Шымкентте жастар арасындағы «Заң мен тәртіпке қосқан менің үлесім!» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес байқауы өтті. Арбат демалыс аймағында өткен іс-шараға 10-21 жас аралығындағы 150 қатысушы қатысты. Байқауқауға қатысушылар арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды.
Іс шара Шымкент қаласы әкімдігімен және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен ұйымдастырылды. Байқауға қатысушы жастардың санына шектеу қойылмаған және 3 топтық жас ерекшелігімен өтті.
- Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің шығармасының тақырыптарының ашылуына, түстер үйлесіміне, композициясына баса назар аударды. Іс шараның мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және жастардың бойында адалдықты насихаттау. Өнерлі ұрпақтың талантын тиімді пайдаланып, білім жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралардың нығайтылуына ықпал ету, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Жандос Бекасанов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсылығын қылқалам мен кенептің көмегімен білдіргісі келген жастардың қиялына шектеу болмады. Қатысушының әрқайсысы бар өнерін ортаға салды. Кейбірінің салған туындысы кәсіби суретшінің шығармасынан кем түспейді.
Қылқаламмен сурет салу үшін молберт пен қағаз, акварель гуаш бояу ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылды. Байқаудың жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар белріліп, дипломмен марапатталды.