Археологиялық қазбадан табылған серкешік

Археологиялық қазбадан табылған серкешік
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында сан алуан жәдігерлер сақтаулы. Атап айтар болсақ, археологиялық табыстарымыз да жетерлік. Солардың бірі де бірегейі «Серкешік». Тотем - (солт. америка Аджибве тайпасының тілінен аударғанда -тек, ата) - белгілі бір тайпаның немесе этникалық топтың шыққан тегі, арғы атасы деп қарастырылатын өсімдік, жануар, зат немесе табиғат құбылысы. Терминді ғылыми айналымға ағылшын жиһанкезі Дж.Лонг енгізген. Адамзат дамуының алғашқы архаикалық сатыларында адамдар өздерінің табиғатпен етене байланысын толық сезінген, сондықтан да олар өздерінің шығу тегін табиғаттың нақты көріністері арқылы түсіндірген.
Мәдениетте адамдардың өздерін осылайша теңдестіру (идентификациялау) формаларын тотемизм деп атайды. Тотемнің пайда болуына адамның хайуанға айналу мүмкіншілігі бар деген аңыздар негіз болса керек. Ал Тотемнің әлеуметтік атқаратын қызметіне оның белгілі бір адамдар қауымдастығының басын біріктіру, туысқандық сезімін қалыптастыруы жатады. Мәдениеттің тотемдік баспалдағынан дүние жүзінде белгілі мәдениеттердің барлығы бірдей өткен. Қазірде Тотемнің қалдықтарын геральдикадан, тұрмыстық символикадан, т.б. көруге болады. Шынайы тотемистік көзқарастар кең тараған америкалық үндістер, солтүстік халықтары. Қазақ мәдениетінің архетипі - көне түркі мәдениетінде де Тотемдік көзқарастар молынан кезігіп отырды. Көне түркілердің өздерінің шығу тегін көк бөрімен байланыстыруы қазақ ақын-жырауларының аузына "бөрі менің байрағым..." деген жолдары салса, қарапайым халық арасында сол Көкбөрі рухына арналып жасалатын бәйге түрі көкпар тарту жүргізілген. Тотемнің сарқыншақтары дамыған діндерде де (құдайды діндарлардың әкесі деп санау; адал және арам жануарлар туралы түсініктердің болуы) сақталған.[1]( Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8).
Серкешік алғашқы кезде халық арасында тотем болғаны белгілі. Қорда сақтаулы серкешік мойынға тағуға арналып жасалған алқа іспеттес. Ол VІ ғасырға тән, қоладан жасалған. Бір сөзбен айтқанда тұмарлық қасиетке ие болған. Ислам діні толық қабылдамас бұрын тұмар ретінде тастар, қыштан жасалған тұмар, аң-құстардың бейнесін, тырнақтарын, тістерін және т.б. таққан. Жалпы қара күштен қорғану мақсатында аң-құстардың бейнесін тағу, жанында ұстау деген сенімдер болған. Ислам діні енгеннен кейін бұндай заттармен ислам дінінің кейбір бөлшектерімен алмастырды. Алайда ыдыстардың сыртынан жан-жануарлардың бейнелері көрініс тапқан. Ежелгі кезеңдегі тасқа қашалып салынған суреттерінің ішінен таутекенің бейнесі көптеп кездеседі. Мәселен скиф-сақ кезеңінің петроглифтері мүйіздері қырлы болып келген тау текелерінің фигураларымен берілген. Таутекенің мүйіздеріндегі бұл қырлар жас ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар, Күйік Мардан қала жұртынан табылған ыдыс пішінде шырағдан қондырғыш ойып салынған өрнектерге бай, таутекенің басы бейнеленген мойынының шеті сақталып қалған. Суреттегі бұл бөлік зооморфты мотивтен хабар береді. Ол қоладан жасалған заттарда жиі кездеседі, соның біріне Күйік Марданнан табылған таутеке бейнелі екі алқаны айтуға болады. Белдіктің төртбұрышты тоғысында азу тісін ақситқан, құйрығы тік көтерілген сұлбасы бейнеленген. Теке бейнелі ІХ-Х ғасырларға жататын ыдыстың сынығында да теке немесе серке бейнесі бейнеленген. Келе-келе орта ғасырлардағы ыдыста серкешіктің толық мүсіні толығымен көрініс таппағанымен тек элементтері ғана кездеседі. Мысалы құмыраның немесе кез келген ыдыстың қолға ұстайтын тұтқасында серкешіктің мүйізінің ұшы ғана кездеседі. Сондай-ақ, үш аяқты ошақтардың аяқтарында мүйізді серкешіктің немесе тау ешкінің бастары жасалатын болған. Қорымызда сақтаулы керамикалық құмыраларда серкешіктің мүйізінің кішкене бөлігі жасалған. Осылайша кейінгі кездердегі ыдыстардағы серкешік бейнесі жойылып, тек тұрмыстық заттарды безендіру мақсатында ғана біршама өзгешеліктермен суреті ғана кездесетін болды.
Сонымен қатар, Ә.Марғұланның еңбегінде де тасқа қашалып салынған суреттердің ішінде таутекелер өте көптеп бейнеленген.
Сақтардың қазандар тұтқасы тұзақ тәрізді, кейбіреулерінің жиектері жануарлар бейнесімен бедерленген. Мысалы, Алматы төңірегінен табылған қазандардың бірі қанатты таутеке бейнесімен бейнеленген. (очерктер. 40 б)
Қоңыртөбе І-ден табылған тұмарлардың ішінде «серкешік» көптеп кездеседі. Әйел адамдардың қабірлерінде арнайы тұмарлар кездесіп отырады. Бұл табылған тұмарлар әйелдің әлеуметтік сатысын көрсетеді. Сонымен бірге, Қоңыртөбе қалашығынан жиырма шақты қоладан жасалған таутекенің де фигуралары табылған. Серкешік немесе таутекенің бейнесі біздің заманымызға дейін адамдар арасында жоғары бағаланып, тотемге айналып үлгерген. Зооморфты тұмарлар тек қазақ халқында ғана болған жоқ. Ол Орта Азияны мекендеген көптеген халықтарда пайдаланған. Мысалы бұл жайында В.Б.Ковалевская «Кавказ и Алан» еңбегінде кавказдықтардың да зооморфты тұмарларды тұтынғандықтарын көрсетеді.
Жалпы серкешік малды бастаушы болып та келеді. Серкешік деп бір жастағы еркек ешкіні айтады. Домбырашыларымыз ортекені күйге қосып ойнақтатқанда оған сүйсінбейтін халық болмайды.
1969-1970 жылы археолог К.Ақышев тапқан алтын адам киімі төрт мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, жылқы, түрлі құс бейнелерін беретін «хайуанат нақышында» жасалғаны баршаға аян.
Таутекені немесе серкешікті тотем санауы ол еркін, азат жүрген жануар. Бостандықты өте жоғары бағалаған халық оған тәнті болған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, Е.Ә.Смағұлов Отырар алқабы Күйік-Мардан, Алтынтөбе, Жалпақтөбе қала жұрты А. 2006 ж.
Айман Досымбаева. «Западный Тюркский каганат» культурное наследие казахской степи» А. 2006 ж.
 
Д.Арынова - Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығының ғылыми қызметкері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанай облысының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Ауыл шаруашылығы...