Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы әр апта сайын өткізілетін «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастады, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Экоакцияға мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, Жастар рухы белсенділері, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты.
Бүгінде аталмыш тазалық акциясы еліміздің барлық аймағында, аудан орталықтардында, елді мекендерде өтуде.
Ал Шымкентте бастау алған іс-шарада көпшілік алдымен Тұран ауданы, Құрсай елді мекені аумағын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, «Шымкент спец комплекс» ЖШС және «Тұран» КММ қызметкерлері зираттарды тазалау, шөптерді ору жұмыстарын жүргізді. Жалпы 200-ден астам адам экоакцияға белсене қатысты.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов « Партиямыз «Таза Қазақстан» акциясына жаңа екпін беруді мақсат етіп отыр. Бұл тазалық іс-шарасының тәрбиелік мәні зор. Жалпы айтқанда тазалық жұмыстарына жауапты арнайы қызметтер бар. Дегенмен қаланың, елдімекендердің тазалығы адамдардың тәрбиесіне байланысты. Коммуналдық қызмет өкілдеріне жәрдем береміз десек, тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Жүрегі, ниеті таза азаматтың айналасы да таза болады. Таза аумақта өмір сүрейік деген мақсатпен осы бастама қолға алынды. Акция одан әрі жалғасады, – деді.
Айта кетейік, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында барлық өңірлерде алдын ала елді мекендердің ластанған аумақтарының карталары жасалды. Енді әр бейсенбіде партияластар, белсенділер, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері осы аумақтарды қоқыстардан тазартуға шығады.
Сонымен бірге, әрбір ластанған аумаққа партияның бастауыш партия ұйымдары мен аудандық филиалдары бекітіледі. Олар ай сайын бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз ететін болады.
Яғни, бұл Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда, бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады.