Тамыры терең ұлттық өнеріміз — қазақ биінің мәртебесін көтеру, өнерсүйер дарынды жастар мен хореографтарға қолдау көрсету және би өнерін насихаттау мақсатында бүгін Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Сырлы би толқыны» бишілер байқауы өтті, деп хабарлайды no-comment.kz ақпарат агенттігі.
Аталған байқау «Түркістан - Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы» мәртебесі аясында осымен 17-рет дәстүрлі түрде түндігін түрді.
Байқау барысында бишілердің құрамы 16 адамнан аспайтын және жеке бишілер, 7 жас пен 21 жас аралығында үміткерлер бақ сынады. Олар екі топта өз өнерлерін паш етті. 7-14 жас-кіші топ және 15-21 жас-үлкен топ. Жалпы қатысушы топ саны - 13-ті құрады. Үміткерлер ережеге сәйкес 2 кезеңде өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде қазақ халқының биін ұсынса, келесі кезеңде халық биі яғни еркін тақырыпта кез-келген ұлттың бір биін шеберлікпен орындап шықты.
«Сырлы би толқыны» бишілер байқауының әділ-қазылар құрамында Мұстафаева Ұлжан Әбенқызы - ҚР Ерен еңбегі медальінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласы, Түркия мемлекетінің құрметті азаматы, ҚР Оқу ісінің үздігі, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, алқа құрамын толықтырған Халикбердиева Угулжан Якуповна - Музыка әдістемесінің доценті, облыстық Ассамблея, Аналар алқасының мүшесі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, зейнеткер ұстаз, сондай-ақ, Ерсұлтанова Жангул Тилеукабуловна - Р. Сейтметов атындағы сазды-драма театрының балетмейстері болды. Алқа құрамы құттықтау сөз алып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал, шараның құрметті қонағы Мәслихат экс депутаты, Ана мен баланың құқығын қорғау жолында көптеген жұмыстар атқарған, "Күміс күлкі" мектеп-балабақшасының құрылтайшысы, Таскүл Махмұдқызы сөз алып, жас өрендердің шығармашылығына табыс тіледі.
Би додасы жеңімпаздарын анықтау барысында өнерпаздардың сахна мәдениетіне, би икемділігіне, костюмдеріне мән берілді. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар анықталды. Үлкен топ бойынша Бас жүлдені "Хас санат" бишілер тобы еншілесе, І орын "Шабыт" би тобына берілді. Ал, жүлделі ІІ орынға "Табассум" тұрақтаса, ІІІ орынға "Сырғалым" би тобы лайық деп танылды.
Ал кіші топ бойынша Бас жүлдені "Алтынай" би тобы жеңіп алды. І орынды "Күміс күлкі" би тобы алса, жүлделі қос бірдей ІІ орынға "Сымбат" және "Жұлдызшалар" топтары ие болды. Ал, үш ІІІ орынға "Балауса", "Еркеназ" , "Көркем" би топтары тұрақтады. Сондай-ақ, "Әмина" би тобы "Шара Жиенқұлова" атындағы номинацияны алса, "Бұраң бел" номинациясы "Айдай" би тобына ұсынылды.
Сахнаны сән мен салтанатқа бөлеген бишілер сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Бүгінгі байқау өскелең ұрпақтың көркемдік талғамын арттыруға үлесін қосты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар ұсынылды.