Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебі, «Экология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Оңтүстік Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жасыл технологиялардың дамуы» атты экологиялық форум өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Форумға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің директоры Е. Козыбаев, «Сырдария-Түркістан мемлекеттік аймақтық табиғи паркінің» директоры Б.Қырықбаев және осы мекеменің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты.
«Химиялық инженерия және биотехнология» ЖМ деканы, т.ғ.к., доцент М.Айтуреев «5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» қарсаңында ұйымдастырылған форумның маңыздылғына тоқталды. Жиында өңірдің экологиясын жақсарту, жер асты суларын тазартудың жаңаша әдістері және табиғатта сирек кездесетін жанурларды қорғау мәселелері қозғалды.
«Сырдария-Түркістан мемлекеттік аймақтық табиғи паркінің» КММ-нің ғылыми қызметкері Ғ.Назарбек «Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді малдан қорғау үшін заңсыз пайдаланылатын траншеялардағы жануарлардың жаппай қырылу проблемасы»; «Экология» кафедрасының профессоры Г.Изтлеуов «Түркістан аймағының жер асты суларын тазарту мәселесі»; аға оқытушы Н.Жорабаева «Озеленение как фактор улучшения экологической обстановки города» тақырыбында баяндама оқыды.
Ал кафедраның ХТ21-4а студенттері – Ж.Шыңғысхан, А.Сейтхан «Қоладанылған батареяларды қайта өңдеу» және М.Жұмабаев атындағы №39 мектептің 7 сынып оқушысы А.Зиябек «Қағаз қалдықтарын пайдаланып, экоқалташан жасау» тақырыбындағы ізденістерімен бөлісті.