«Үздік түлек-2024»: Әуезов университетінің үздік түлектеріне диплом табысталды

«Үздік түлек-2024»: Әуезов университетінің үздік түлектеріне диплом табысталды
Бүгін – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлектері үшін мерейлі мереке. Төрт жыл білім мен ғылым нәрімен сусындаған бітіруші түлектер қолға диплом алып, үлкен өмірге қадам басты. «Үздік түлек-2024» атауымен бітіруші түлектерге арналған кеш салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Алғаш болып сөз алған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор м.а. Нұрманбетов Қайрат Еңбекшіұлы түлектерге ақжарма тілегін жеткізді.
– Университетімізде 28500 білім алушы бар. Биылғы жылы 3 деңгейлі білім беру сатысы бойынша 8528 білім алушы оқу ордасын тәмамдап, жас маман атануда. Түлектердің 2438-і мемлекеттік білім гранты негізінде білім алды. Сонымен қатар қатарластарынан оқ бойы озып, ғылым мен білім биігінен көрініп, жоғары баллдық көрсеткішпен оқыған 433 түлек «Үздік диплом» иегері атанып отыр. Үздік атану оңай емес. Ол үлкен ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Сіздер университетіміз бен ата-аналарыңыз сенім артқан үдеден шығып, жаңа өмірге қадам бастыңыздар. Қадамдарыңыз нық болып, ел игілігіне адал қызмет ете беріңіздер, - деп жүрекжарды тілегін ақтарған Қайрат Еңбекшіұлы үздіктерге диплом табыстады.
Сонымен қатар білім биігінен көрінген үздіктерге «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» мекемесінің директоры, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Біржан Жақыпов, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева, Шымкент қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Үсіпбеков Болат Төлеханұлы, «Береке банк» АҚ Шымкент филиалының директоры Утемисов Марат Бортаевич, Түркістан облыстық Білім басқармасының
«Мәдени» жалпы білім беретін мектебі» КММ-нің директоры Стамқұлов Серік Әбдіртайұлы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Шымкент қалалық филиалының директоры, белгілі журналист, Президент грантының иегері, «Халық алғысы» және «Ақпарат саласының үздігі» медальдарының иегері Саламат Болатұлы Омаш, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Раева Аянай Мұхитқызы секілді республикаға және өңірімізге белгілі тұлғалар мен азаматтар түлектерге диплом табыстап, тілектерін жолдады.
Салтанатты шара соңы эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Елімізге белгілі Жолдасбек Әбдіханов пен Қайрат Түнтеков сынды өнер иелері әннен шашу шашты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