Шымкент қаласы Әдістемелік орталығы мен «JOO High School» мектебінің ұйымдастыруымен «9,11 сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ге дайындықты ұйымдастырудың жүйелі тәсілдері» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Семинардың мақсаты: Педагогтердің ұлттық бірыңғай тестілеу бағыты бойынша білімін жетілдіріп, шыңдауға әкелетін тың жаңалықтарды қабылдау мен меңгерудің қарқынды үдерісін қалыптастыру.
Аталған іс-шараға Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.
Іс-шара барысында мектеп директоры Туребекова Құндыз «JOO High School» мектебінің ҰБТ-ға дайындық барысымен, мектептің тыныс тіршілігін таныстырып, Әдістемелік орталықтың әдіскері Кисабекова Алтынай жалпы білім беретін мектептердегі 9,11 сынып оқушыларын қорытынды атестаттаудың барысы мен ҰБТ-ге дайындық барысы және ондағы өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндамасында ҰБТ-ның маңызы мен мәнін атап өтті.
Семинар барысында мектеп қонақтарына оқушылардың жоба көрмесі таныстырылды.
Математика пәні мұғалімдері Егентаева А. «ҰБТ-да келетін күрделі логарифмдік теңсіздіктерді оңай шешудің жолдары» тақырыбында, Өмірбек Ж. «Күрделі теңсіздіктерді шешуде интервалдар әдісінің қолданылуы» тақырыбында, Махаш М. «ҰБТ-да келетін контексттік есептерді шығару жолдары» тақырыбында әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөліссе, химия пәнінің мұғалімі Әбдуәлиева С. «ҰБТ-дағы реакция шығымына байланысты есептеулерді органикалық заттардың генетикалық байланысына қолдану» тақырыбында, биология пәні мұғалімі Орынбасар А. «Дезоксорибонуклеин қышқылының құрылымы және репликациялану механизмі тақырыбын ҰБТ-ға дайындық форматында түсіндіру» тақырыбында, физика пәні мұғалімі Оразбай Б. «Механика тарауы бойынша ҰБТ-дағы тапсырмаларды тиімді шешудің әдіс-тәсілдері » тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісіп, құнды ақпараттарды мәлімдеді.
Семинар соңында мектептің кәсіптік бағдар берушісі Сапарханов Б. «ҰБТ форматындағы өзгерістерді түсіну қиын емес» тақырыбында баяндама жасаса, информатика пәні мұғалімі Туренов Н. «Жасанды интелектті білім беру бағдарламасында қолдану» тақырыбында мұғалімдерге тың жаңа ақпараттармен бөлісті.
Семинар жоғары деңгейде өткізілді, қатысушылар іс-шараға белсене қатысып, педагогтерден кері байланыс алды.