Ортағасырлық Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасы

Ортағасырлық Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасы
«Мәдени мұра» бағдарламасының 2004-2006, 2009-2012жж. кезеңдерінде Ескі Түркістан және Сауран қаласының бірқатар тарихи орындары қайта қалпына келтірілді. Соның бірі Сауран қаласының солтүстік-шығыс қақпасының археологиялық зерттелуі мен қалпына келтірілуі. Бұл жұмыстар «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығының археологиялық экспедициясы (археолог М.Тұяқбаев) жетекшілігімен жүргізілді.
Негізінен Көне Сығанақ қаласына қарай бағыт алатын жолмен байланысқан бұл қақпа қаланың бас қақпасы рөлін атқарған. Қақпа өте күрделі құрылыс, ол үш кезеңнен тұрады. Алғашқы құрылыс жұмысы Ақ Орданың ханы Сасы Бұғаның тұсында басталып, Ерзен хан тұсында (1320-1345жж.) жалғасқан қала қорғаны мен қақпаларын салу кезеңі деп есептеледі. Бұл кезде (ХІVғ.) қала қорған қамалмен қоршалғанына Сауранды 1388 жылы Тоқтамыстың ұзақ уақыт қоршаса да ала алмағаны және қақпа алдындағы ордың түбінен Әмір-Темірдің Самарқанда 1383 жылы соқтырған мыс тиыны - фулстың табылуы куә.
Бұл тұстағы қала қақпасы қазіргідей тым үлкен және күрделі болмаған. Сонымен бірге, оның биіктігі де 12-13 метрден аспаған. Ал қала қорғанының тістері өте үлкен (1,5-1,5м) және қазіргі қорғаннан екі метр төмен болғандығына қаланың оңтүстік бетіндегі олардың әлі күнге дейін сақталған бөліктері дәлел бола алады.
1427 жылы көшпелі өзбектер ханы Барақтың Сауранды және т.б қалаларды қиратуынан соң, қала қақпасы күшейтілген. Бұл тұста қақпа мұнараларының ор ішіндегі іргесі бес метр биіктікке дейін күйген қышпен қапталады. Солтүстік мұнара іргесі 17 метрлік, ал оңтүстік мұнара іргесі 11 метрлік күйген қыштан қалыңдығы екі қатарлық қыш қабырғамен қапталады. Қақпа алдындағы көтерме көпірге тіреуіш ретінде биіктігі 4 м тік төрт бұрышты құрылыс салынады. Ордың жағасынан ортасына қарай 5 метрге дейін еніп тұратын трапеция сияқты екінші құрылыс тұрғызылып, онымен ортадағы тіреуішті жалғастыратын тұрақты көпір орнатылады. Көпірдің ұзындығы 4,5м, ені-3 метрден кем болмаған. Көпір ХVІ ғасырдан жоңғарлар шабуыл жасаған 1725 жылға дейін қызмет атқарған.
 
Т.Өсеров - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының ескерткіштерді қорғау бөлімінің қызметкері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...