Шымкент қаласы Көрме орталығында Наурыз мейрамына орайластырылып, ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Шымкент қаласының әкімдігі мен Шымкент қалалық «Азаматтық Альянсы» ЗТБ, AMANAT партиясының өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылған іс шараға “Ерекше жол”, “Жақсы сиқыршы”, “Рахмет саған, анашым” ОМД, “Өркен” ББФ, “Жігер” ҚБ, “Шымкент қаласындағы Мүгедектердің қалалық қоғамы” ҚБ, “Іскерлік қауымдастық” ҚБ қамқорлығындағылар және Шымкент қалалық арнайы мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері қатысты.
Мазмұнды іс-шараның мақсаты – ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың дарындылық қабілеті мен мәдени ерекшелігін дамыту. Ерекше жандарға жақсы көңіл-күй сыйлап, түрлі қорлардың қамқорлығындағы адамдармен кездесіп, пікір алмасу. Іс-шара барысында көрме залы ерекше балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының, шығармашылық жұмыстарының көрмесіне толды. Суреттер, аппликациялық бұйымдары көрсетілді. Мерекенің ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз алып, жиналғандарды мәдени шарамен құттықтап, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттырудың маңыздылығын айтып, осы шараға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен қорларға алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, жиналғандар концерт алаңында балалар мен даму ерекшеліктері бар балалардың өнерін тамашалады.
“ARMAN ALANI “Қазақстандық коалициясы” ЗТБ және Шымкент қаласының «Азаматтық Альянсы» ұйымдастыруымен өтіп жүрген аталмыш іс-шаралардың маңызы зор. Ол балалар мен даму ерекшеліктері бар адамдардың шығармашылығын, ізденіс дүниетанымын жан-жақты дамытуда үлкен рөл атқарып келеді. Осы өткізіліп жүрген шаралардың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан тыс қалдырмай, еңбекке баулу, қаражат табуға бейімдеу. Көрмеге қойылған әрбір заттың ерекше ыждағаттылықпен, махаббатпен жасалғаны көрініп тұр. Алдағы уақытта да осындай шаралар жалғасын таба бермек, – дейді іс-шараның өтуіне ұйытқы болған жан Баян Айтбекқызы.
Шынында да көрмеге көздің жауын алатын заттар қойылған. Іс-шара мерекелік концертке ұласып, балаларға сыйлықтар тапсырылды.