Майбалық (Байбалық) қаласы

Майбалық (Байбалық) қаласы
Келесі ескерткіш Майбалық (Байбалық) қаласы, ол Иқан елді мекенінен оңтүстік – батысқа қарай 3 км жерде орналасқан. Қаланың орталық бөлігі диаметрі 100 метрдей болып келген шеңбер түрінде, сыртын ромб бейнесіндегі рабад қоршап жатыр. Қала атауы «бай қала» дегенді білдіреді, «балх, балық, балқ» деген сөз көне түркі тілінде «қала» деген атауды білдіреді. «Балх» деген қала Ауғанстанның солтүстігінде ерте орта ғасырлардан белгілі, Әл – Бируни «Джейхун (Әмудария) бір кездері шөл арқылы ағып, Балхан қаласы түбінен бұрылып Хазар (Каспий) теңізіне құйып жатыр» деп жазады. Қаланың Майбалық (Байбалх) аталуы VI ғ. Түркі Қағанаты тұсында болған сияқты, себебі, екі түбірден – Май( бай) анықтауышы мен балық (балх) – зат есімінен құралған бұл атау көне түркі сөзі екендігінде дау жоқ.
Махмут Қашқаридің жазуынша да «балық» қала деген мағына береді, ол ұйғырлардың қол астында ірі–ірі бес қала барлығын, оларды бір атаумен «Бесбалық» деп атайды деп жазады.
Қала алғашында б.з.д. II – I ғғ. Ұлы жібек жолының бойына арнайы салынған бекініс (форпост) түрінде қалыптасып IV ғ. өзінің гүлдену кезеңіне аяқ басқан. Бұл тұста оның көлемі барынша ұлғайып, рабадымен қосқанда 2 – 3 гектарға жетеді, ол заманда көлемі мұндай қалалар орташа көлемдегі қалалар есебіне кірді.
Топонимист ғалым Сүйін Қараев «Байт, баст» деген сөз көне түркі тілінде – бай (богатый) дегенді білдіреді дейді. Ал, «май» сөзі көне түркі тілінде тек майды (жир) ғана емес жер бетіне шығып жатқан мұнайды да білдіреді. Көне түркілерде «май» – «қасиетті», «жарылқаушы пана, қорғаушы» деген де мағына береді, негізінен балаларды қорғаушы құдай – ана есебінде. Мысалы; алтайлықтар – май, эне десе, орхон жазуларында – Үмей, Ұмай – жер мен судың рухын білдіруші ретінде аталады. Тасқа салынған суреттер мен таңбаларды да «май» деп атаған. Яғни, «Майбалық», «бай қала», «қасиетті қала», «қорғаушы (керуендерді) қала» дегенге де келеді.
 
М.Қ.Тұяқбаев, т.ғ.к, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының тарихшы-археолог.
А.Ж.Үркінбаева, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ғылыми қызметкер.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...