Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов елімізде қолданыстағы жол инфрақұрылымы бар су өткізу құрылыстарының болуы туралы өзекті мәселені көтерді. Бұл мәселе әсіресе биылғы көктемде ушығып кеткені атап өтілді, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
«Су тасқыны кезеңі қолданыстағы жолдарда міндетті түрде су өткізу құрылыстарының болу қажеттігін көрсетті. Қаншама жолдар шайылып кетті. Жиналған суды өткізіп жіберетін құбырлар салынғанда, жолдардың көпшілігін сақтап қалуға болатын еді. Осыған байланысты Көлік министрлігі қолданыстағы инфрақұрылымды қайта қарауға тиіс. Сондай-ақ жергілікті гидрогеологиялық жағдайды, жаңа технологияларды енгізуді және жобалық шешімдерді цифландыруды ескере отырып, жаңа жол-құрылыстарын жобалау кезінде нормативтерді жаңарту қажет», — деп тапсырды Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңда жол құрылысында ЕРСМ – Engineering Procurement and Construction Managemen (жобалау, инжиниринг, жеткізу және құрылысты басқару) қағидаты бойынша «басынан аяғына дейін» енгізу тәсілі көзделгенін атап өтті. Енді оны іске асырудың нақты тетіктері қажет.
Бұдан басқа, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы жобасының тәжірибесін ескере отырып, бюджеттік жобаларды іске асыруды жүзеге асыру тетігін шұғыл түрде әзірлеу және бекіту тапсырылды.