапалы білім, саналы тәрбие берер кәсіби маман бола алмақпыз.
Қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер», – деген екен. Ұлт болашағына жаны ашитын әрбір мектеп мұғаліміне қазақ тілін оқыту үрдісін жетілдіріп, оны ұйымдастыруға аса жауапты міндет жүктеледі. Сондықтан педагогика жаңалықтарын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу – оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы. Мұғалім уақытты өткізу үшін әдістер қолданбайды, сабақ мақсатына жету үшін, әр жүрекке бір сәуле жағу үшін әдістер пайдаланады.