Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына ресми шығарып салу рәсімі өтті. Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми іс-шарада ведомство басшысы Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Министр бұл оқиғаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Алдарыңызда Париж Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл – сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!», - деді министр.
Қазақстан құрамасының спортшылары биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 26 шілдеде Парижде Сена өзенінде өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.