ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаев аталған салада қолға алынған жобалар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, елімізде биыл 12 мың шақырым жолды жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. Сонымен қатар құрылысы ұзаққа созылған бірнеше ірі жобаларды аяқтау тапсырылды.
Бүгінгі күні жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады.
Қазіргі таңда республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 92%, ал жергілікті желінің көрсеткіші 87%-ды құрап отыр. Аталған көрсеткіштер жыл соңына дейін тиісінше 93% және 89%-ға жеткізілетін болады.
«Биыл жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желіге тиесілі», — деді көлік министрі Марат Қарабаев.
Жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады. Жоспарға сәйкес 1 955 шақырымды құрайтын 4 автожол жобаларында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, олардың 1 866 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысы ашылды.
Жобаларды іске асыруға 35 асфальтбетон зауыты, 1 656 бірлік техника және 3,3 мың жұмысшы жұмылдырылған.
Сондай-ақ министр жобалардың әрқайсысына жеке тоқталып өтті.
Бірінші, ұзындығы 879 шақырым «Қарағанды – Алматы» жолының 400 шақырымында асфальт төсеу толықтай аяқталды, қалған учаскелерінде жұмыстар жалғасуда. Аталған жобаға 1 мыңнан астам жол техникасы және 2 мыңға жуық жұмысшы тартылған.
Шілде айында аталған жолдың 83 шақырымы уақытынан бұрын пайдалануға берілетін болады.
Екінші, Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 768 шақырым «Талдықорған – Өскемен» автожолының 751 шақырымында асфальттың төменгі қабаты төселген болса, үстіңгі қабаттың 391 шақырымы төселген. Учаскеде 700-ден астам жол техникасы, 1 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған.
Шілде айында Жетісу облысында ұзындығы 91 шақырым болатын 2 учаске пайдануға беріледі.
Жоба бойынша жұмыстардың қалған көлемі Абай облысы Аягөз қаласының айналмалы жолында жүргізілуде.
Жалпы жыл соңына дейін жұмыстардың барлығы аяқталып, тапсырылатын болады.
Сонымен қатар еліміздің батысында ұзындығы 368 шақырым болатын «Атырау – Астрахань» және «Ақтөбе – Қандыағаш» жобалары іске асырылуда. Бүгінгі күні 60 шақырымы пайдалануға берілді, 102 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды, 206 шақырымында асфальттың төменгі қабаты төселуде. Жобаға 450 жол техникасы және 600 адам жұмылдырылған. Жалпы осы жылдың соңына дейін бұл нысандар толығымен іске қосылатын болады.
Көлік министрі аталған жобаларды іске асыру барысында 2 мәселе туындағанын атап өтті.
Олардың бірі, Қарағанды, Абай Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстарында орналасқан жобаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға 500 квота мөлшерінде жетіспеушілік байқалады.
Екінші, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстық әкімдіктерінде кейбір жер учаскелерін сатып алу рәсімі ұзаққа созылып кетті.
Оған қоса, биыл бірнеше маңызды жобаны аяқтау көзделген.
Бірінші, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі шілде айында пайдалануға беріледі. Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді.
Екінші, Алматы агломерациясы үшін транзиттік маңызы зор ұзындығы 6 шақырым Шамалған станциясындағы автомобиль жол айрығы қыркүйек айында іске қосылады.
Үшінші, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізімен байланыстыратын 262 шақырымдық Мерке-Бурылбайтал автожолы пайдалануға беріледі.
Төртінші. Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1,3 мың метрлік көпірдің құрылысын да осы жылы аяқтау жоспарланған. Жаз мезгілінде паром арқылы, қыс мезгілінде мұздың үстімен жүретін тұрғындар үшін көпірдің ашылуы қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді.
«Ол Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданды бір бірімен байланыстырады. Бұл тарихи жоба 60 жылдан бері талқыланып келе жатқан еді. Ал қазір жоба Мемлекет басшысының тиісті шешімінің арқасында іске асырылып, жыл соңына дейін елдің иелігіне тапсырылатын болады», — деді М. Қарабаев.
Бесінші. Батыс Қазақстанның шалғайындағы Бөкей Ордасы туристік аймағын дамыту мақсатында ұзындығы 245 шақырым болатын Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары да осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталатын болады.
Сонымен қатар көлік министрі бұған дейін қаражат көзі негізінен халықаралық дәліздер мен облыс орталықтарын қосатын күре жолдарға бағытталғанын, облысаралық республикалық жолдар көп жылдардан бері жөндеу жұмыстарымен қамтылмағанын айтты.
Аталған мәселені түбегейлі шешу үшін республикалық деңгейдегі 7 мың шақырымды қамтитын ауқымды жобалар қолға алынды.
