Шымкенттік клубты не күтіп тұр?

Шымкенттік клубты не күтіп тұр?

​Осыдан бір ай бұрын шымкенттік «Ордабасы» футбол клубының президенті ауысқан болатын. Клуб тізгінін Асхат Сейсембек ұстаған-тын. Былтыр ел чемпионы атанып, биыл УЕФА чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын шымкенттік клубты не күтіп тұр? Жаңа басшы командаға жаңа леп әкеле ала ма? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.
​Ел чемпионаты мен еурокубокте қатар өнер көрсету «Ордабасыға» ауыр тиетін сияқты. Шымкенттік клуб биыл қалай да еурокубоктік турнирлердің бірінің топтық кезеңіне шығуды көздейді. Мұндайда ел чемпионаты мәселесі «екінші сатыға» сырғуы мүмкін. Алғашқы 11 турдан кейін шымкенттік клуб турнирлік кестеде көш бастады. Екінші орында келе жатқан «Ақтөбемен» ұпай саны тең. Ақтөбелік ұжым да биыл УЕФА Конференция лигасында өнер көрсетеді. Олар да еурокубоктік доданың топтық турниріне шығуды мақсат етіп отыр. Осы жағдайларды ескерсек, «Ордабасы» мен «Ақтөбенің» жағдайы бірдей.
​УЕФА чемпиондар лигасының алғашқы кезеңінің жеребесі де тартылып қойды. Шымкенттік клубқа молдовалық «Петрокуб» қарсылас атанбақ. Молдованың Хынчешты қаласының намысын қорғайтын клуб былтыр өз тарихында алғаш рет ел чемпионы атанған-тын. «Петрокуб» бұған дейін 3 рет УЕФА Еуропа лигасында бақ сынаған. Алайда, алғашқы айналымнан әрі аса алмапты. Былтыр Конференция лигасында сынға түсіп, бірінші кезеңді артқа тастағанымен, екінші айналымда жарысты аяқтаған.
​«Ордабасыға» қарсылас болуы мүмкін клубтардың арасында «Петрокубтен» бөлек румыниялық «Стяуа», словениялық «Лудогорец», армениялық «Пюник» бар еді. Салыстырмалы түрде шымкенттік клубтың жолы болды. «Стяуа», «Лудогорец» секілді командалар еурокубоктік додаларда топтық кезеңге шығып үйренген клубтар. Жеребе жолдас болып, еуро-додада аса тәжірибесі жоқ «Петрокуб» түсіп отыр. Алайда, молдовалық клубты «қалпақпен ұрып аламыз» деу де қате болады. Олар да өз елінің чемпиондары. Осыдан 2-3 жыл алдыңғы Молдова чемпиондары «Шерифтің» Еуропаны қалай шулатқанын білеміз. Атақты Мадридтің «Реалын» сырт алаңда жеңіп кеткенін ұмыта қойған жоқпыз.
​Қалай десек те шілде айы «Ордабасыға» оңай тимейін деп тұр. Чемпионаттағы бірінші орынды бермеу, еурокубокте мейлінше алысқа шабу секілді мәселелер күтіп тұр. Шымкенттік клуб биыл жақсы күшейді. Құрамға жоғары деңгейлі ойыншылар қосылды. Жоғарыда атап өткен мәселелерді шешуде олардың әлеуеті жетеді.

NO-COMMENT ақпарат

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2024 жылдың басынан бері санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерімен мүгедектігі бар 79,7 мың адам немесе мұқтаж адамдардың 63% қамтылды. Оның ішінде 5 мыңнан...