Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қазақстанның, сондай-ақ өз атынан барша Иран халқы мен оның басшылығына осы елдің Президенті мен Сыртқы істер министрінің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу жөніндегі ШЫҰ-ның маңызды форматтарының бірі екеніне тоқталды.
– Еліндегі ауыр жағдайға қарамастан Иранның, сондай-ақ алдағы уақытта қатарымызға қосылатын Беларусьтің өкілдері Астанадағы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне алғаш рет қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Сіздердің елдеріңіз «шанхай рухын» одан әрі күшейтуге және ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде біздің ұйымға Еуразия құрлығындағы он мемлекет мүше. Бұл елдерде жер шары халқының жартысына жуығы тұрады, сондай-ақ әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі және жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы осы мемлекеттерге тиесілі. Қазақстан ШЫҰ-ның төрағасы ретінде Ұйымның әлеуетін одан әрі арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамаларын қолдағаны және бірлескен табысты жұмысы үшін ұйымға мүше мемлекеттерге алғыс айтты. Президенттің айтуынша, ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық салалар бойынша ұйымдастырылған форумдарын қоса алғанда,100-ден астам іс-шара өткен.
– Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің «Киелі орындары» жобасы аясында жүргізілген жұмыстар аяқталып келеді. Біздің бастамамызбен 2024 жыл ШЫҰ-да Экология жылы болып жарияланды. Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік және мәдениет салаларында қосымша бірқатар айтулы шараға дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Әрине, ШЫҰ-ның алдағы Астана саммитіне баса назар аударамыз. Елдеріміз үшін маңызды осы Форумға толыққанды дайындық жүргізу мақсатында Сыртқы істер министрлері кеңесіне зор жауапкершілік жүктеледі. Маңызды құжаттар тізімін және шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осындай 20-дан астам құжат мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылды. Олардың тиімді іске асырылуы ШЫҰ аясындағы жан-жақты серіктестіктің нығаюына елеулі үлес қосарына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жаһандық стратегиялық тұрақсыздық жағдайында кешенді тәсілдерді қолданудың, барлық тараптың мүддесін ескерудің және үнемі мәмілеге келу жолдарын іздеудің маңызы артып келеді. Мемлекет басшысы бүкіл адамзат үшін бейбіт және үйлесімді даму мұраттары мен құндылықтарын ұжым болып ілгерілететін уақыт келді деп санайды.
– Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын әзірлеуді ұсынды. Осы құжаттың, сондай-ақ алдағы саммит барысында ШЫҰ-ның Астана декларациясының қабылдануы, біздің көзқарасымыз бойынша, әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге ықпал етеді. ШЫҰ-ны одан әрі реформалау ісіне ерекше мән беру қажет. Осы Ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді дайындауға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуы маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ны ынтымақтастықтың тиімді және көпжақты тетігіне айналдыру жөнінде теңгерімді ұсыныс жасады. Алдағы уақытта да осы бастамалар қолдау табады деп үміттенеміз, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның ортақ сын-қатер мен қауіптерді еңсеру ісіндегі әлеуетін арттыру жұмыстары дер кезінде қолға алынып отырғанын атап өтті. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «үш зұлым күшке» қарсы күрес Ұйым ынтымақтастығының тұрақты назарында болуға тиіс деп санайды.
– Қазақстан осы бағыттағы ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам саналады. Өз кезегінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы бойынша жұмыстың аяқталуы, терроризмді қаржыландыру арналарын бұғаттауды қоса алғанда, есірткі қаупіне қарсы күресу үшін өзара қабылданып жатқан шараларды күшейте түседі. Осы жетістіктердің барлығы – Ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісілген және нақты шаралардың айқын дәлелі. Бұл халықаралық қатынастардың жаһандық архитектурасындағы ұстанымды нығайту, ШЫҰ-ның әлемдегі беделі мен рөлін арттыру тұрғысынан да маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент киберқауіпсіздік мәселелерін көтерді. Оның пікірінше, бұл жұмыста киберқауіптерді ерте анықтауға және ШЫҰ елдерінің ақпараттық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеуге баса мән берілуі керек.
– Ауғанстандағы жағдай жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл елде гуманитарлық дағдарыстың алдын алу және ұзақмерзімді тұрақтылыққа жағдай жасау үшін күш біріктіру жұмыстарын жалғастырған жөн. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау – өте өзекті. Біз климаттың өзгеруі мәселесіне айрықша назар аударуымыз қажет. Алдын алу шараларын шұғыл қабылдамасақ, бұл мәселе планетамыздағы жаһандық табиғат апаттарын асқындырып жіберуі мүмкін. Ауа райының аса құбылмалы болуы әлемдегі басты проблемалардың біріне айналып келеді. Осыған байланысты ШЫҰ табиғат апаттарымен күресу ісіндегі тәсілдерін жаңартуы қажет. Биыл көктемде біздің еліміз климат өзгерістерінің кері әсерін анық сезінді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы алапат су тасқыны кезінде тілеулестік танытып, көмек көрсеткені үшін сіздердің елдеріңізге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл қолдауды жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген атаумен өтетінін жеткізді.
– Шанхай ұйымының негізгі мақсаттарының бірі – аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Мұны аталған күн тәртібі анық көрсетеді. Осы орайда Сыртқы істер министрлері кеңесіне үлкен үміт артылады. Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астанадағы отырысын табысты өткізуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Президент ШЫҰ-ның Астана саммиті қарсаңында белсенді жұмыс атқарғаны үшін сыртқы саясат ведомстволарының басшыларына алғыс айтты.
– Бұл саммит әлемдік архитектоникада өте маңызды орын алатын ортақ ұйымымыздың тарихына жаңа парақ болып енеді деп үміттенеміз. Шын мәнінде, Шанхай ынтымақтастық ұйымына бүкіл әлем көз тігіп отыр. Біздің қызметімізге басқа державалар қызығушылық танытады. Ұйымға қатысты көптеген сұрақ қойылады. Мен 1996 жылы сәуірде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын құруға қатыстым. Ол кезде бұл ұйым Шанхай бестігі деп аталды. Сол уақыттан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымының рухы қалыптасты. Біз Азиядағы, Еуразия құрлығындағы, жалпы әлемдегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтау жолындағы ықпалдастығымыздың негізгі қағидаттарын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Бұл – өте дұрыс қадам, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуге Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И, Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дар, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Алейник, Үндістанның Сыртқы істер вице-министрі Рави Дамму, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Мехди Сафари, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев қатысты.