Биыл Қазақстан Даму Банкінің қаражаты есебінен аталған жолдардың 2,5 мың шақырымын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Келесі жылы қалған 4,5 мың шақырымда жұмыстар жалғасатын болады.
Бұл ретте, жөндеудің жаңа тәсілін қолдана отырып, яғни жол төсемесін «ресайклинг» әдісімен бекітіп, 2 қабат асфальт жабыны салынуда. Аталған технология жоба құнын реконструкциямен салыстырғанда 7 есеге арзандатуға және 2 есе жылдам жөндеуге мүмкіндік береді.
Бұл жобалардың қатарына 20 жылдан бері жөндеу кезегін күтіп отырған «Жезқазған – Петропавл», «Шалқар – Қандыағаш», «Қарағанды – Қарқаралы», «Семей – Қайнар» және «Семей – Барнаул» сияқты ірі жобалардың кіргенін атап өткен жөн.
Басталған ірі жобалардың аяқталуына байланысты елдің транзиттік әлеуетін әрі қарай жақсарту мақсатында жаңа жобаларды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Бағдарламалық құжаттарға сәйкес 2029 жылға дейін 4,5 мың шақырым болатын 12 жобаны іске асыру көзделген.
Қазіргі уақытта жобалық құжаттар дайындалып, қаржы көздері мен оларды тарту тетіктері пысықталуда. Аталған жобалардың үшеуін биыл бастау жоспарланып отыр.
Бірінші. Жалпы ұзындығы 572 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Жезқазған» жобасы. Бұл жоба тек екі облыс орталығын қосып қоймай, солтүстіктен және шығыстан келетін жүк тасымалдарын Транскаспий халықаралық көлік бағытына тартуға септігін тігізеді. Бүгінде жобаны қаржыландыру көзі болып Халықаралық Қайта Құру және Даму (ХҚДБ) банкі айқындалды. Мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер басталды.
Екінші. Соңғы кезде пайдаланушылардың сынына көп ұшырап жүрген ұзындығы 262 шақырым «Ақтөбе – Ұлғайсын» жобасы. Осы жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытының құрамдас бөлігі болып табылады. Дәліздегі қарқындылықтың өсуіне байланысты жобада 4 жолақты автомобиль жолы салынады. Биылдың өзінде 28 шақырымында құрылыс жұмыстары басталды. Қалған учаскелерінде құжаттамалар дайындалып, қаржыландыру көзі ретінде Еуропа Қайта Құру және даму банкі анықталды. Осы айдың соңына дейін конкурстық рәсімдер басталып, жылдың соңына дейін шарттарға қол қойылатын болады.
Үшінші. Ұзындығы 102 шақырымды құрайтын Сарыағаш қаласының айналма жолы. Жаңа жол Түркістан облысының 2 ауданын қамтып, Сарыағаш, Абай, Қызыләскер және Амангелді елді мекендерінен транзиттік көліктердің айналып өтуін қамтамасыз етеді. Жобанының құжаттары дайын, ал қаржыландыру көзі ретінде Азия Даму Банкі анықталған. Негізгі құрылыс жұмыстары келесі жылы басталатын болады.
Соңғы жылдардағы жобаларды іске асыру тәжірибесін ескере отырып, мердігерлердің, жобалаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында осы жобаларда Халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен EPCM келісім-шарты және FIDIC қағидасы енгізілуде. Ондағы шарттарға сәйкес мердігер компания өзі жобалап, өзі салып 7 жылға дейін күтіп ұстайтын болады. Бұл шарттың негізгі артықшылығы – жобалаудың және құрылыс сапасының тәуекелдерін азайтады.
Жобаларға жергілікті компанияларды тарту мақсатында Көлік министрлігі мынадай тиісті ұсыныстарды әзірледі:
Бірінші, Қазақстандық компаниялардың қатысуымен құрылған консорциумдарға жеңілдіктер беру;
Екінші, Қазақстанда техникалары шоғырланған компанияларға үстемдік беру;
Үшінші, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қазақстандық лицензия болу шарты;
Төртінші, банктік кепілдемелер бергенде қазақстандық банктердің контр-кепілдіктерінің болуы.
Ол ұсыныстар Халықаралық қаржы институттарынан қолдау тауып, конкурстардың негізгі талабы ретінде бекітілуде.
«Бұл жергілікті компаниялардың әлеуетін, тәжірибесін арттырып, алдағы уақытта Халықаралық құрылыс компанияларымен бәсекелес болуға мүмкіндік береді», — деді көлік министрі.
Жол саласында ірі жобалардың іске асуы және жаңа жоғары санатты жолдардың пайда болуы тиісті көлемде жол құрылыс техникаларының болуын талап етеді.
Бүгінгі күні салада 6,8 мың бірлік техникаға қажеттілік бар, оның 5,7 мыңы жаңадан басталатын құрылыстарға қажетті техникалар.
