26 наурыз күні Шымкентте «Театр көктемі - 2024» қалалық кәсіби театрлар фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестивальге қаламыздағы алты театр өздерінің танымал қойылымдарымен қатысуда. Іс-шараның алғашқы күні Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Жұмат Шаниннің ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы келіп, барша әртістерді халықаралық театр күнімен құттықтап, сәттілік тіледі.
-Қаламыздың дамуында театрлардың алатын рөлі зор. Сондықтан да кәсіби театрларды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, сәттілік тілеймін. Кәсібилік бар жерде өсу бар, ой саларлық қойылымдарымен көрермендерді қуантып жүрген театрларымызға шығармашылық табыс тілеймін. Еліміздің руханиятына өз үлесімізді қоса берейік, - деді С.Құранбек.
Фестивальға Шымкент қалалық орыс драма театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры, өзбек драма театры, әзіл-сықақ және сатира театры, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры қатысып отыр. Фетивальдың шымылдығын Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Дариға жүрек» қойылымымен ашты.
Сондай-ақ, «Театр көктемі - 2024» І қалалық кәсіби театрлар фестивалінің аясында неміс жазушысы Вильгельм Гауффтың «Мұрынды ергежейлі» («Карлик Нос») – ертегісі сахналанды.
Қоюшы режиссері Өзбекстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі Ш.Юсупов.
«Мұрынды ергежейлі» - ертегісі неміс жазушысы Вильгельм Гауффтың ең танымал шығармаларының бірі. Ертегінің мәні - сыртқы тартымдылықтан гөрі жан сұлулығы әрқашан маңызды екенін көрсетеді.
Ал, мазмұны бойынша зұлым сиқыршы баланы ұсқынсыз ергежейліге айналдырады. Бала қазға айналған қызды кездестіреді. Екеуі таңғажайып оқиғалардан соң, қарғысты алып тастап, әдемі қыз бен жігітке айналады.
Қалалық және жасөспірімдер театрында сахналанған бұл қойылым тек кішкентай оқырмандарға ғана емес, олардың ата-аналарына да қызықты болды. Көрермендер жақсылық әрқашан зұлымдықты жеңетініне көз жеткізсе, тамаша қойылым да көрермендерге ертегідей сезім сыйлады.