Түркістанда «Шығыс базары» симпозиумының пленарлық отырысы өтті

Түркістанда «Шығыс базары» симпозиумының пленарлық отырысы өтті
Бүгін Түркістанда «Шығыс базары» түркі халықтарының қолөнер шеберлері симпозиумының пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
«Фараб» кітапханасында қатысушылар іс-тәжірибе алмасты. Жиынды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков жүргізіп отырды.
– Киелі Түркістан өңіріне қош келдіңіздер!Түркістан төрінде түндігін түрген бүгінгі шараның Түркі елдеріне ортақ құндылықтарды дәріптеуге, бауырлас ел ретіндегі барлық саладағы байланысымызды нығайтуға, өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор деп есептеймін! – деді Әділ Нұржанұлы.
Жиын барысында облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов «Ұлттық қолөнер – өңірдің туризмін дамытудың негізгі факторы» тақырыбында баяндама жасады. Түркістанның туристік әлеуетін таныстырды.
Өзбекстан Суретшілер академиясының мүшесі, «Хунарманд» ассоциациясының мүшесі, керамика өнерінің Халық шебері Алишер Назиров, суретші, қолөнер шебері, Қырғызстан Суретшілер одағының және қолөнер шеберлері бірлестігінің мүшесі Асан Райымкулов, Тәжікстанның белгілі қолөнер шебері, суретшісі, склуптуры Бустон Турсунов , Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Евразия дизайнерлер одағының мүшесі, қолөнер шебері Табиғат Қожанбаев, Қазақстан Суретшілер одағының және Қолөнершілер одағының мүшесі Абайхан Рысбаев баяндама жасап, өз өңіріндегі қолөнер саласына кеңірек тоқталды.
Қатысушылар түрлі сұрақ қойып, пікір алмасты. Түркі жұртына ортақ рухани сабақтастықтың жалғасы ретінде бастау алған шара аясында шеберлік сағаттары көрсетілді. Этноауыл аумағында арнайы көрме жасақталып, көпшілік назарына ұсынылды. Бауырластық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.
Айта кетейік, симпозиум мақсаты – Түркі халықтарының ұлттық қолөнерін дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын түркі халықтары арасында кеңінен насихаттау, атадан мұра болып келе жатқан қолөнерді жастарға үйрету, іс-тәжірибе алмасу, шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, сонымен қатар түркі мемлекеттері арасында мәдени байланысты нығайту және туризмді дамытуға ықпал ету.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