Шымкент қаласында алғаш рет ересектер арасында жамбы атудан Азия чемпионаты өтті. 14-18 сәуір аралығына жоспарланған құрлық чемпионатында 14 мемлекеттен (Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиланд және Қазақстан) келген, жалпы 64 спортшы жарасты.
Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызы зор екеніне тоқталып өтті.
"Елімізде ұлттық спорттың дамуына айырықша назар аударылып келеді. Биыл Астана қаласында дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Шымкент қаласы спортшылары да ұлттық құрама сапында жауапты сайысқа қатысады. Ұлттық спортты дамытуда қаламызда кезекті рет халықаралық бәсеке ұйымдастырылып отыр. Шымкент қаласына қош келдіңіздер" - деді Шымкент қаласысының әкімінің орынбасары.
Спортшылар 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стильдері) бойынша жарысқа түседі. 15 сәуір мажар стилі, 16 сәуір азия стилі, 17 сәуір түркі стилі, 18 сәуір жамбы стилі бойынша сайыстар өтеді. 19 сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасаланды.
Жарыс қорытындысы:
«Мажар» стилі бойынша 1-орын: Сауд Арабиясының спортшысы Hisham Ali R Al-Tamimі
«Корей» стилі бойынша 1-орын: Сауд Арабиясының спортшысы Hisham Ali R Al-Tamimі
«Түркі» стилі бойынша 1-орын: Қазақстанның спортшысы Батыр Бексауыт
«Жамбы» стилі бойынша 1-орын: Сауд Арабиясының спортшысы Hisham Ali R Al-Tamimі
Чемпионатта 1-орын иеленген әр спортшыға 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Ал, екінші орын алғандар 300 000 теңге алса, үшінші орынға жайғасқандарға 200 000 теңге берілді.
Айта кетсек, Азия чемпионаты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылып отыр.