Қазақстандық боксшылардан әр Олимпиада сайын алтын медаль күту дәстүрге айналған. Алдағы Париж ойындарында да халық негізінен боксшыларға басты үмітті артып отыр, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ең жеңіл салмақта Сәкен Бибосынов ел намысын қорғайды. Ол Токио Олимпиадасының жартылай финалында британдық Галал Яфайдан жеңіліп, қола жүлдегер атанған болатын. Төрешілер 3:2 есебімен жеңісті қарсыласқа берді.
Күншығыс елінде Бибосынов жақсы қырынан көрінді: өз әлеуетін байқатып, тамаша техникасымен тәнті қылды. Ол бүгінге дейін өз биігінен түспей, 51 келідегі Олимпиаданың басты фавориттері қатарында.
Оның басты қарсыластары да қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Әсіресе, өзбекстандық Хасанбай Досматов әккі қарсылас саналады. Ол 2016 жылы чемпион атанған соң, өзінің екінші алтынын алудан үмітті.
Досматов қазіргі әлем чемпионы, ол 2023 жылы өз елінде өткен әлемдік сында топ жарды. Сол бәсекеде Бибосынов үндістандық Дипактан жеңіліп, ұзаққа бара алмады.
Есесіне, 2021 жылғы әлем біріншілігінде Сәкен Хасанбайды да, Дипакты жарыс жолынан шығарып, чемпион атанған. Соңғы Азия ойындарында Досматов есе қайтарып, 1/8 айналымда Бибосыновтан басым түсті.
Олимпиада қожайыны Біләл Беннама да үздіктер қатарында. Ол 2019 және 2021 жылғы әлем чемпионаттарының қола жүлдегері.
Біләл мен Сәкен 2020 жылғы Олимпиада ойындарында кездесіп, Бибосынов еш қиындықсыз жеңіске жеткен. Төрешілер 5:0 есебімен жеңісті біздің жігітке берді.
Мамандар арасында Роск Хиллден жақсы бокс күтетіндар бар. Америкалық боксшы Олимпиада лицензиясын Таиландтағы ең соңғы әлемдік турнирде иеленді. Десе де, ол көпшілікке тосын сый жасауы мүмкін. Сәкен Бибосынов америкалық боксшыны 2021 жылғы әлем чемпионатының финалында ұтқан.
Хилл Олимпиада жолдамасын Италиядағы іріктеу турнирінде де иеленуі мүмкін ежі. Алайда, оның көпшілікке беймәлім тағы бір боксшы, әзербайжандық Нижат Гусейнов тоқтатты. Ол бұрын 54 келіде жұдырықтасып, енді Бибосынов дивизионына ауысқан. Жас боксшы Әзербайжан құрамасының үздігі саналады және оған көпшілік үлкен үміт артып отыр. Парижде ол қарсыластарына бірталай қиындық тудыратыны анық.
Үндістандық Амит Пангалды да қатардан шығаруға болмайды. Ол біздің боксшымен талай кездесіп, 2019 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында төрешілер шешімімен ұтып кеткен еді. Кейін Амит 2021 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалында Сәкенді жеңіп кетті.
Таиландтық Титисан Панмодтың мықтылығын да ұмытпау керек. Ол Ханчжоудағы Азия ойындарында финалға дейін жетіп, Хасанбай Досматовқа қана жол берді.
Шыны керек, Олимпиадада кез-келген боксшының жұлдызы жануы мүмкін. Джуниор Алькантара (Доминикан), Майкл Триндаде (Бразилия), Юсуф Чотия (Австралия) немесе биылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Самет Гюмюш бар.
Бибосыновтың қолынан бәрі келеді. Бастысы – Олимпиадаға бабында барып, жақсы бокс көрсету.