Ал жолдарды күтіп ұстауға нормативке жеткізу үшін 1 093 бірлік техника қажет. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін Құрылыс және өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп Қазақстан Республикасының аумағында жол құрылыс техникаларын оқшауландыру жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір күрделі мәселе – жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау. Республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан, бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары жалғасатын болады.
Бүгінгі күні ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалды.
Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарлануда.
Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифі басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Осыған байланысты, күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды толық өтеу үшін қолданыстағы тарифті 20%-ға өсіру мәселесі пысықталуда. Бұл ретте, жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер қарастырылатын болады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге бағытталатын болады.
Соңғы жылдары жергілікті жолдардың жай күйін жақсартуға да аса көңіл бөлінуде. Биыл жергілікті желіге 331 млрд теңге бөлінді, оған 4 мың шақырымында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылдан бастап жергілікті жолдардың орташа жөндеуіне бөлінетін қаражаттың тиісті әдістемесі жасалып, Ұлттық экономика министрлігінің Жалпы сипаттағы трансферттері арқылы әкімдіктерге берілді. Дегенмен, қазіргі таңда жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарында қаражаттың игерілу қарқыны төмен екендігі байқалады.
Жолдарға салынып жатқан үлкен инвестицияларды ескере отырып, салынған жаңа жолдарды тиісті деңгейде сақтап қалу аса маңызды.
Мемлекетімізде 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелсе, оның 60 мыңы рұқсат етілген 25 тонна жүк тасу көлемін сақтамайды.
Бұл жолдардың бұзылуына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты карьер иелерінің салмақ параметрлерін сақтау бойынша жауапкершілігін күшейту, карьерлік самосвалдардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салуға тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді.
Аталған нормаларды қыркүйек айына дейін Мәжіліске кіргізіп, 2025 жылдың басынан бастап күшіне енгізу жоспарлануда.
Келесі жылдың аяғына дейін автокөліктің қозғалысы кезінде салмағын өлшейтін 220 стансаларын орнату жұмыстары басталды.
Өлшеу стансалары бұзушылықтарды онлайн тіркеп, айыппұлды «Сергек» бағдарламасы форматында рәсімдейтін болады.
Бұған қоса, М. Қарабаевтың айтуынша, Көлік министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесе бірқатар жұмыстар жүргізуде.
«Бұған дейін Агенттік жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, нәтижесінде 28 ұсыным жасалып, олардың баршасы орындалған болатын. Биыл бірлескен бұйрық қабылданып, жаңа талдау жүргізіле бастады», — деді көлік министрі.
Сондай-ақ Агенттік тарапынан жол жөндеу жұмыстарының конкурстары бақылауға алынды.
Автожол саласында жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында келесі шаралар қабылдануда:
- Орындалған жұмыстарды қабылдауды электронды форматқа көшіру платформасы әзірленуде;
- Сапа орталығын бір көзден қаржыландырып, барлық жол жұмыстарына тәуелсіз сараптама жүргізу мүмкіндігі қарастырылуда;
- Жолдың кепілдік мерзімінде пайда болған ақауларға мердігерден басқа, жобалау институты мен техникалық қадағалаудың жауапкершілігі заңды түрде бекітілді;
- Барлық жолға орташа жөндеу жұмыстары жобаларына сараптама өткізу талабы заң жүзінде бекітілді;
- «Халықтық бақылау» жобасы шеңберінде учаскелерді қабылдауға қоғам белсенділері, блогерлер және қоғамдық емес ұйымдардың өкілдері тартылуда.
Жол саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда, олар:
- жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін көлік құралының орташа қозғалыс жылдамдығы енгізілді;
- ақылы жолдар бойынша берешегі бар көліктерді, қарызды өндіріп алу үшін тіркеуден бас тарту. Бұған қоса, берешегі бар шетелдік көліктерді айыппұл тұрағына қамау мен елден шығармау тетегі пысықталды;
- ауыр жүк көліктеріне шамадан тыс жүк тиегені үшін автоматтандырылған жүйе арқылы айыппұл салу мәселесі шешімін тапты;
- ақылы жолдармен жүру ақысын уақытылы төлемегені үшін айыппұлдарды автоматтандыру процесі пысықталуда;
- жобаларды уақытылы бастауды қамтамасыз ету үшін карьерлерді рәсімдеу тәртібін жеңілдету қарастырылуда.
«Аталған заңнамалық өзгерістерді жедел енгізу еліміздегі жолдардың жай-күйін жақсарту, сапасын арттыру және пайдалану мерзімін ұзарту мәселесін шешетін болады. Жалпы, Көлік министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жол саласындағы жобаларды уақытылы және жоғары сапамен іске асыруға тиісті шаралар қабылдайтын болады», — деп түйіндеді сөзін М. Қарабаев.